Коллекторларға неге тыйым салынады: заңды бұзатын әрекеттер тізімі

1474
Фотосурет: pressfoto/freepik.com

Коллекторлармен өзара іс-қимыл кезінде нені ескеру маңызды?

Қазақстандағы коллекторлық агенттіктердің қызметі «Коллекторлық қызмет туралы» Заңмен реттеледі және белгіленген қағидалар шеңберінде жүзеге асырылады, деп хабарлайды DKNews.kz.

Кредитор коллекторға борышты қашан береді?

Банктер мен микроқаржы ұйымдары қарыз алушыны төлем мерзімі өткені туралы хабардар етеді және қайта құрылымдауды ұсынады.

Егер берешек реттелмесе және мерзімі 90 күннен асса, кредитор борышты сатуға (құқықтарды (талаптарды) беруге) немесе оны коллекторлық агенттікке сотқа дейінгі өндіріп алуға беруге құқылы.

Алайда, 2024 жылғы 1 шілдеден бастап азаматтардың коллекторлық агенттіктерге кредиттері бойынша құқықтарды (талаптарды) беруге екі жылдық мораторий енгізілді, ол 2026 жылғы 1 мамырға дейін қолданылатын болады.Мораторийді 2027 жылғы 1мамырға дейін ұзарту мүмкіндігі де қарастырылуда.

Осы кезеңде азаматтардың борыштарын коллекторларға сатуға тыйым салынады және реттеу тек қайта құрылымдау, айыппұлдарды, өсімпұлдар мен комиссияларды кешіру немесе талап ету құқығынан өтпестен берешекті сотқа дейінгі өндіріп алуға беру арқылы мүмкін болады. Мораторий аяқталғаннан кейін борышты беру 24 айдан астам кешіктірілген және кредитор өсімпұлды міндетті түрде кешіре отырып, реттеу рәсімдерін жүргізген кезде ғана шешіледі.

Борышкердің қандай құқықтары мен міндеттері бар?

Борышкер:

  • коллекторлық агенттіктен коллекторлық агенттік туралы, берешектің мөлшері мен құрылымы туралы мәліметтер алуға;
  • коллекторлық агенттіктің талаптарын сотта даулауға;
  • берешекті коллекторлық қызмет туралы заңда көзделген тәртіппен реттеуге;
  • коллектормен өзара іс-қимыл жасаудың ыңғайлы әдісі мен кезеңін таңдауға, коллектормен өзара әрекеттесу процесін дербес бекітуге;
  • Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне коллекторлық агенттіктің әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдана отырып жүгінуге құқылы.

Борышкер:

  • мекенжайы,телефон нөмірі және жеке басын куәландыратын құжаттардың деректері өзгергені туралы коллекторлық агенттікке хабарлауға;
  • берешекті реттеу мақсатында коллекторлық агенттікпен өзара іс-қимыл жасауға міндетті.

Коллекторлар қалай жұмыс істеуге тиіс?

Коллекторлар:

  • жұмыс күндері сағат 08:00-ден 21:00-ге дейін аптасына үш реттен артық емес қоңыраушалуға;
  • борышкермен аптасына үш реттен артық емес және жұмыс күндері сағат 00-ден 21.00-ге дейінгі кезеңде бі рреттен артық емес кездесуге;
  • ұялы байланыс арқылы жазбаша хабарламалар, мәтіндік немесе дауыстық хабарламалар жіберуге құқылы.

Коллекторлық агенттік борышкермен әрбір байланыста болған кезде коллекторлық агенттіктің атауы, орналасқан жері туралы хабарлауға, өзара іс-қимылды жүзеге асыратын тұлғаның аты-жөнін және лауазымын, кредитордың атауын хабарлауға міндетті.

Коллекторларға не істеуге тыйым салынады?

  • берешектің мөлшері, сипаты және пайда болу негіздері туралы борышкерді адастыру;
  • дәйексіз аты-жөнін, сондай-ақ коллекторлық агенттік қызметкерінің жұмыс орны және (немесе) лауазымы туралы шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді хабарлау;
  • борышкердің ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді тарату не борышкердің мүдделеріне мүліктік зиян келтіруі мүмкін мәліметтерді жария ету;
  • борышкердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін, сондай-ақ оған мүліктік және өзге де зиян келтіруге әкеп соқтыратын құқыққа қайшы әрекеттер жасау;
  • зорлық-зомбылықты қолдану немесе борышкердің мүлкін жою немесе бүлдіру, қорлау, алаяқтық, жалған құжаттар, бопсалау арқылы қысым көрсету.

Коллекторлық қызметті жүзеге асыру кезінде коллекторлық агенттікке:

  • берешекті өтеу есебіне ақшаны (қолма-қол немесе қолма-қол емес нысанда), сондай-ақ өзге де мүлікті қабылдауға;
  • берешекті ақшадан басқа мүлікпен өтеуді талап етуге тыйым салынады.

Сіздің құқықтарыңыз бұзылса, не істеу керек?

Коллекторлардың заңсыз әрекеттері кезінде азаматтар шағымды Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жібере алады. Бұзушылықтар расталған жағдайда, коллекторлық агенттікке қатысты тиісті шаралар қолданылатын болады.

Қазақстан аумағында қызметті жүзеге асыруға құқығы бар коллекторлық агенттіктердің өзекті тізілімі Агенттіктің ресми сайтында орналастырылған.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -