418
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Ұлттық ұлан академиясында биыл талай талантты жас жаңа белесті бағындырып жүр. Солардың арасында өз еңбегімен көзге түсіп, намыс пен табандылықтың шынайы үлгісін көрсете білген курсант бар.

Оның есімі — Қарыбек уулу Рахматилда. Ол жақында 7–8 қараша күндері өткен еркін күрестен Солтүстік Қазақстан облысының чемпионатында 61 келі салмақта жүлделі бірінші орынды жеңіп алып, талайдың назарын өзіне аударды.

Рахматилданың балалық шағы Қырғызстанның Ош облысындағы Мырза-Аке ауылында өтті. 2006 жылы дүниеге келген ол әкесінен ерте айырылса да, тағдырдың бұл сынағы оны сындырған жоқ. Керісінше, өмірге ерте бейімделуге, төзімді болуға үйретті. Әке орны толмаса да, Рахматилда ешқашан мейірімсіз, қараусыз қалған жоқ. Ол анасының да, нағашы тәтесінің де қолында өсіп, екі жақтың бірдей қамқорлығын көрді.

Анасы күнделікті тұрмыс-тіршіліктің ауыр жүгін көтере жүріп, ұлының адал, еңбекқор болып өсуіне ықпал етсе, нағашы тәтесі оған бағыт-бағдар беріп, тәрбиесіне ерекше мән берді. Екі әйелдің мейірімі мен ақыл-парасаты Рахматилданың мінезін қалыптастырып, өмірдегі әр қиындыққа төтеп беруді үйретті. Сол қос аналардың қолдауымен ол өзін қоршаған әлемге сеніммен қарап, болашақта үлкен мақсаттарға жетуді армандап өсті. Ағасы Қарыбек уулу Азиретиумар – аспаздықты таңдаған, Бішкекте еңбек етіп жүрген еңбекқор жігіт. Рахматилда да ағасының еңбекке жақын мінезін бойына сіңіріп өсті.

Мырза-Аке ауылындағы мектеп қабырғасында жүргенде-ақ Рахматилда еркін күреске қызыға бастайды. Әр жас спортшының жүрегінде бір құрметтейтін әрі еліктейтін спортшы болады ғой — оның да басты үлгі тұтар тұлғасы Ерназар Ақматалиев еді. Теледидардан күрес көрсе, жан-тәнімен беріле қарап, әр қимылын үйренгісі келетін.

Ол өзінің жанына жақын спортшысы туралы да айта кетті:

«Ерназар Ақматалиевті бала кезден көріп өстім. Оның қайсарлығына, күреске деген мінезіне еліктедім. Теледидардан оның әр жекпе-жегін қарап, оның қол техникасын жаттап, залда қайталайтынмын. Менің спортқа шын беріліп кетуіме сол кісі себеп болды», — дейді жас спортшы.

Мектепті тәмамдағаннан кейін Рахматилда Отан алдындағы борышын өтеуді басты мақсат етіп, Баткен қаласындағы №7707 әскери бөліміне шақырылды. Жас жігіт үшін бұл тек әскери қызмет емес, шынайы ер азаматқа айналудың алғашқы маңызды кезеңі болды. Қатаң тәртіп, талапшыл бапкерлер және күнделікті қызметтің жауапкершілігі оның бойындағы сабыр мен шыдамдылықты, жігер мен табандылықты шыңдады. Әрбір тапсырманы абайлап орындау, әрбір жаттығуды толық берілу арқылы аяқтау – ол үшін тек тәжірибе емес, мінезді қалыптастырудың басты мектебі болды.

Әскери өмірдің алғашқы баспалдағы Рахматилдаға бір нәрсені айқын көрсетті: болашақта ол кәсіби әскерилердің қатарына қосылып, Отан алдындағы борышын абыроймен атқарғысы келеді. Спортта алған шыдамдылығы мен табандылығы әскери қызметте де оларға серік болып, кез келген қиындықты жеңуге мүмкіндік беретінін ол өз тәжірибесінен түсінді. Осы кезеңде Рахматилда тек физикалық шыңдалмай, рухани тұрғыда да мықтап қалыптаса бастады – алдағы өмірінде әскери, спорттық, тіпті өмірлік белестерді бағындыруға дайын екені айқын көрінді.  

2025 жылдың тамызында Рахматилданың арманы орындалып, ол Ұлттық ұлан академиясының курсанты атанды. Жаңа орта, жаңа талаптар, жаңа тәртіп – бәрі жас жігітті жаңа белестерге жетеледі. Академияның қатал режимі мен оқу процесі оңай болмаса да, Рахматилда үшін ең бастысы – спортқа деген адалдық пен берілгендікті сақтау еді.

Курсант академияға келген алғашқы күннен бастап спорт залында тер төкті. Күрестің әрбір техникасын қайталап, жаттығуларда өзін сынап, шыдамдылығын арттырды. Жаттығу залы оның екінші үйіне айналды – әр сәтте ол өзіне жаңа мақсат қойып, шын жан-тәнімен берілді.

Рахматилда өз жетістігі туралы былай деп бөлісті:

«Академияға келгенде бәрі жаңа, бәрі өзгеше болды. Алғашқы күннен-ақ жаттығуға кірістім. Кейде шаршап, қолым, аяқтарым ауырса да, спорттан қол үзбедім. Күрес мен үшін тек медаль немесе атақ емес, бұл – өзімді сынау, өзіме сенімділікті арттыру жолы», – дейді курсант.

Оның еңбегі тез нәтиже берді. Қазан айында Ұлттық ұлан академиясының ішінде өткен Қазақ күресі бойынша жарыста 62 келі салмақта 2-орынға ие болды. Бұл жетістік – оның табандылығының, берілгендігінің, арманына адалдығының айқын көрінісі еді.

Академиядағы алғашқы айлар жас курсант үшін тек спорттық тәжірибе емес, рухани шыңдалу кезеңі болды. Әр жаттығу, әр белдесу оның бойындағы тәртіпті, жауапкершілікті және жеңіске деген құштарлықты арттыра түсті. Осылайша, Рахматилда академияның жаңа ортасында өзін тек курсант ретінде ғана емес, шын мәнінде спортшы әрі жігерлі жігіт ретінде де көрсете бастады.

Ал ең үлкен жетістік – қарашаның басында еркін күрестен ерлер арасында өткен облыстық чемпионат. Бірінші курсқа енді ғана аяқ басқан жас жігіттің өз салмағында қарсыластарының бәрін айқын жеңіп шығуы көпшілік үшін күтпеген жаңалық болды. Шындығында мұндай жеңіс бір күнде келмейді. Бұл — жылдар бойғы еңбек, жанкештілік, арманға деген адалдық.

Жеңістен кейін Рахматилда өз әсерімен бөлісті:

«Мен үшін бұл чемпионат — жай ғана жарыс емес еді. Өзімді сынайтын, қаншалық жұмыс істегенімді дәлелдейтін сәт болды. Әр белдесу алдында бір-ақ ой тұрды: “Қорықпа. Қолыңнан келеді.” Күресте ең қиыны — қарсылас емес, өз қорқынышыңды жеңу. Сол қорқынышты жеңген күн – сенің ең үлкен жеңісің.”

Чемпион атанған сәтте оның көзінде ерекше қуаныш, терең мақтаныш, әрі артында тұрған елінің рухы сезілді. Осы жеңісі үшін медаль мен грамота, сондай-ақ академия бастығы, полковник Токушев Асқар Қалиақпарұлы арнайы қолсағат табыстап, жас спортшының жетістігін жоғары бағалады.

Рахматилда тек спортқа да ғана емес, біліміне де биік мақсаттар қойған жас. Ол әскери қызметті өмірінің басты жолы деп санайды. Тәртіпті, еңбекқор әрі сабырлы мінезімен қатарластарға үлгі бола бастаған. Оның арманы — білікті офицер болып, тұрақтылық пен тыныштықтың қорғаушысы атану. Оның әр жеңісі – еңбектің, шыдамның, армандарға деген сенімнің жемісі.Осындай талапты жастар барда, Ұлттық ұлан академиясы да, елдің болашағы да нық болары сөзсіз.

Лейтенат Талапкер М.Е.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -