Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы елдің ішкі қауіпсіздігін қамтамасыз етуде аса маңызды рөл атқарады.
Соның ішінде маңызды міндеттердің бірі – қылмыстық-атқару жүйесінің түзеу мекемелерін күзету және олардағы қауіпсіздік режимінің сақталуын қамтамасыз ету. Бұл бағыттағы қарауыл қызметі – жоғары деңгейдегі жинақылықты, кәсіби шеберлікті және үздіксіз дайындықты қажет ететін аса жауапты қызмет түрі. Бұл міндетті орындау үшін тек физикалық тұрғыдан мықты, тұрақты психологиялық дайындыққа ие, заң талаптарын қатаң сақтайтын, тәжірибесі мол әскери қызметшілер қажет. Осындай жауапты қызметті абыроймен атқарып келе жатқан тұлғалардың бірі – аға сержант Бекзат Зиядаев.
1983 жылы Қызылорда облысы Сырдария ауданы Айдарлы ауылында дүниеге келген Бекзаттың балалық шағы туған ауылында өтті. Әкесі Сапарбек Зиядаұлы салық комитетінде абыроймен жұмыс істеп, отбасына адалдық, тәртіп, жауапкершілік секілді құндылықтарды сіңірген. Анасы Орынгүл Сәрсенбайқызы аспаз болып еңбек етіп, балаларын еңбексүйгіштікке тәрбиеледі.
Отбасы 1996 жылы Қызылорда қаласына қоныс аударып, Бекзат Жамбыл Жабаев атындағы №140 мектепте білім алады. Ұқыптылығы, салмақтылығы және тәртіпке бейімділігі оны қатарластарынан әрдайым ерекшелендіріп тұратын. 2000 жылы мектепті аяқтаған соң, Алматы заң колледжінің Қызылорда филиалына түсіп, білім алған Бекзат Сапарбекұлы заң саласының қыр-сырын меңгеріп шықты. 2002 жылы мерзімді әскери борышын өтеу үшін Ішкі әскерге қызметке шақырылды. Екі жыл бойы 7552 әскери бөлімінде қызмет етіп, взвод сержанттығына дейін көтерілді. Бұл уақыт оның мінезін шыңдап, командирлік қабілетін, жауапкершілігін, қырағылығын арттырған маңызды кезең болды.

2004 жылы әскерден оралған соң да, бойындағы әскери тәртіпке деген сүйіспеншілік оны қайтадан сапқа әкелді. 2008 жылы Ішкі әскер қатарына қабылданып, 6506 әскери бөлімнің Қызылордада орналасқан 9 ротасында келісімшарт бойынша қызметін бастады. 2011 жылы 5547 әскери бөлімі жаңадан ашылғанда, ол қызмет ететін рота осы бөлімге беріліп, Бекзат Сапарбекұлы Қызылорда өңіріндегі түзеу мекемесін күзетуді ұйымдастыру ісінің бел ортасына кірісті.
20 жылдан астам үздіксіз қызмет – оның әскери маман ретіндегі тұрақтылығы мен адалдығының айқын дәлелі. Түзеу мекемесін күзету қарапайым міндет емес. Бұл – тәуліктің әр минутында жоғары зейін, мүлтіксіз қимыл, заңды білу және психологиялық тұрақтылықты қажет ететін жауапты қызмет.
Аға сержант Зиядаев жетекшілік ететін қарауыл қызметінің күн тәртібі әр минутына дейін есептелген: жеке құрамды ояту, медициналық тексеру, қызметке жарамдылығын анықтау, тәрбие және психологиялық дайындық жұмыстары, қару алу, сапқа тұру, нұсқаулық сабағын өткізу: қаруды қолдану, қашуға әрекет еткен сотталғандарды тоқтату іс-қимылы, қоянқолтық ұрыс тәсілдері, жауынгерлік есептің әрекеті; қызметке тарату сияқты күнделікті жауынгерлік жұмыс бір сәтке де өз кестесінен бұлжымай орындалып жатады. Әрбір ауысым 3 сағат сайын ауыстырылып, қызмет барысында кез келген күдік тудырған жағдай көзден таса болмай, қырағы қадағаланды.
Бекзат Сапарбекұлының айтуынша, қарауыл қызметінің әр сәті адам өміріне, мекеме қауіпсіздігіне және қоғамның тыныштығына тікелей әсер етеді.
«Қырағылықтың бір минутқа әлсіреуі – үлкен қауіп», – дейді ол.
2023 жылдың 30 мамырында түзеу мекемесінің тыйым салынған аймағына өтіп кеткен сотталған адамды жауынгерлік есеп жедел әрекетпен ұстап, қашу әрекетіне жол бермеді. Сол уақытта Бекзат қарауыл бастығының көмекшісі ретінде жағдайды бірден бақылауға алып, жеке құрамның нақты әрі үйлесімді әрекетін ұйымдастырған еді. Бұл оқиға – оның тәжірибесі мен кәсібилігінің айқын дәлелі. Қызметтегі қырағылығы мен жігерлі әрекеті үшін Бекзат әскери бөлімнің қолбасшылығы тарапынан марапатқа ие болды.
Бекзат Зиядаевтың әскери ұжымдағы беделі ерекше. Төрт ағайындының ортасында өскен Бекзаттың бауырмал мінезі кейін оның әскери қызметтегі сарбаздарға деген әкелік қамқорлығынан да көрініс тапқан. Сарбаздар оны «әке сияқты қамқор, бірақ тәртіпке келгенде талапшыл» деп сипаттайды. Ол әр жас жауынгердің бойындағы қобалжуды, қорқынышты немесе сенімсіздікті сезе біледі. Қызметке шығар алдында олардың жағдайын сұрап, психологиялық дайындықтарына назар аударады. Тәртіп бұзбай, қызметті дұрыс атқару үшін әрбір әрекеттің маңызды екенін қайта-қайта түсіндіреді.

Командирлік тәжірибесі мол болғандықтан, ол өз сарбаздарын тек бұйрық беруші емес, бағыт көрсетуші тәлімгер ретінде тәрбиелейді. Бұл – қарауыл қызметінің сапасын арттыратын ең маңызды факторлардың бірі.
Бекзат Сапарбекұлының айрандай ұйып отырған отбасы бар. Жұбайы Рита Темірбекқызы бала тәрбиесімен айналысатын педагог. Ұлы Саят – 9 сынып оқушысы, қызы Раяна – 3 сыныпта, кіші ұлы Сұлтан – 2 жаста. Игі қасиеттерімен елге қызмет етіп жүрген Бекзат балаларын да отансүйгіштікке, батылдыққа, адал еңбек етуге тәрбиелейді. Ал өзінің тете інісі – сержант Мәлік Зиядаев та Ұлттық ұланда бақылаушы болып қызмет етіп жүр. Ағайындылардың бұл таңдауын ел қауіпсіздігі жолындағы қызметке деген құрметінің белгісі деуге болады.
Аға сержант Бекзат Зиядаевтың өмір жолы – әскери қызметке шексіз адалдықтың, еңбекқорлықтың және еліміздің қауіпсіздігіне деген биік жауапкершіліктің жарқын үлгісі. Түзеу мекемесін күзетудегі қарауыл қызметі – тәулік бойы тоқтаусыз жүретін күрделі жұмыс. Ал осы қызметте Бекзат Сапарбекұлы сияқты тәжірибелі, адамгершілігі жоғары, сарбазына әкелік қамқорлық көрсететін командирлердің болуы – Ұлттық ұланның беделі мен сенімділігінің кепілі. Аға сержант Бекзат Зиядаевтың 20 жылдық қызмет жолы – ел тыныштығы жолында аянбай еңбек етудің үлгісі іспеттес.
Запастағы подполковник Данара БАЙМАҒАНБЕТОВА,
«Оңтүстік» ӨңҚ