Қазақстан экономиканы цифрландыру қарқынын күшейтті. Байланыс операторлары инфрақұрылымды жаңартуға жүздеген миллиард теңге жұмсап, спутниктік байланысты, жасанды интеллектіні және отандық цифрлық өнімдерді дамытуда, деп хабарлайды DKNews.kz.
ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2026 жылдың қаңтар–қыркүйек айларында ақпарат және байланыс саласындағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 344,7 млрд теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 47,1%-ға көп. Нақты көлем индексі 129,2%-ды құрады.
Бизнестің цифрландыруға құйған қаржысы артып келеді
Инвестицияның басым бөлігін кәсіпорындар өз қаражаты есебінен қамтамасыз етті. Тоғыз айда компаниялар саланы дамытуға 342,7 млрд теңге жұмсаған. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 219,1 млрд теңге болған.
Соңғы бірнеше жылда инвестиция көлемі айтарлықтай өзгерді. 2021 жылы ақпарат және байланыс саласына 128,6 млрд теңге салынса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 451,7 млрд теңгеге жетті.
2024 жылғы төмендеуден кейін сала қайтадан өсім көрсетті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша инвестиция көлемі 414 млрд теңгені құрады.
Байланыс операторлары жүздеген миллиард теңге инвестиция салуда
VEON халықаралық тобының қаржылық есептілігіне сәйкес, 2021–2025 жылдары Beeline Қазақстанның күрделі шығындары 380,8 млрд теңгені құрады.
2025 жылы компанияның жылдық күрделі шығындары алғаш рет 100 млрд теңгеден асып, 104,7 млрд теңгеге жетті. Бес жыл ішінде бұл көрсеткіш 1,8 есе өскен.
Kcell/activ осы кезеңде 442,4 млрд теңге инвестиция салған. Оның 78 млрд теңгесі 5G радиожиіліктерін сатып алуға жұмсалды. Аталған шығындарды есептемегенде, инвестиция көлемі 364,4 млрд теңгені құрады.
Алайда операторлардың күрделі шығындарды есептеу әдістемелері әртүрлі болғандықтан, бұл көрсеткіштерді тікелей салыстыруға болмайды.
Tele2/Altel операторының мәліметінше, 2025 жылдың қазан айына дейінгі үш жылда инфрақұрылым мен технологияларды дамытуға 240 млрд теңгеден астам қаражат салынған.
Саладағы орташа жалақы 851 мың теңгеге жетті
Инвестицияның өсуімен қатар еңбек нарығы да кеңейіп келеді. 2026 жылдың екінші тоқсанында ақпарат және байланыс саласындағы қызметкерлердің нақты саны 71,8 мың адамға жетіп, бір жылда 5%-ға артты.
Саладағы орташа айлық жалақы 851,1 мың теңгені құрады. Ал ел бойынша орташа көрсеткіш 486,4 мың теңге болды.
Салыстыру үшін: 2021 жылдың төртінші тоқсанында сала қызметкерлері орта есеппен 370,1 мың теңге алса, 2025 жылдың сәйкес кезеңінде жалақы 883,5 мың теңгеге жеткен.
Beeline Қазақстан қызметкерлерінің саны бес жылда 24,8%-ға өсіп, 4,8 мың адамға жетті. Компания инженерия, бағдарламалау және ақпараттық технологиялар саласындағы мамандарды жұмысқа тартуда.
Смартфондар ұялы байланыс мұнараларынсыз спутникке қосылады
2025 жылы Beeline операторының 4G байланыс алаңдарының саны 8,3 мыңнан 9 мыңға дейін өсті. Төртінші буын желісін пайдаланушылар саны 9 млн адамға жетсе, компанияның жалпы абоненттік базасы 11,8 млн адамды құрады.
2026 жылдың қыркүйегінде Beeline Starlink компаниясымен бірлесіп, Қазақстанда Direct-to-Mobile спутниктік байланыс технологиясын іске қосты.
Үйлесімді смартфондардың иелері енді қосымша антеннасыз және арнайы жабдықсыз тікелей спутникке қосыла алады.
Аумағы кең Қазақстан үшін бұл технологияның маңызы зор. Әсіресе ұялы байланыс желісі қамтымаған автомобиль жолдарында, шалғай ауылдарда, далалы және таулы аймақтарда сұранысқа ие.
Төтенше жағдайлар кезінде спутниктік технология қосымша байланыс арнасы ретінде де пайдаланылуы мүмкін.
Операторлар дәстүрлі байланыс қызметімен шектелмейді
Телекоммуникациялық компаниялар бұрын негізгі қызметіне жатпаған нарықтарды белсенді игере бастады.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Beeline-ның цифрлық сервистерден түскен табысы 30,5%-ға өсіп, 56,4 млрд теңгеге жетті. Бұл компанияның жалпы кірісінің 13,3%-ын құрайды.
Janymda суперқосымшасының ай сайынғы аудиториясы 4,6 млн адамға жетсе, Simply қаржы платформасын пайдаланушылар саны 4,1 млн адамды құрады.
Оператор отандық IT өнімдерін әзірлеуге де басымдық беріп отыр. Бағдарламалық қамтамасыз ету және жасанды интеллект саласында жұмыс істейтін QazCode компаниясында 2025 жылы 750-ге жуық маман еңбек етті.
Компания әзірлеген өнімдердің бірі — жасанды интеллект агенттері арқылы бизнес-процестерді автоматтандыруға арналған Aventa AI платформасы. Ал Hyper Cloud жобасы бизнеске қажетті бұлттық инфрақұрылым мен есептеу қуаттарын дамытуға бағытталған.
Үш оператор бюджетке 830 млрд теңге аударған
«Параграф» ақпараттық жүйесінің деректеріне сәйкес, 2021–2025 жылдары Қазақстанның үш ірі ұялы байланыс операторы салықтар мен басқа да төлемдер түрінде бюджетке шамамен 830 млрд теңге аударған.
Бес жылдағы төлем көлемі:
- Tele2/Altel — 296,1 млрд теңге;
- Beeline Қазақстан — 286,9 млрд теңге;
- Kcell/activ — 247 млрд теңге.
Ал 2025 жылдың қорытындысы бойынша ең жоғары көрсеткіш Beeline компаниясына тиесілі. Оператор бюджетке 80,6 млрд теңге аударса, Tele2/Altel 73,6 млрд, Kcell/activ 43,4 млрд теңге төлеген.
Бес жыл ішінде Beeline-ның жыл сайынғы төлем көлемі бес еседен астам өсті.
Ауыл мектептері мен әлеуметтік жобаларға миллиардтаған теңге бөлінуде
Байланыс операторлары білім беру, әлеуметтік қолдау және цифрлық қауіпсіздік бағыттарына да инвестиция салып келеді.
Kcell/activ халықтың жекелеген санаттарына арнайы тарифтер ұсынады. Tele2/Altel цифрлық сауаттылықты арттыру және балалардың интернеттегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жобаларын жүзеге асыруда.
VEON мәліметінше, Beeline жылдық түсімінің 1%-ын Zhyly Zhurek қоры арқылы корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік бағдарламаларына бағыттау міндеттемесін алған. Компанияның 2025 жылғы қаржылық көрсеткіштеріне сүйенсек, бұл шамамен 4,3 млрд теңгеге тең.
2022 жылы компания ауыл мектептерін жаңғыртуға 2 млрд теңге бөлді. Жоба аясында сегіз білім беру мекемесі мен 280-ге жуық оқу кабинеті жаңартылып, 4,7 мың баланың білім алу жағдайы жақсарды.
2024 жылы Beeline мен Zhyly Zhurek қорының қатысуымен Шелек ауылында академик Әбдуәли Қайдар атындағы 900 орындық мектеп ашылды. 2025 жылы мектептің 44 түлегінің 25-і жоғары оқу орындарына мемлекеттік білім грантымен түсті.
Сонымен қатар 2025 жылдың маусымында Beeline қазақ тілінде білім алуға көмектесетін AI Tutor жасанды интеллект көмекшісін таныстырды. Жоба қазақстандық KazLLM тілдік моделі негізінде әзірленген.
Күн энергиясы шалғай өңірлердегі байланысты дамытуға көмектеседі
Қазақстандық байланыс операторлары телекоммуникациялық жабдықтарды баламалы энергия көздерімен қамтамасыз етуге де көңіл бөліп отыр.
Kcell/activ автономды электрмен жабдықтау жүйелерін жаңғыртуда. Tele2/Altel базалық станцияларында жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды көздейді.
2025 жылы Beeline күн энергиясымен жұмыс істейтін 13 телекоммуникациялық ретрансляциялық станцияны іске қосып, күн мен жел энергиясын қатар пайдаланатын гибридті нысанды пайдалануға берді.
Қазақстанның шалғай өңірлерінде дәстүрлі байланыс инфрақұрылымын салу үлкен қашықтықтарға байланысты күрделі міндет болып отыр. Автономды энергия көздерін, жерүсті желілерін және спутниктік технологияларды қатар пайдалану осындай аумақтардағы байланыстың қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Бұған дейін біз Қазақстанда Starlink Mobile спутниктік байланысының қалай жұмыс істейтінін және ұялы байланыс мұнаралары жоқ аумақтарда смартфонды желіге қосу мүмкіндіктерін егжей-тегжейлі жазған едік.