Астанада Қазақ ұлттық өнер университетінде XXVIII Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар байқауының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты, деп хабарлайды DKNews.kz.
Салтанатты іс-шарада ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов пен Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен құттықтау сөз сөйледі.

Биыл «Шабытқа» әлемнің 9 елінен 800-ден астам қатысушы келді.
«Бұл – соңғы жылдардағы жас шығармашылық үшін ең үлкен алаң. Мұнда жастар танысып, өздерін көрсете алады», – деді Қ. Байсейітова атындағы ҚазҰӨУ-дің ғылыми және шығармашылық жұмыстары жөніндегі проректоры Раушан Нұртаза.

Байқауда сегіз номинация ұсынылған: академиялық ән айту, камералық музыка, фольклорлық музыка, бейнелеу өнері, поэзия және эстрадалық вокал. Қатысушылардың басым бөлігі – хор, ансамбль және шығармашылық топ секілді ұжымдық құрамдар.
Батыс Қазақстан облысынан келген Бауыржан Шермединұлы биыл алғаш рет «Поэзия» номинациясында бақ сынауда.
«Мен «Шабытты» тек теледидардан көретінмін, қатысуды армандап жүретін едім. Бұл – өлеңдерімнің деңгейін, олардың көркемдік құнын түсінуге берілген мүмкіндік. Қазақ әдебиетіне өз үлесімді қосуды қалаймын», – дейді алғашқы іріктеуден өткен Бауыржан.
65 өтінімнің ішінен 30-ы ғана келесі кезеңге өткен.

Қырғызстаннан келген қатысушылар да ерекше толқып жүр. Урмат Сатыбалдиев әріптесімен бірге «Эстрадалық вокал» номинациясында өнер көрсетеді.
«Байқау туралы басталуына бірнеше күн қалғанда ғана білдік. Жиналып, пойызға отырып, бірден осында келдік. Барлығы өте сапалы әрі жоғары деңгейде ұйымдастырылған», – дейді Урмат.

Ауқымды байқау елордадағы бірнеше концерттік алаңда өтеді. Халықаралық қазылар алқасы Қытай, Италия, Әзербайжан, Ресей және Өзбекстан елдерінен келген мамандардан құралған.
«Шабыт» байқауының жабылу рәсімі мен гала-концерті 22 қарашада өтеді.
Айта кетейік, бұл ірі іс-шараны Астана қаласы әкімдігі мен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі бірлесіп ұйымдастырып отыр.