539
Фотосурет: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі

Адам баласының өмір жолы  көзге көрінбейтін бір ұшқыннан басталады.  Кейде ол ұшқын балалық қызығушылықтан, кейде жүректің тереңіндегі беймәлім сезімнен өрілетіндей. Қатардағы Сұлтан Ескендиров үшін ол сәуле туған ауылында тұтана түскен. Бөкей ордасының самал желі мен кең даласы, жайлы кештері мен еңбекке толы күндері оның мінезін қалыптастырды. Сол жылдарда ол алғаш рет қазақ көркем әдебиетімен танысқан еді. Бірінші қолға түскен кітаптары: Шерхан Мұртазаның Барысханы, Бердібек Соқпақбаевтың Мұраты мен «Жусан иісіндегі» Аян оны соғыс жылдарындағы өмірге ойша саяхат жасатты, ерлік пен төзімділіктің маңызын түсіндірді. Бала Сұлтанда өзіндік арман, келешек мақсаты беки түсті. Осылайша ол үнемі қиялында сапар шегетін әскери өмірге қадам басып, елге қызмет етудің нақты жолын таңдаған.

Бүгінде қатардағы Сұлтан Ескендиров Астана қаласындағы 5573 әскери бөлімінде мерзімді қызметкер болып, Отан алдындағы борышын адал атқарып жүр. 20 жастағы сарбаз арқаның ызғарлы аязына, әскердегі тәртіпке әлде қайда еті үйренген. Оған түрткі болған себеп бала кездегі спортқа, анығында қазақ күресі мен дзюдо өнеріндегі дисциплина дейді жауынгер. Әскери қызметтен кейін Сұлтан өз мамандығы - ветеринария саласында еңбек етіп, әке жолын жалғауды жоспарлап отыр.

«Бұл жақта да бос уақытымда кітап оқуға тырысамын. Қазір өзіме Бауыржан Момышұлын жазушы ретінде танып жатырмын. Әсіресе, әскери машық сипатталған кітаптардан түйгенім көп», – дейді Сұлтан. Солардың бірі – «Соғыс психологиясы (қанмен жазылған кітап)» атты кітап. Кітап арқылы солдат әскерде игерген дағдыларын терең түсініп, бойына сіңіре алған.

Бауыржан Момышұлының түй­ер ойы, басты тақырыбы майдан тә­жірибесі. Аталған еңбектегі соғыс өнері туралы қызықты мәліметтер, алаң дағдысы, тактика мен әртүрлі айла-тәсілдер Сұлтанның ой-өрісін кеңейтті. Сол сұрапыл күндердің шындығын көз алдыңа елестететін қуаты оны ерекше ойларға жетеледі.

Шығарма 1944 жылы Бауыржан Момышұлының Алматыға келіп, сол жердегі зиялы қауыммен бес күн бойы өткізген дәрістерінің стенограммасы негізінде жарияланған. Кітаптың атауы мазмұнына сай: соғыстың психологиясы мен философиясын терең зерттеп, әр эпизодта адамның орны, рухани және адамгершілік құндылықтары айқын көрініс табады. Сонымен бірге, әскери өнердің тактикасы мен стратегиясы қысқа әрі нұсқа стильде баяндалған. Автордың шеберлігі соншалық, әр жолы оқырманның жан дүниесін тербеп, сұрапыл шайқастың әсеріне бөлеген.

«Шеру мен шайқастың арасында қандай айырмашылық бар? Нағыз шеру, әскери күштердің нағыз байқауы, олар үшін ең жан-жақты, ең қатал сынақ – шайқас. Әркімнің тағдыры, халықтың тағдыры, елдің тағдыры шешілетін бұл нағыз шеруде әдеттегіден ерекше қатаң, жинақы, мұнтаздай таза, ұқыпты әрі әдемі болу керек», - дейді рухы биік Бауыржан Момышұлы. Осы сөздерден ақ жауынгердің соғыс шебінде батылдық танытқан барша сарбаз алдындағы жауапкершілігін анық байқауға болады.

«Әр бөлімін оқыған сайын, мен соғыстың психологиялық қырларын, адамның ой-пікірін, батылдығын қалай шыңдайтынын түсінемін. Бұл кітап арқылы өзімді тек физикалық тұрғыда ғана емес, рухани және моральдық жағынан да шыңдайтынымды сеземін, ал алған сабақтарымды әскерде және өмірде қолдануға тырысамын», - деп Сұлтан Ескендиров  өз ойымен тебірене бөлісті.

Бір айдан соң үйіне оралатын жауынгердің әскери өмірі тек тәжірибемен ғана емес, рухани шыңдалуымен де есте қалып, адал қызметпен үйлесері сөзсіз. Бұл ретте ол өзінің командирлеріне шексіз алғыс білдіреді.

Жанерке Мұратқызы

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -