DKNews.kz порталына арналған эксклюзивті мақаласында ҚХР-дың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлин Қытайдың заманауи тарихтағы ең ауқымды әлеуметтік серпілістердің біріне - абсолютті кедейлікті толық жоюға - қалай қол жеткізгенін айтты. Ол жүз миллионға жуық адамды жоқшылықтан шығаруға мүмкіндік берген нақты қадамдарды, нысаналы қолдау моделінің табыстың негізгі факторы болғанын және бұл тәжірибенің жаһандық тұрақты даму күн тәртібі үшін маңызын түсіндірді.
Қытайдың кедейлікті жою тәжірибесі жаһандық кедейшілікті азайту ісіне серпін береді
Кедейлікті жою – бүкіл адамзат үшін ортақ міндет. Қытай Халық Республикасы құрылғаннан бері кедейлікті азайтудың қытайлық ерекшелігі бар тиімді жолын қалыптастырып, кедейшілікпен күрес тарихында нағыз ғажайып жасады және әлемге кедейлікті төмендетудің қытайлық тәсілі мен тәжірибесін ұсынды.

Қытай кедейлікті азайтуда әлем мойындаған елеулі әрі озық нәтижелерге қол жеткізді. КХР құрылған кезден бастап Қытай Коммунистік партиясы қытай халқын кедейліктен жүйелі түрде арылту жолына бастап келеді. Әсіресе ҚКП-ның 18-съезінен кейін Қытай ауқымы, қарқыны және қамту деңгейі жағынан бұрын-соңды болмаған кедейлікті жеңуге бағытталған шешуші науқанды ұйымдастырып, жүзеге асырды. 2020 жылдың соңына қарай елдегі 98,99 млн ауылдық тұрғыны (сол кездегі стандарт бойынша) толықтай кедейліктен шығарылды, 832 артта қалған уезд «кедей аймақ» мәртебесінен толық арылды, 128 мың кедей ауыл кедей ауылдар тізімінен шығарылды. Осылайша абсолютті кедейлік және жеке өңірлердегі терең кедейлік толықтай жойылды. Қытай БҰҰ-ның Тұрақты даму жөніндегі 2030 күн тәртібіндегі кедейлікті азайту мақсатына белгіленген мерзімнен он жыл бұрын қол жеткізіп, кедейлікпен күрес тарихында «бұрын-соңды болмаған жетістікке» қол жеткізді.
Кедейліктен шығару жөніндегі міндеттердің орындалуы «екі алаңдаушылықты жою» және «үш кепілдікті қамтамасыз ету» қағидаттарын толық жүзеге асырды – яғни тамақ пен киімнің жетіспеушілігін болдырмау, міндетті мектеп білімін, базалық медициналық қызметтерді және қауіпсіз тұрғын үйді қамтамасыз ету, сондай-ақ ауыз судың қауіпсіздігін шешу. Дүниежүзілік банктің абсолютті кедейлік өлшемі (күніне адам басына 1,9 АҚШ доллары) бойынша алғанда, 1978 жылы «реформа және есік ашу» саясаты басталғаннан бері Қытайдағы кедей халықтың саны шамамен 800 миллион адамға азайып, осы кезеңдегі әлемдік кедейшіліктің 75%-ын құрады. Әлемде аса кедейлік жағдайында өмір сүретін халықтың үлесі 40%-дан 10%-дан төмен деңгейге түсті, бұл үдерісте Қытай шешуші рөл атқарды.
Кедейлікті жоюдағы жан-жақты жеңіске жеткеннен кейін Қытай бес жылдық өтпелі кезеңді енгізді. Бұл уақытта динамикалық мониторинг пен нысаналы қолдау тетіктері жетілдіріліп, халықтың қайтадан кедейлікке жаппай оралуына жол бермейтін «қызыл шекара» берік сақталды.

Қытайдың кедейлікті азайту тәжірибесі жаһандық кедейшілікті жоюдың жаңа жолдарын ашты. Ұлттық ерекшеліктерді ескере отырып, Қытай кедейшілікті төмендетудің қытайлық ерекшелігі бар жолын қалыптастырды.
Біріншіден, ҚКП-ның жан-жақты басшылығы және ірі міндеттерді шешу үшін күшті шоғырландыруға мүмкіндік беретін мемлекеттік жүйенің артықшылықтары синергетикалық әсер көрсетті. Кедейлікті азайту мемлекеттік стратегия деңгейіне көтерілді, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин бұл жұмысты жеке өзі қадағалап, бағыттап отырды. Кедейлік мәселелерін басқарудың орталық деңгейдегі стратегиялық жоспарлаудан бастап жергілікті деңгейдегі нақты іске асыруға дейін тік интеграцияланған механизмі құрылды. Сонымен қатар мемлекет, нарық және қоғамның үйлесімді қатысу жүйесі қалыптастырылып, бағалау мен бақылаудың ең қатаң тетігі енгізілді. Бұл кедейлікті азайту саясатының тиімді жүзеге асуына жол ашты.
Екіншіден, даму бағытын ұстану – кедейлікті шешудің түпкілікті жолы ретінде қарастырылады. Төраға Си Цзиньпин атап өткендей, кедейшілікті азайту мәселесі түптеп келгенде – даму мәселесі. Қытай аз қамтылған халықты қолдауға бағытталған дамудың дәйекті саясатын жүргізеді, кедей аймақтардың экономикалық өсуіне жағдай жасап, ол өңірлерге кадрларды, капиталды және технологияларды белсенді түрде бағыттай отырып, дамудың өзі арқылы тұрақты шығу тетіктерін қалыптастырады.

Үшіншіден, «халық бәрінен жоғары» және «халыққа сүйеніп іс атқару» қағидаттарына берік ұстаным. Кедейлікті азайту шараларын жүзеге асыруда Қытай әрқашан халық мүддесін бірінші орынға қояды. «Ортақ әл-ауқат жолында ешкім шетте қалмауы керек» деген қағидатты басшылыққа алады. Төраға Си Цзиньпин кедейлікпен күресте ең алдымен адамдардың сенімін және ұмтылысын нығайту қажет екенін атап өтіп, «өңір кедей болса да, ойлар кедей болмауы керек», «кедей аймақтардың рухани мәдениетін күшейту» секілді идеяларды алға тартады. Ол «балық бергеннен гөрі, балық аулауды үйрету жақсы» деген қағидатты басшылыққа алып, кедейлікті түбегейлі шешуге жағдай жасайды.
Төртіншіден, кедейлікті азайтудың нысаналы, дәлме-дәл стратегиясын жүйелі жүзеге асыру. Қытай көмек алушыларды анықтауда, жобаларды жоспарлауда, қаржыны бөлуде, шараларды әрбір үйге жеткізуде, әр ауылға жауапты кадрларды бекітуде және кедейлікті төмендету тиімділігін бағалауда дәлдікке қол жеткізеді. «Жаппай суару» тәсілі қолданылмайды, оның орнына «ауруға қарай ем» қағидасы бойынша жекелендірілген және нысаналы көмек көрсетіледі.
Қытайдың кедейшілікті азайту тәжірибесі жаһандық кедейшілікті жою ісіне жаңа серпін береді. Халқы көп, әрі даму негізі әлі де салыстырмалы түрде әлсіз ірі дамушы ел ретінде Қытай абсолютті кедейліктен толық арылтудағы табысты тәжірибесі арқылы кедейлікті жеңуге болатынын дәлелдеді. «Әлсіз құстың» да бірінші болып ұша алатынын ғана емес, биікке көтеріле алатынын көрсетті. Қытайдың табысы басқа дамушы елдер үшін де бейімдеуге болатын нәтижелер екенін дәлелдейді. Қытайдың кедейшілікті азайту концепциялары мен тәсілдері қайта қолдануға болатын және кеңінен таралуға лайық тәжірибе ретінде жаһандық Оңтүстік елдеріне маңызды бағдар береді.
Xinhua/Li Yibo
Қытай халықаралық кедейлікті азайту ынтымақтастығына нақты істерімен белсенді қатысып келеді. Дүниежүзілік банктің болжамы бойынша, Қытай ұсынған «Бір белдеу, бір жол» бірлескен құрылысы бастамасы 2030 жылға қарай шамамен 7,6 миллион адамды аса кедейлік жағдайынан, 32 миллион адамды орташа кедейліктен шығаруға көмектесуі мүмкін. Глобалды даму бастамасы іске қосылған төрт жыл ішінде 23 млрд АҚШ долларынан астам қаражат жұмылдырылып, 1800-ден астам ынтымақтастық жобасы жүзеге асырылды, көптеген елдің халқы бұдан нақты пайда көрді.
Қытай БҰҰ–Қытай Бейбітшілік және даму қорын және Оңтүстік–Оңтүстік ынтымақтастығы қорын құрды, сондай-ақ Шығыс Азиядағы кедейлікті азайту жөніндегі ынтымақтастық бастамасы, Қытай–Африка кедейлікті төмендету бағдарламасы және басқа да тетіктер аясында жобаларды жүйелі түрде іске асырып келеді. Бұл шаралар әртүрлі елдер халықтарының әл-ауқатын арттыруға және кедейшілікті төмендетуге елеулі үлес қосуда.
Кедейлікті азайту жөніндегі ынтымақтастық Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа жарқын бағытына және дамытушы драйверіне айналуда. Тараптар екіжақты негізде де, ШЫҰ және «Қытай–Орталық Азия» сияқты көпжақты алаңдар арқылы да кедейлікті төмендету мәселелері жөнінде тығыз байланыс орнатып, практикалық ынтымақтастықтың икемді және алуан түрлі нысандарын дамытуда. Қытай басшылығы бірнеше рет Қытай Орталық Азия мемлекеттерімен кедейшілікті азайту тәжірибесімен бөлісуге дайын екенін атап өтті. 2021 жылдың қыркүйегінде Қытай тарапы ШЫҰ мүше елдеріне үш жыл ішінде кедейлікпен күрес дағдыларын оқытуға мың квота бөлетінін жариялады. 2023 жылдың мамырында Қытай мен Өзбекстан Үкіметаралық ынтымақтастық комитеті аясында кедейлікті азайту жөніндегі Ынтымақтастық кіші комитетін құрды. Бұл Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы кедейлікті төмендету ынтымақтастығын дамытудағы маңызды қадам болды және оң нәтижелер берді.
2024 жылғы мамырда Сианда өткен ШЫҰ-ның Кедейшілікті азайту және тұрақты даму форумы кедейлікті жою және тұрақты дамуды ілгерілету саласындағы тәжірибе алмасуға арналған тиімді платформаға айналды. Шілде айында Шыңжаңда ресми түрде Қытай–Орталық Азия кедейлікті азайту ынтымақтастық орталығы құрылды. Бұл орталықтың ашылуы «Қытай–Орталық Азия» Екінші саммиті аясында жүзеге асырылып, кедейлікті азайту бағытындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңін ашты.

Қытай мен Қазақстан кедейлікті төмендетуде ынтымақтастықты одан әрі тереңдетіп, модернизация жолында сенімді әріптес бола алады. Абсолютті кедейлікті жою – жұмыстың аяқталуы емес. Кедейлікті толық жою және жалпыға ортақ әл-ауқатқа қол жеткізу – ҚКП халықпен бірге қол жеткізуге ұмтылатын стратегиялық мақсат. 2024 жылғы қазанда өткен ҚКП 20-шақырылым Орталық Комитетінің 4-пленумы алдағы бес жылға арналған Қытайдың әлеуметтік-экономикалық дамуының стратегиялық бағыттарын жүйелі түрде айқындады.
15-інші бесжылдық кезеңінде Қытай кедейлікті азайту нәтижелерін нығайту мен кеңейтуді, ауылды жан-жақты жандандыруды ілгерілетуді және қытайлық модернизацияға қол жеткізуді жалғастырады.

Қытай мен Қазақстан – мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестер және модернизация жолындағы сенімді серіктер. «Бір белдеу, бір жол» бастамасын жоғары сапалы бірлесіп дамыту, сауда мен инвестициялар, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика салаларындағы өзара тиімді ынтымақтастық екі елдің экономикалық дамуына тұрақты серпін беріп келеді. Болашаққа көз жүгіртсек, Қытай тарапы 15-інші бесжылдық бағдарламасын Қазақстанмен даму саясаттарын үйлестіруді нығайту, тәжірибе алмасуды тереңдету, кедейлікті азайту бойынша бірлескен жобаларды іске асыру үшін маңызды мүмкіндік ретінде пайдалануға дайын. Сондай-ақ екі елдің бірлескен өркендеуіне, әлеуметтік игілігіне және жеке тұлғаның жан-жақты дамуына ықпал етіп, Қытай мен Қазақстанның ортақ тағдыр қауымдастығын қалыптастыруға бағытталған күш-жігерді жалғастыруға ниетті.