Шымкент гарнизонына қарасты механикаландырылған бригадада елдің төрт өңірінен шақырылған 200-ге жуық жас сарбаз Отанға адал қызмет етуге ант берді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Салтанатты шара әскери бөлім аумағында ұйымдастырылып, ерекше көңіл-күй мен патриоттық рухта өтті.

Жаңадан әскер қатарына алынған сарбаздар Қызылорда, Алматы, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласынан келіп, алғашқы дайындық кезеңін аяқтады. Әскери ант – олардың әскери өмірдегі ең маңызды әрі жауапты қадамдарының бірі.
Ант қабылдау рәсіміне жауынгерлердің ата-аналары, әскери ардагерлер және бөлімнің жеке құрамы қатысты. Туыстары мен жақындары үшін бұл күн – балаларының азамат ретінде шыңдалып, Отан қорғаушы мәртебесін иеленгенін көрген ерекше сәт болды.

Бөлім командирі подполковник Сергей Бибулатов жауынгерлерді маңызды оқиғамен құттықтап, олардың алдағы қызметіне сәттілік тіледі.
«Әскери ант – әрбір сарбаздың өміріндегі үлкен жауапкершіліктің бастауы. Сіздер енді елдің тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында ерлік пен табандылық танытасыздар деген сенімдемін» Подполковник Сергей Бибулатов
Шара барысында жас сарбаздар саптық дайындықтарын көрсетіп, салтанатты түрде әскери бөлім Туының алдынан жүріп өтті. Әскери оркестрдің сүйемелдеуімен Мемлекеттік Гимн орындалып, салтанатты жиын мерекелік жүріспен аяқталды.

Әскери ант қабылдаған жас буын енді негізгі жауынгерлік даярлық кезеңіне кіріседі. Алдағы уақытта олар атыс дайындығы, тактикалық іс-қимыл, саптық жаттығулар және жауынгерлік міндеттерді орындауға қажетті басқа да әскери пәндерді меңгеретін болады.
Бұл күн жас сарбаздардың ғана емес, олардың отбасылары мен жақындарының да жүрегінде ерекше естелік ретінде сақталары сөзсіз. Отан алдындағы парызын өтеуге бел буған жауынгерлерге қызмет жолында табыс пен береке тілейміз.

