«Лу Бань» шеберханасы Қазақстанға халықаралық чемпионатта жүлде әперді

572
Фотосурет: Gov

«Лу Бань» шеберханасының студенттері World Vocational College Skills халықаралық чемпионатында жүлдегер атанды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің студенттері Тяньцзинь қаласында (ҚХР) өткен World Vocational College Skills Competition 2025 халықаралық кәсіби шеберлік чемпионатында қола медальға ие болды.

World Vocational College Skills – техникалық жоғары оқу орындары үшін кадр даярлау саласындағы ең ірі халықаралық іс-шаралардың бірі. Биылғы чемпионатқа 76 елден 33 мыңнан астам қатысушы, 8 956 команда қатысты.

Қазақстан атынан «Лу Бань» шеберханасының студенттері «Электромобильдер» құзыреттілігі бойынша жоғары нәтиже көрсетті. Финалдық кезең қорытындысы бойынша Қазақстан командасы қола медальмен марапатталды. Бұл жетістік еліміздегі техникалық білім сапасының артуын, халықаралық ынтымақтастықтың кеңеюін және технологиялар трансфері жобаларының тиімді жүзеге асып жатқанын айғақтайды.

Қазақстанда «Лу Бань» шеберханасы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Тяньцзинь кәсіптік институтының қолдауымен ашылған. Шетелдік серіктестік негізіндегі шеберханалар, бірлескен бағдарламалар және халықаралық дайындық орталықтары бәсекеге қабілетті инженерлік кадрлар даярлауда маңызды рөл атқарып келеді. Мұндай инфрақұрылым заманауи технологияларды меңгеруге мүмкіндік беріп, жастардың жаһандық кәсіби алаңдарға шығуына жол ашады.

Қазақстандық студенттердің бұл жетістігі техникалық білім беру жүйесінің әлеуетін және елдің халықаралық білім беру кеңістігіне табысты интеграцияланып келе жатқанын көрсетеді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -