Отанды қорғау – бұл жай ғана әскери міндет емес, бұл ғасырлар қойнауынан келе жатқан ұлттың рухани мұрасы, ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып жалғасқан қасиетті парыз. Қазақ халқының тарихына үңілер болсақ, ел мен жердің әрбір сүйемі батырлардың ерлігімен, ата-бабаларымыздың төгілген қаны мен маңдай терімен қорғалған. Талай ғасырлар бойы халқымыз кең байтақ даласын сақтап қалу жолында ерен ерліктің үлгісін көрсетті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Сонау сақ пен ғұн дәуірінен бастап, түркілер заманынан, жоңғар шапқыншылығы мен ұлт-азаттық көтерілістер кезеңіне дейін, қазақ жауынгері үшін ең қасиетті ұғым – туған жердің тұтастығы, елдің бірлігі болған. «Ел үшін туған ерлер елімен бірге мәңгі жасайды» деген аталы сөз бекер айтылмаған. Әр заманда қазақ батырлары ел намысын қорғап, ұрпағына бейбіт өмір сыйлап кетті.

Бүгінде сол бабалар жолын жалғап келе жатқан – жас сарбаздар, Отанның сенімді қорғаушылары. Олар ел тыныштығының, бейбіт өмірдің қалқанына айналған. Қазіргі заманның сарбазы – тек қару ұстаған жауынгер емес, ол жоғары рухани мәдениеті бар, елдің дамуына, қоғамның тұрақтылығына үлес қосатын тұлға.
Олар еліміздің түкпір-түкпірінде, шекара шебінде, қала мен ауылдарда тәулік бойы күзет қызметін атқарып, бейбіт аспанның астында халықтың тыныштығын қорғайды. Бүгінде Ұлттық ұлан қатарындағы әрбір сарбаз – Отан алдындағы борышын адал атқарып, елдің қауіпсіздігіне жауапты екенін жақсы түсінеді.
Осындай жауапты міндетті атқарып жүргендердің бірі – Ұлттық ұланның «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6505 әскери бөлімінде орналасқан Агроқалашық кентіндегі 4 жеке атқыштар батальоны.
Біздің бүгінгі сапарымыз осы бөлімге қарасты, Агроқалашық кентінде орналасқан 4 жеке атқыштар батальонының қызметімен танысуға арналды. Бұл батальонның негізгі міндеті – сотталған азаматтардың күзетін қамтамасыз ету, түзету мекемесінің қауіпсіздігін сақтау және қоғамдық тәртіпті қорғау.
Агроқалашық қаладан жырақ орналасқан тыныш аймақ. Бірақ дәл осы тыныш көріністің артында тәулік бойы қызмет ететін жүздеген ұландықтардың ерен еңбегі жатыр. Қыстың қақаған аязында да, жаздың шіліңгір ыстығында да олар өз міндеттерін бұлжытпай орындайды.
Қарауыл қызметі – бейбіт күннің өзінде ең қиын, әрі үлкен жауапкершілік жүктейтін әскери міндеттердің бірі. Себебі күзетілетін нысандарда қауіпсіздік шаралары қатаң сақталуы тиіс. Ұландықтар темір тордың ар жағындағы сотталғандардың әрекетіне үнемі қырағылықпен қарап, кез келген төтенше жағдайдың алдын алуы қажет.
Мен – жақында ғана жоғары оқу орнын тәмамдаған жас офицермін. Курсанттық өмірім артта қалды, енді мен үшін жаңа белес – нағыз әскери ортаға қадам басу кезеңі басталды. Сарбаздардың күнделікті өмірімен, олардың тыныс-тіршілігімен танысу үшін 34-мекемеге аттанып бара жатырмын.
Сапар алдында ерекше сезімде болдым. Іштей толқу да, аздап қобалжу да бар. Өйткені мен әлі де болса, бұл жауынгерлік қызметтің ішкі тәртібін толықтай көзбен көріп, сезініп үлгерген жоқпын. Ал бұл жолы мен сол өмірдің дәл ортасына барып, ұландықтардың қызметін өз көзіммен көремін.
Көлігіміз ауыл жолымен ирелеңдеп келе жатқанда алыстан батальон мен түзету мекемесінің сұлбасы көрінді. Сол сәтте жүрегім ерекше бір толқумен соқты. Себебі бұл – менің өмірімдегі алғашқы тәжірибелік сапарым, бұл әскери қызметтің нағыз тынысымен алғаш рет бетпе-бет келуім еді.
Мекеме аумағына кірген сәтте бірден тәртіп пен жауапкершіліктің лебі сезілді. Әрбір сарбаз өз орнында, әр қимыл үйлесімді. Олардың қызметі – көзге көрінбейтін, бірақ ел қауіпсіздігі үшін аса маңызды еңбек.
Қарауыл үй-жайына жеткен соң, біз биік дуалдармен қоршалған түзету мекемесінің аумағын көрдік. Қалың темір торлар, электр қоршаулар және бақылау камералары – бәрі де қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған. Мұнда ұландықтар үздіксіз қызмет атқарып, әрбір қозғалысты мұқият қадағалап отырады.
Біз келген күні батальон сарбаздары кезекті қарауыл қызметіне дайындалып жатқан болатын. Саптық алаңда сап түзеген жауынгерлер тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары майор Айдос Жакуповтың пәрменін тыңдап тұрды. Сарбаздарға қызмет атқару міндеттерін тағы да еске салып, нұсқаулық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Әрбір бұйрық нақты, жүйелі және әскери тәртіпке сай берілді.
Қарауыл қызметіне түсетін сарбаздар даладағы суыққа қарамастан иықтарына қару асынып, жауапты міндеттеріне кірісуге дайындалды. Сарбаздардың жүзінен байсалдылық пен сенімділік байқалады. Олар бұл қызметтің салмағын жақсы түсінеді.
Бірден көзге түскен нәрсе – мекемені айнала қоршап тұрған сегіз бақылау бекеті. Әр бекет стратегия-
лық тұрғыдан маңызды жерде орналасқан. Бұл бекеттердің барлығы бір-бірімен байланысып, бүкіл аумақты толық қамтиды. Олардың бас-
ты мақсаты – сотталғандардың мекемеден қашып кетуіне жол бермеу және кез келген күмәнді әрекетті дер кезінде анықтау.
Әр бекетте тәулік бойы күзет қызметі үздіксіз жүргізіледі. Сарбаздар ауысым бойынша қызметке түсіп, әрқайсысы өз секторына жауап береді. Бекеттердің биік мұнараларында бақылау құралдары мен жарық шамдары орнатылған. Бұл түнгі уақытта да аумақты анық көруге мүмкіндік береді.
Мен бақылау бекеттерінің біріне көтеріліп, сарбаздардың жұмысын сырттай бақыладым. Олар еш алаңсыз өз міндеттерін атқарып жүр. Әрбірі байланыс құралдары арқылы орталықпен байланыс жасап, кез келген жағдайды дереу хабарлап отырады. Бұл жүйелілік пен қырағылық – олардың қызметінің негізгі өзегі.
Бекеттердің айналасында орналасқан дуалдар мен қауіпсіздік жүйелері де өте берік. Бірнеше қатар сым темірмен қоршалған, арнайы жарықтандыру және бақылау камералары орнатылған. Бір қарағанда бұл тек күзет сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ іс жүзінде бұл – өте күрделі, жоғары жауапкершілікті талап ететін қызмет түрі. Себебі бұл жерде тек сарбаздардың тәртібі ғана емес, бүкіл мекеменің тыныштығы, қауіпсіздігі тұр.
Посттағы екі сағаттық жауапты қызметін аяқтаған сарбаздар бекетті келесі ауысымға тапсырып, қарауыл үй-жайына оралады. Бұл жер – сарбаздардың қысқаша демалып, қайта қызметке дайындалатын орны. Мұнда бәрі тәртіпке сай ұйымдастырылған, әр бұрышта ұқыптылық пен жинақылық сезіледі. Қарауыл үй-жайының ішіне кіргенде ең алдымен көзге түсетіні – жылы әрі жайлы атмосфера. Мұнда сарбаздар демалып, ыстық шай ішіп, тыныға алады. Үстел үстінде газеттер мен журналдар қойылған, бұл сарбаздарға ел жаңалықтарымен танысып, уақыттарын тиімді өткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бөлмеде теледидар орнатылған, сарбаздар бос уақытында жаңалықтар мен фильмдер көреді.
Демалыс сәттерінде кейбіреулер үстел ойындарын ойнап, бір-бірімен пікір алмасып, көңіл сергітеді. Мұның бәрі сарбаздардың рухын көтеріп, қызмет арасындағы қысқа демалыстың сапалы өтуіне жағдай жасайды. Қарауыл үй-жайының ішінде кезекші үстелі орналасқан. Мұнда ауысым кестесі, қызмет журналы және байланыс құралдары бар. Қарауыл бастығы мен оның көмекшісі әрбір сарбаздың бекетке шыққан және оралған уақытын нақты тіркеп отырады. Бұл – әскери тәртіптің ажырамас бөлігі.
Көргенімнен түйгенім – әскери өмірдің қатаң тәртібімен қатар, мұнда адамгершілік, өзара құрмет пен түсіністік бар.
Мен сарбаздардың осы қарапайым, бірақ мағыналы тыныс-тіршілігін көріп, олардың еңбегінің күрделі әрі қадірлі екенін тағы бір рет түсіндім. Олар күн сайын Отан алдындағы борышын орындап, бейбіт өмірдің тыныштығын күзетеді.
– Бүгінде мен 6505 әскери бөліміне қарасты 4-жеке атқыштар батальонында қызмет атқарып жатқанымды мақтан тұтамын. Аталған әскери қызметке келгенімнен бері көптеген жаңа нәрселер үйрендім. Осында қызмет атқару барысында мен өзіме жаңа достар таптым. Бір-бірімізге сеніп, бірге қызмет етудің қандай маңызды екенін түсіндік. Әрқайсысы өз міндетін абыроймен атқарып, рота үшін жауапкершілік сезімін арттырады. Осы жерде өткізген әрбір күн мен үшін тәжірибе мен жаңа білімге толы.
Осылайша менің бүгін 6505 әскери бөліміне жасалған сапарым аяқталды. Бір күн ішінде мен әскери қызметкерлердің өмірімен танысып, әскери қызметті толық көріп қайттым. Ұландықтардың бұл қызметі өте жауапты болған соң, біз үшін жауапты міндет болып саналады.
Ұлттық ұланның бұл міндеті – елдің тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды тірегі. Әрбір сарбаз өзіне жүктелген жауапкершілікті толық түсініп, тәулік бойы сергек әрі қырағылықпен қызмет етеді. Олардың қызметі – халыққа бейбіт өмір сыйлау. Бұл – Отанға деген адалдық пен патриоттықтың нақты көрінісі.
Лейтенант Әлішер Асқарбек, Қарағанды қаласы