Астанада Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған әскери-патриоттық ән байқауы аяқталды, деп хабарлайды DKNews.kz.

«Жас сарбаз – Жеңіс рухының жалғасы» жобасы аясында өткен қалалық біріншіліктің финалына жеті өнерлі жас жолдама алды.

Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толуына арналған бұл іс-шараны Астана қаласы әкімдігінің Білім және жастар саясаты мәселелері басқармаларының қолдауымен «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының қалалық филиалы ұйымдастырып отыр.

Әскери-патриоттық ән байқауының қорытынды кезеңі Мұқағали Мақатаев атындағы № 74 мектеп-гимназиясында өтті. Іс-шараға Астана қаласы әкімдігіне қарасты «Өркен» балалар мен жасөспірімдердің дене тәрбиесі орталығының басшысы Ғинаят Хамитұлы, республикалық «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының төрағасы майор Мейірбек Меңдіғалиев, әскери қызметшілер және № 71 мектеп-лицейінің тәрбиеленушілері қатысты.

– Бұл байқау арқылы біз ата-бабаларымыздың ерлік дәстүрлеріне тағзым етеміз. Жас сарбаздар – сол мұраның жалғастырушылары. Ал Отан – әннен, арманнан, істерден басталады. Осы іс-шара арқылы жас ұрпақтың жүрегінде патриотизм отын жағуға тырыстық, – деді республикалық «Жас сарбаз» қозғалысының жетекшісі.

Финалға шыққан қатысушылар өз өнерлерін паш етіп, қазылар алқасы мен көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Олардың қатарында № 30 мектеп-гимназиясынан Саян Үшкемпір, № 87 мектеп-гимназиясынан Шұғыла Ермекова, № 85 мектеп-лицейінен Камила Ислам, № 69 мектеп-гимназиясынан Әбілмансұр Манас, Еуразия гуманитарлық институтының жоғары колледжінен Камила Рүстембек пен Әдия Әлімбаева, № 70 мектеп-лицейінен Тұңғышбай Ыдырыс пен Нұрайша Жүкен, сондай-ақ № 28 мектеп-лицейінің көркем орындауымен көрермендерді тәнті еткен ансамблі болды.
Байқау қорытындысы бойынша Бас жүлде мен республикалық кезеңге жолдаманы № 69 мектеп-гимназиясының жас сарбазы Әбілмансұр Манас иеленді. Бірінші орын № 87 мектеп-гимназиясының оқушысы Шұғыла Ермековаға бұйырды. Екінші орынды № 70 мектеп-лицейінің дуэті – Тұңғышбай Ыдырыс пен Нұрайша Жүкен алды, ал үшінші орын № 28 мектеп-лицейінің ансамбліне берілді.

Іс-шара аясында SMART SARBAZ робототехника жобаларының көрмесі де өтті. Онда қонақтар мен қатысушылар жас бағдарламашылар мен инженерлердің инновациялық әзірлемелерімен танысуға мүмкіндік алды.