Санаэ Такаитидің Қытай «Тайваньға қарсы әскери кемелер мен өзге де күштерді қолданған жағдайда», Жапония «ұжымдық өзін-өзі қорғау құқығын іске асыра алады» деген мәлімдемесі және оның бұл сөздерінен бас тартпауы туралы ұстанымы Қытай Халық Республикасында елеулі наразылық тудырды. Қытай неге соншалықты өткір реакция танытты? Себебі анық: Тайвань мәселесі – ҚХР-дың ұлттық мүддесіндегі ең негізгі түйін және Қытай ешбір жағдайда аттауға жол бермейтін басты «қызыл сызық» болып табылады. Такаити — Тайвань мәселесін «ел үшін экзистенциалды қатер» ретінде ашық атап өткен алғашқы жапон премьер-министрі. Кейбір сарапшылар мұның Жапонға қарсы соғыстағы және Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жапонияның жеңілісінен кейін Қытайға бағытталған алғашқы әскери риторикасы екенін атап өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
ҚХР Қорғаныс министрлігі Жапония Тайвань төңірегіндегі шиеленісті ушықтырса, Қытай Халық-азаттық армиясынан күйрете жеңіліс табатыны жөнінде ескерту жасады. ҚХР Мәдениет және туризм министрлігі арнайы хабарлама жариялап, қытайлық туристерді Жапонияға сапардан бас тартуға шақырды. Air China, China Eastern, China Southern Airlines сияқты ірі әуе компаниялары жолаушыларға Жапония бағытына алынған билеттерді тегін қайтару немесе ауыстыру мүмкіндігін ұсынды. Демалыс күндері ҚХР Білім министрлігі шетелде білім алу жөнінде ескерту жариялап, Жапонияда оқып жүрген қытайлық студенттерді, сондай-ақ жақын уақытта сонда оқуды жоспарлап жүргендерді тәуекелдерді мұқият бағалап, оқу жоспарын ұйымдастыру кезінде барынша сақ болуға шақырды.
Қытай халқы Такаитидің мәлімдемелеріне бірқатар себептерге байланысты орынды түрде наразылық білдіруде.
Біріншіден, бұл мәлімдемелер жай ғана арандату емес. Олар – халықаралық құқықтық тәртіпті өрескел бұзу және Қытай-Жапония қатынастарына елеулі нұқсан келтіру болып табылады. 1945 жылы Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін, Каир декларациясы (1943) және Потсдам декларациясы (1945) негізінде Жапония қарулы агрессия кезінде басып алған барлық Қытай аумақтарын, соның ішінде Тайваньды, Қытайға қайтарды. Бұл – саяси интерпретация мәселесі емес, халықаралық құқықтың негізгі қағидасы болып табылады. Қытаймен дипломатиялық қатынас орнату барысында және екіжақты төрт саяси құжатта Жапония «бір Қытай» қағидатын мойындаған. Соғыста жеңілген және кінәлі тарап ретінде Жапонияның Тайваньмен «ерекше қатынастарды» сақтап отырғандай кейіп танытып, өзін «отаршыл қожайын» рөлінде көрсетуге ұмтылуы – соғыстан кейінгі халықаралық тәртіп пен халықаралық құқық үстемдігіне ашық құрметсіздік әрі арандатушылық болып табылады. Бұл жағдай бір кездері біреудің баласын ұрлап алып, сот мүлікті қайтару жөнінде үкім шығаруына қарамастан, «менің бұл балаға деген ерекше сезімім бар» деп, тіпті оның заңды иесіне ақыл айтуға батылдық танытатын қарақшының әрекетін еске салады.
Екіншіден, Санаэ Такаитидің мәлімдемелері Қытай халқының наразылығын тудырғанының терең тарихи себептері бар. Қытай халқы үшін Токионың мұндай риторикасы жаңа емес. Дәл осы «экзистенциалды қатер» деген тұжырым бір кезде Қытайға өлшеусіз қасірет әкелген басқыншылық соғыстың сылтауы болған. Тарихта Жапония Қытайдың солтүстік-шығысында өзінің «ерекше мүдделері» бар деп мәлімдеп, сол арқылы агрессиясын және жасаған қылмыстарын ақтап алуға тырысқан. Мұның айқын мысалы – 18 қыркүйек оқиғасы (Мукден маңындағы теміржолды жару). Ал дәл сол логиканың Тайваньға – ҚХР-дың ажырамас бөлігіне – қатысты қолданылуы Қытай үшін тек өрескел әрекет қана емес. Қытай халқы үшін бұл — бір кездері өздері жеңген милитаризм мен отаршылдық идеологиясының елесін қайта тірілтуге бағытталған әдейі жасалған әрекет болып саналады. Сонда Жапония өткеннің қателіктерін тағы да қайталауға ниетті ме? Тағы да «экзистенциалды қатерге» сүйеніп, агрессивті экспансияны ақтамақ па? Егер осы логикаға жүгінсек, Жапония «өмірлік маңызды мүдделері» бар деп санайтын кез келген өңір автоматты түрде «ел үшін экзистенциалды қатерге» айналады. Сонда елдің аман қалуы үшін бүкіл әлемге өз туын тігуі керек пе?
Тарихқа жасалған бұл қорлау уақыт таңдауымен одан сайын күшейе түседі. Биыл Қытай халқының жапон басқыншыларына қарсы соғысындағы және Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңісінің 80 жылдығы аталып өтуде. Бұл — шетелдік басқыншыларға қарсы күресте жанын қиған миллиондаған қаһармандарды халық ерекше құрметпен еске алатын кезең. Осындай уақытта Жапонияның қазіргі премьер-министрінің мұндай мәлімдеме жасауы Қытай халқының тарихи жадына және құрбан болғандардың рухына бағытталған терең құрметсіздік пен арандатушылық ретінде қабылданады. Мұндай әрекеттің миға қонымсыздығын Германияның Холокост құрбандарын еске алу күнінде Польша территориясының егемендігін қайтадан бұзбақ ниетін жариялаумен салыстыруға болады.
Ақырында, Санаэ Такаитидің пікірлерін жеке оқшаулап қарауға болмайды. Оларды Ясукуни ғибадатханасына жасалған бірнеше сапарлармен, оқулықтардағы тарихи деректерді қайта жазуға бағытталған талпыныстармен және Жапонияның пацифистік конституциясын қайта қарау әрекеттерімен қатар қарастыру қажет. Бұл факторлардың жиынтығы өңірде соғыстан кейін қойылған шектеулерден шығуға және белгілі бір деңгейде әскери үстемдікті қайта орнатуға ұмтылуды аңғартатын алаңдатарлық үрдіс қалыптастырып отыр. Азияның бейбітшілікті қадірлейтін халықтары үшін бұл тек теориялық пікірталас емес, өңірді гүлдендірген бейбітшілік пен тұрақтылыққа тікелей төнген қауіп ретінде бағаланады.
Мұндай жауапсыз риториканың басты трагедиясы – оның салдары ең алдымен жапон халқының өзіне түспек. Қытай – Жапонияның ең ірі сауда серіктесі, экспорт бойынша екінші бағыт және импорттың негізгі көзі. Жапонияның туризм басқармасының деректеріне сәйкес, 2024 жылы қытайлық туристер барлық шетелдік қонақтардың ішінде шығын көлемі бойынша көш бастады. Такаитидің милитаристік мәлімдемелері осы қарым-қатынастарды улап, оның туындатқан салқындығы тек жапон халқы мен бизнесіне зиян келтіреді.
«Кішкентай ит қатты үргенімен, одан үлкен ит болып шықпайды». Бұл сөзді Жапонияның бұрынғы премьер-министрі Юкио Хатояма Санаэ Такаитиға қаратып айтты.
Қорытындыласақ, Жапонияның премьер-министрі өз халқына нақты құнын ашып айтпастан, оны әскери бағыттағы тәуекелдерге жетелеп, елді дағдарысқа қарай итермелеп отыр.