Маңғыстау облысында 700-ден астам жас сарбаз әскери ант берді

671
Фотосурет: Gov

«Батыс» өңірлік қолбасшылығының Ақтау гарнизонындағы теңіз жаяу әскерлері бригадасы мен Бейнеудегі барлау полкінің жас жауынгерлері Отанға адал қызмет етуге ант берд, деп хабарлайды DKNews.kz.

Салтанатты іс-шараға әскери бөлімдердің командирлері, Қарулы күштердің ардагерлері, қоғамдық ұйым өкілдері, сарбаздардың ата-аналары мен жақындары қатысты.

Ақтау гарнизонында әскер қатарына жаңадан қосылған жауынгерлерді құттықтаған «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Бауыржан Артықов жастарға жүрекжарды тілегін жеткізді.

Бүгін – тек сіздер үшін ғана емес, бүкіл еліміз үшін айрықша күн. Әскери ант – әр азаматтың ар-намысы мен өмірлік ұстанымы. Сіздердің әскердегі қызметтеріңіз мінез қалыптастырып, болашақ жетістіктеріңізге берік негіз қалайды деп сенемін, – деді ол.

Ант қабылдау рәсімінен соң жас сарбаздар саптық даярлық, қарумен әрекет ету, қала жағдайындағы іс-қимылдар және шартты әуе қарсыласының шабуылын тойтару сияқты көрсетілімдер жасады.

Қызметтің алғашқы күндерінен бастап командирлердің қамқорлығын, әскери ұжымның қолдауын сезіндік. Ант беру мен үшін ерекше мақтаныш сәті болды. Елім үшін адал әрі жауапкершілікпен қызмет етуге дайынмын, – деді Батыс Қазақстан облысынан теңіз жаяу әскерлері бригадасына шақырылған қатардағы жауынгер Әділ Алхамов.

Ақтау, Бейнеу гарнизондарындағы рәсім аяқталған соң қонақтар үшін арнайы экскурсия ұйымдастырылды. Ата-аналар казармалар мен асханаларды, оқу сыныптарын аралап, жаттығу кешендері мен алдағы уақытта сарбаздар пайдаланатын қару-жарақ пен техниканы көрді. Дәстүр бойынша салтанатты іс-шарадан кейін жауынгерлер алғаш рет туыстарымен бірге қалаға шығуға мүмкіндік алды.

Алдағы айларда сарбаздар жас мамандар бағдарламасы бойынша оқытылып, артиллерист, танкист, байланысшы, атқыш, барлаушы және басқа да әскери-есептік мамандықтарды меңгеретін болады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -