Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы заман талабына сай екендігін тағы бір мәрте дәлелдеп, танымал AI crochet style форматында дайындалған ерекше бейнеролик ұсынды.
Бұл стильде бейне көріністер түрлі-түсті жіптен тоқылған анимацияға ұқсас формада беріледі.
Бейнероликте ұландықтардың қызметтік-жауынгерлік дайындық бағыттары кәдімгі тоқылған визуалды тәсіл арқылы көрсетілген. Атап айтсақ, Құрмет қарауылы ротасының саптық машығы, патрульдік қызметтің күнделікті жұмысы, арнайы мақсаттағы бөлімшелердің жаттығулары, сондай-ақ Ұлттық ұлан авиациясының қызметі бейнеленген.
Заманауи нейростильді қолдану сарбаздардың әскери қызметінің күнделікті қырын жаңа форматта ашуға мүмкіндік берді. Бұл бейне әскери қызметшілердің кәсібилігі мен тәртібін жастарға жақын және түсінікті визуалды тілде көрсетеді.
Қазіргі уақытта әлеуметтік желі қолданушылары crochet немесе knitted стилінде контент жасап, қалалар, табиғат пен Қазақстанның сұлулығын ерекше форматта көрсетіп жүр. Біз де осы трендті қолдап, Ұлттық ұланның тек қуат пен тәртіпті дәріптеп қана қоймай, сонымен бірге шығармашылық көзқараспен заманауи технологияларды тез меңгере алатынын жеткізгіміз келді, – деп атап өтті Ұлттық ұланның баспасөз қызметі.
Бұл жобадағы әскери қызмет дәстүрлері мен цифрлық визуалды трендтердің ұштасуы ұландық сарбаздардың бейнесін жаңа қырынан көрсетудің тиімді әрі әсерлі үлгісі бола алды.