ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментімен Ақмола облысының мемлекеттік органдарындағы тәртіптік комиссиялардың 2025 жылдың 9 айы ішіндегі қызметіне жүргізілген талдаудың қорытындыларын шығарылды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Аталған кезеңде 542 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Олардың ішінде 70 тұлға мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссиялары мен өзге уәкілетті органдардың ұсынымдары бойынша, ал 472 мемлекеттік қызметші тәртіптік комиссиялардың отырыстарында қаралмастан жауапкершілікке тартылған.
Бұзушылықтардың негізгі бөлігі (478 жағдай) өзге заңнаманың нормаларын сақтамаумен байланысты. Сонымен қатар мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіретін тәртіптік теріс қылықтар жасағаны үшін 4 тұлға, қызметтік әдеп нормаларын бұзғаны үшін 25 тұлға, қызметтік тәртіпті бұзғаны үшін 35 тұлға жауапкершілікке тартылды.
Қызметтік әдеп нормаларын бұзғаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылған 25 мемлекеттік қызметшінің ішінде 16 тұлға мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссиялары мен өзге уәкілетті органдардың ұсынымдары бойынша жауапкершілікке тартылды. Ал 9 мемлекеттік қызметші тәртіптік комиссиялардың отырыстарында қаралмастан (қызметшілер өздері жасаған теріс қылық фактісін мойындаған жағдайлар) жауапкершілікке тартылды.
Әдеп жөніндегі кеңестің шешімі бойынша қызметтік әдеп нормаларын бұзғаны үшін тәртіптік жауапкершілікке 5 мемлекеттік қызметкер, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасының хаттары негізінде (Мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану қағидаларының 34-тармағына сәйкес) – 7 қызметкер, өтініштерді қарау қорытындысы бойынша Департаменттің ұсынымдары негізінде – 6 қызметкер, Департаменттің ақпараттық хаты негізінде – 1 қызметкер, және мемлекеттік органдар дербес анықтауы негізінде – 6 адам тартылды.
Оның ішінде автокөлікті мас күйінде жүргізу фактілері бойынша - 2, азаматтармен және әріптестермен дұрыс емес қарым-қатынас жасау фактілері бойынша - 15, шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді тарату фактілері бойынша - 1, мас күйінде болу және қоғамдық орындарда қақтығысқа түсу фактілері бойынша - 4, мүдделер қақтығысы бойынша - 2, қызметтік автокөлікті жеке мақсатта пайдалану фактілері бойынша – 1.
Жүргізілген талдау қорытындылары мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану рәсімдерінің сақталмау жағдайларын айқындады. Атап айтқанда, жазбаша түсініктеме талап ету мерзімдері мен жазаны қолдану мерзімдерінің жүйелі түрде бұзылуы орын алған. Сонымен қатар, тәртіптік жазаларды мерзімінен бұрын алып тастау тәртібі сақталмай, оларды алып тастау туралы шешім өкілеттігі жоқ тұлғалардың ұсыныстары негізінде қабылданған фактілер анықталды. Бұдан бөлек, қолданыстағы заңнамада көзделген талаптарға қарамастан, қызметкерлерді жаза қолдану туралы актілермен және тәртіптік комиссия отырыстарының хаттамаларымен таныстыру міндеті орындалмаған жағдайлар тіркелді.
Жүргізілген талдау нәтижесінде анықталған бұзушылықтар толық көлемде жойылып, заңсыз қабылданған актілердің күші жойылды. Талдау қорытындысы Әдеп жөніндегі кеңестің отырысында қаралып, оның шешімі бойынша басшылыққа алдағы уақытта осындай құқық бұзушылықтарға жол бермеу мақсатында түбегейлі шаралар қабылдау ұсынылды.