2025 жылғы 12 қарашада ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Аталған заң жобасын Мемлекет басшысының геологиялық барлау мен жер қойнауын игеру саласындағы реформаларды заңнамалық және практикалық тұрғыдан рәсімделуін аяқтау жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында ҚР Үкіметі әзірледі. Бұл ретте саланы цифрландыру және толық ашықтығын қамтамасыз ету көзделген.
Заң жобасының негізгі міндеттері: жер қойнауын пайдалану саласын цифрландыру; электрондық аукциондарды енгізу; сынама алу үшін тау массасын өндіруге рұқсат беру; МЖҚҚББ рәсімінсіз геологиялық барлауға жер қойнауын пайдалану құқығын алу; құны $100 млн-нан асатын жобаларды жүзеге асыратын стратегиялық инвесторларға қатты пайдалы қазбаларды барлау және өндіруге басым құқық беру мүмкіндігін қарастыру; $500 млн-нан астам инвестиция салынған жағдайда Қатты пайдалы қазбаларды қайта өңдеу туралы Келісім жасасу.
Аталған нормалар елдегі инвестициялық ахуалды едәуір жақсартып, жер қойнауын пайдалану және өңдеу өнеркәсібі салаларына жаңа инвестициялар тартуға мүмкіндік береді.
Заң жобасы бойынша жұмыс одан әрі Мәжілістегі жұмыс топтарында депутаттармен бірлесіп, екінші оқылымда қабылданғанға дейін жалғасады, одан әрі Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының қарауына енгізіледі.