«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында екі жарым мыңға жас сарбаз әскери ант берді, деп хабарлайды DKNews.kz.
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының Тараз гарнизонындағы әскери бөлімдерінде 400-ден астам мерзімді қызмет жауынгері әскери ант берді.
Салтанатты рәсімге «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Ержан Ыбыраев, Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков және Қарулы күштердің ардагерлері қатысты. Жас сарбаздардың алдында сөз сөйлеген аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев жауынгерлерді әскери істі жауапкершілікпен меңгеруге және оларды шыңдай түсетін армияның қиындықтарынан қорықпауға шақырды.
– Бір жыл бойы Жамбыл облысы сіздердің үйлеріңіз болады және бұл уақыт естеріңізде мәңгі сақталады, – деді Е. Карашөкеев. – Біз сіздердің әскери қызметті абыроймен атқарғандарыңызға, Отан алдындағы борыштарыңызды құрметпен орындайтындарыңызға сенеміз.
Әскери ант қабылдау салтанаты дәстүрге айналған Жеңіс саябағында, қазақ халқының даңқты ұлы Бауыржан Момышұлының ескерткіші жанында өтті. Атақты батальон командирінің атын иеленген 5-механдандырылған бригаданың жас сарбаздарымен бірге байланыс полкінің, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау батальонының, сондай-ақ жөндеу базасының жауынгерлері де ант берді.
Бір ай бойы жас жауынгер курсында болған сарбаздар атыс және тактикалық дайындықтан өтті. Жауынгерлікк техниканы меңгеріп, полигонда атыс тапсырмаларын орындады. Сонымен бірге сарбаздар уақыттың едәуір бөлігін әскери жарғыларды оқуға арнады.
Қонақтар арасында жас жауынгерлердің туыстары да болды. Ақтөбеден Таразға егіз ұлдары Ақниет пен Әділетті көруге келген Ерболат Төремұрат әскери қызметтің өмір мектебі екендігін жақсы біледі. Себебі өзі де екі жыл әскерде болған. Ол армия ұлдарының шынығып, Отанның нағыз қорғаушылары болып шығуына көмектесетініне сенімді.
Сондай-ақ Шу ауданынан Надыр мен Исмаил Ибрагимовтерді көруге олардың әжесі Гильшат Бадырова да келді. Немерелерінің қызмет арқылы күшті, ақылды, батыл болып шығатынына сенімді қария оларды қолдау үшін арнайы келгенін айтты.
Салтанатты рәсімнен кейін жауынгерлерге дәстүр бойынша туыстарымен уақыт өткізу үшін қалаға сейілге шығуға рұқсат берілді. Осы күні «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінде екі жарым мыңға жуық жаңадан шақырылған сарбаз ант берді.