Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес Қазақстан – Қытай шекарасындағы үшінші шекаралық теміржол өткелінің құрылысы 2025 жылғы 21 шілдеде басталды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің тапсырмасы бойынша Премьер-Министрдің кеңесшісі Нұрлан Ұранхаев, ҚР Көлік министрлігі Теміржол және су көлігі комитетінің төрағасы Нұржан Келбұғанов, сондай-ақ тапсырыс беруші – «ҚТЖ» ҰК» АҚ, бас мердігер China Harbour Engineering Company Ltd және жергілікті атқарушы орган өкілдері құрылыс-монтаж жұмыстарының барысымен танысты.

Жұмыстар жалпы ұзындығы 42 км болатын учаскелерде жүргізілуде. Құрылыс алаңында 120 бірлік техника мен 272 жұмысшы еңбек етуде.
Қазу және жер төсемін көтеру жұмыстары атқарылуда. Орындалған жер жұмыстарының жалпы көлемі – 517 972 м³.
Сонымен қатар төрт вахталық қалашықтың құрылысы, ғимараттардың іргетасын орнату және жоспарлау, қоршаулар мен инженерлік желілерді орнату, кірме жолдарды салу, әкімшілік-тұрмыстық кешендердің қаңқасын құрастыру жұмыстары жүргізілуде.

Жобалау-іздестіру жұмыстары да қолға алынған. Жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуді 2026 жылдың I тоқсанының соңына дейін аяқтап, 2026 жылғы 6 сәуірге дейін мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алу жоспарланған.
Қысқы кезеңде негізгі назар жобалық-сметалық құжаттаманы аяқтау, бөлімдерді әзірлеу және материалдарды мемлекеттік сараптамаға тапсыру, сондай-ақ жергілікті мердігер ұйымдарды айқындау бойынша тендерлік рәсімдерді жүргізуге аударылады.
Шарт талаптарына сәйкес құрылыс-монтаж жұмыстарының аяқталу мерзімі – 2027 жылғы 31 желтоқсан.

«Бахты – Аягөз» жобасының іске қосылуы Қазақстан – Қытай бағытындағы өткізу қабілетін арттырып, қолданыстағы өткізу бекеттеріне түсетін жүктемені төмендетуге және экспорттық-импорттық әрі транзиттік тасымалдардың тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді.
«Бахты – Аягөз» теміржол жобасының іске асырылуы Үкіметтің ерекше бақылауында.