«SAQTAN» жобасы жастардың салауатты әдеттері мен әлеуметтік жауапкершілігін қалыптастырып жатыр

517
Фотосурет: Gov

Алматы облысында жастар арасында зиянды әдеттерге қарсы «SAQTAN» жобасы іске асырылуда, деп хабарлайды DKNews.kz.

Алматы облысында жастардың қауіпсіздігі мен салауатты дамуын қамтамасыз ету мақсатында «SAQTAN» жобасы жүзеге асырылуда. Жобаны облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының тапсырысы бойынша «Paryz еріктілері» жастар қоғамдық бірлестігі іске қосқан.

Биылғы мамыр айынан басталған жоба алты негізгі бағытты қамтиды: ақпараттық-түсіндіру семинарлары, заңсыз есірткі жарнамаларына қарсы акциялар, түнгі рейдтер, спорттық іс-шаралар, әлеуметтік бейнероликтер және ақпараттық насихат жұмысы.

«Кез келген жағдайда ақпараттық жұмыс алдыңғы шепте тұруы тиіс. Сондықтан біздің жұмыс тобы мен еріктілер бұл бағытта барын салды. Жоба шеңберінде тиісті мағлұматты жастарға сіңіру үшін 15 семинар өткізіп, 1200 жасқа құнды ақпарат бердік» облыстық Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Мади Ахметов

Жалпы, жоба алты бағыт бойынша жүзеге асырылуда.

«Бірінші бағыт — ақпараттық-түсіндіру семинарлары. Проблемалық ахуалы бар елді мекендер мен колледждерде 11 семинар өткізіліп, 1100-ден астам жасқа тәуелділіктің түрлері, олардың психологиялық және әлеуметтік салдары, өмірлік дағдыларды дамыту және құқықтық сауаттылық жайлы нақты ақпарат берілді. Жастар мұндай кездесулердің қажеттілігін ерекше атап өтті» «Paryz еріктілері» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әділет Айтқазы

Еріктілердің қатысуымен Қонаев қаласы мен бірнеше ауданда заңсыз есірткі жарнамаларына қарсы акциялар ұйымдастырылып, 1000-нан астам жарнама жойылды, 600 ақпараттық буклет таратылды. Бұл бастамаға жергілікті тұрғындар мен мектеп оқушылары да қатысып, қоғамның ортақ қауіпке біріге алатынын көрсетті.

Облыстың 7 ауданы мен қаласында 10 түнгі рейд өткізіліп, жастардың құқық бұзушылыққа жол бермеуіне бағытталған түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, 8 ауданның колледж студенттері арасында спартакиада ұйымдастырылып, футбол мен волейбол бойынша 1700-ге жуық студент қатысты. Финалдық кезеңде 300-ден астам жас өнер көрсетті.

Әділет Айтқазының айтуынша, жоба аясында әлеуметтік бейнероликтер түсіріліп, TikTok, Instagram және YouTube желілерінде жарияланды. «Paryz еріктілері» парақшасында жарияланған 40 бейнеролик 190 мың қаралым жинап, жалпы жанама қамтылуы 395 мың адамға жетті.

Бір сөзбен айтқанда, «SAQTAN» жобасы жастардың салауатты өмір салтын қалыптастыруға, зиянды әдеттерден аулақ болуына және қоғамда жауапкершілікті арттыруға нақты үлес қосып отыр.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -