Мемлекеттік қызметтердің цифрландыру жағдайында ХҚКО-ларға сұраныс бар ма?

605
Фотосурет: NU

Назарбаев Университеті жанындағы Ұлттық талдамалық орталықта мемлекеттік қызметтерді цифрландыру аясында Халыққа қызмет көрсету орталықтарын дамыту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды DKNews.kz.

2025 жылғы 12 қарашада Назарбаев Университеті жанындағы Ұлттық талдамалық орталықта (ҰТО) Халыққа қызмет көрсету орталықтарын (ХҚКО) дамыту мәселесіне арналған дөңгелек үстел өтті. Осыдан 20 жыл бұрын мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру және сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету мақсатында алғашқы «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсететін орталықтар ашылған еді. Осы жылдар ішінде ХҚКО-лар пилоттық жобадан бастап кең ауқымды фронт-офистер желісіне дейінгі үлкен трансформациялық жолдан өтіп, бүгінде қазақстандықтардың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналды.

Дөңгелек үстел барысындағы талқылауға Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі, Парламенті Сенаты, Мемлекеттік қызметтер комитеті, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-ның және академиялық қауымдастықтың өкілдері қатысты.

Кіріспе сөзінде Ұлттық талдамалық орталықтың басқарма төрағасы Расул Рысмамбетов «Бүгінгі дөңгелек үстел –ҰТО ұйымдастырып отырған іс-шаралар сериясының бірі. Біз мұнда бір жағынан мемлекеттік органдардың, екінші жағынан академиялық қауымдастықтың өкілдерін пікір алмасу мен сындарлы диалог алаңына шақырамыз» - деп атап өтті. Төраға сондай-ақ ХҚКО-лардың мемлекеттік аппарат пен қоғам арасындағы маңызды байланыстырушы көпір болып қала беретінін ерекше атап өтті.     

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің басқарма басшысы Айбол Қозбагаров пен Шығыс Қазақстан жастар ақпараттық-талдау агенттігінің жетекшісі Людмила Захарова ХҚКО тарапынан мемлекеттік қызметтердің сапасына жүргізілген қоғамдық мониторингтің нәтижелерін таныстырды. 

Ұлттық талдамалық орталық сарапшылары Салтанат Джаненова мен Сауле Газизова «Мемлекеттік қызметтердің цифрландыру жағдайында ХҚКО-ларға сұраныс бар ма?» тақырыбындағы зерттеу нәтижелерін ұсынды.

Аталған зерттеу Назарбаев Университетінің Әлеуметтік даму қорының қолдауымен жүргізіліп, азаматтар мен ХҚКО қызметкерлерінің «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін орталықтар қызметі туралы пікірлерін талдауға негізделген.

Дөңгелек үстел барысында ҰТО сарапшыларының ХҚКО-ларды жабудан гөрі оларды халықтың цифрлық қолдау орталықтарына трансформациялау бағытына көшу жөніндегі ұсыныстары талқыланды. Мұндай орталықтардың негізгі қызметтеріне күрделі мемлекеттік қызметтер мен өмірлік жағдайлар бойынша кеңес беру, сондай-ақ әлеуметтік осал топтар үшін цифрлық сауаттылықты арттыру бойынша оқыту кіруі мүмкін.

Сонымен қатар, ҰТО сарапшылары офлайн-қызметтердің негізгі пайдаланушылары - әлеуметтік осал топтарға арналған ұлттық оқыту бағдарламасын іске қосуды ұсынды. Сондай-ақ, ХҚКО қызметкерлерінің мемлекеттік қызметшілер мәртебесіне сай әлеуметтік және құқықтық қорғалу деңгейін арттыру жөнінде шаралар қабылдау ұсынылды.

Талқылау барысында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әсем Рахметова онлайн-қызметтерге көшу бойынша айтарлықтай ілгерілеушілікке қарамастан, ХҚКО-лардың халық арасындағы жоғары сұранысқа ие болып отырғанын атап өтті.      

Мемлекеттік қызметтер комитетінің төрайымы Айнұр Юсупова өз сөзінде: «… ХҚКО қызметкерлерінің құқықтық қорғалуын күшейту қажет, оның ішінде «жұмсақ» мінез-құлық тетіктерін пайдалану арқылы. Мысалы, қызмет көрсету залдарында қызметкерлердің құқықтары мен қадір-қасиетінің заңмен қорғалатынын көрсететін заңнамаға сілтемелер бар баннерлер орналастыру» – деп атап өтті.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ басқарма төрағасының кеңесшісі, ҚР Парламенті Мәжілісінің экс-депутаты Майра Айсина: «Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру үшін жауапкершілік тек ХҚКО-лардың ғана емес, сонымен қатар цифрландыруды дамытуға бюджет қаражаты бөлінетін барлық мемлекеттік органдардың да міндеті болуы тиіс» - деп сөзін түйіндеді.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қатысушылар электрондық сервистер мен платформалардың қарқынды дамуына қарамастан, ХҚКО-лардың мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз етудегі рөлі — әсіресе егде жастағы азаматтар, әлеуметтік осал және аз қамтылған топтар үшін — әлі де өте маңызды әрі шешуші мәнге ие деген қорытындыға келді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -