Экономиканы әртараптандыру: Қазақстан ауқымды инвестициялық серпіліске дайындалуда

891
Ринат Сафин Редактор
Фотосурет: UKIMET

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында экономиканы әртараптандырудың жаңа тәсілдері қаралды. Жиында өнімділікті арттыру, технологиялық жаңғырту және инвестиция тарту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Экономиканың жаңа өсім моделі қалыптасуда

Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин экономиканы әртараптандыру бағытындағы негізгі басымдықтарға тоқталды.

«Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында айқындап берген міндеттерге сәйкес экономиканы одан әрі әртараптандыру экономикалық өсудің сапалы түрде жаңа моделін қалыптастыруға бағытталу тиіс. Бірінші кезекте, жаңа инвестициялар елдің заманауи өнеркәсіптік негізін қалыптастыруға шоғырландырылуы қажет. Осыған байланысты жоғары қосылған құн қалыптастыра алатын өңдеуші және жоғары технологиялық өндірістерді дамыту басым бағытқа айналуда. 2025 жылы ел экономикасы тұрақты әрі сапалы өсуді көрсетті. Орта мерзімді перспективада мұнай-газ секторының Жалпы ішкі өңімнің өсіміне қосатын үлесі біртіндеп төмендейді. Бұл төмендеу өңдеуші өнеркәсіптің, құрылыс, ауыл шаруашылығы және мұнай-газ секторынан басқа салалардың озық дамуымен өтеледі. Құрылымдық өзгерістер қазірдің өзінде айқын байқалуда. Егер 2010 жылы өңдеуші өнеркәсіптің Жалпы ішкі өңімдегі үлесі 11,3% болса, 2024 жылы ол 12,4%-ға дейін өсті. Сонымен қатар тау-кен өндіру секторының үлесі екі есеге жуық – 19,5%-дан 12%-ға дейін, оның ішінде мұнай мен газ өндіру үлесі 16,5%-дан 8,1%-ға дейін қысқарды».

Инвестициялар көлемі айтарлықтай өседі

Үкімет жоспарына сәйкес:

  • инвестициялардың ЖІӨ-дегі үлесі 2029 жылға қарай 23%-ға дейін өседі
  • негізгі капиталға салынатын инвестициялар 2,5 есеге артады
  • 2025–2029 жылдары жиынтық инвестициялар $400 млрд-қа жетеді

Қазақстанның экономикалық позициясы нығайды

Министрдің мәліметінше, елдің экономикалық күрделілік индексіндегі орны айтарлықтай жақсарған. Соңғы төрт жылда Қазақстан 87-орыннан 55-орынға көтерілген.

Басым салалар анықталды

Үкімет жоғары экономикалық әсері бар салаларды белгіледі.

Олардың қатарында:

  • түсті және қара металлургия
  • сирек металдар өндірісі
  • химия және мұнай-химия
  • газ өндірісі
  • агроөнімдерді терең өңдеу
  • фармацевтика

Проактивті инвестициялық саясат енгізілуде

Серік Жұманғарин бұл бағыттағы жаңа тәсілді түсіндірді.

«Аталған жобаларды жүзеге асыру елдегі еңбек өнімділігінің орташа деңгейін арттырады, бұл – «орта табыс тұзағын» еңсеру және жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімнің одан әрі өсу үшін қажет негізгі шарттардың бірі. Осыған байланысты бүгінгі күні Экономикалық өсудің проактивті саясатын енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде. Бұл саясаттың мәні – мемлекеттің тек инвесторларды шақыруымен ғана шектелетін модельден нақты инвестициялық жобаларды қалыптастыру мен іске қосуға мемлекеттің белсенді қатысуы моделіне көшу. Инвестиция тартудың бұл тәсілі экономика салаларының нақты қажеттіліктеріне бағытталған. Сонымен қатар жобалардың тиімділігі мен табыстылығын арттыру мақсатында құзыреттері мықты және технологиялары заманауи жетекші шетелдік стратегиялық серіктестердің қатысуы қамтамасыз етіледі».

Ірі инвестициялық жобалар жүзеге асады

Жиында нақты мысалдар да келтірілді.

Олардың ішінде:

  • Қарағанды облысында көмірден газ өндіру зауыты
  • Qarmet компаниясының ірі инвестициялық бағдарламасы
  • жаңа металлургиялық кешендердің іске қосылуы

Импортты алмастыруға басымдық берілді

Үкімет «Инвестицияларға тапсырыс» бағдарламасын жүзеге асыруда.

Серік Жұманғарин бұл бағытты былай түсіндірді:

«Ішкі нарықты отандық тауарлармен жүйелі түрде қамтамасыз ету үшін «Инвестицияларға тапсырыс» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бүгінде инфляциялық қысымның негізгі себептерінің бірі – тұтыну және тұтыну емес сегменттерде отандық өндірістегі бірқатар базалық тауарлардың тапшылығы. Осыған байланысты салалық министрліктер импортты алмастыруға болатын сегменттерді айқындап, ішкі нарықты отандық тауарлармен толықтыру мүмкіндіктерін анықтауда. Ал Бәйтерек холдингі «Инвестицияларға тапсырыс» аясында инвестициялық жобалар пулын қалыптастыру үшін кешенді due diligence жүргізеді. Бұл жұмыс тұрақты негізде жүргізілетін болады. Біздің мақсат – ішкі нарықты отандық өндіріс тауарларымен қамтамасыз ету және импортқа тәуелділікті төмендету. Қазіргі уақытта азық-түлік секторында 12 бағыт және азық-түлікке жатпайтын секторда 24 бағыт айқындалды».

Даму институттарының рөлі күшейеді

2026 жылы «Бәйтерек» холдингін 1 трлн теңгеге дейін капиталдандыру жоспарланған. Нәтижесінде нақты секторға 8 трлн теңге көлемінде қолдау көрсетіледі.

Индустрияландыру – басты басымдық

Министрдің айтуынша, жаңа саясат ел экономикасының ұзақ мерзімді дамуына негіз болады.

«Тұтастай алғанда, Экономикалық өсудің проактивті саясаты Мемлекет басшысы қойған стратегиялық міндеттердің орындалуын қамтамасыз ете отырып, Қазақстан экономикасын индустрияландыру мен әртараптандырудың негізгі құралына айналады. Қазіргі уақытта Сіздің тапсырмаңызға сәйкес салалық мемлекеттік органдар жетекшілік ететін сегменттерді дамытудың стратегиялық жоспарларын қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізуде. Бұл жоспарлар алдағы 5 жыл ішінде сегменттердің жалпы қосылған құнын барынша арттыруға мүмкіндік беретін үздік жобалардың тізбесін қамтиды. Іріктелген жобалар кейіннен салаларды дамыту стратегияларының негізіне алынбақ. Аталған стратегиялар нақты өнімдер мен жобаларды, инвестициялар көлемін, жылдар бойынша өндіріс көлемін және өзге де маңызды ақпаратты қамтитын болады».

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -