Қазақстанда жылыту маусымы ресми түрде басталды. Биыл оған дайындық бұрынғы жылдардың тәжірибесі ескеріліп, барынша мұқият жүргізілді. Жаз мезгілінде тұтынушыларды тұрақты энергиямен қамтуды көздейтін кешенді шаралар жүзеге асырылды. Мәселен, ҚР Энергетика министрлігінің деректеріне сүйенсек, 2025 жылы елдегі электр станцияларында 10 энергетикалық блокқа, 63 қазандыққа және 39 турбинаға күрделі жөндеу жүргізу жоспарланды. Халық пен коммуналдық-тұрмыстық сектордың ағымдағы жылыту маусымына қажетті көмір көлемі 7,4 млн тоннаны құрайды, оның 5,3 млн тоннасы, яғни 72%-ы маусым басталғанға дейін дайындалып қойған, бұл көлем күз-қыс кезеңін еш бөгетсіз өткізу үшін белгіленген нормативтерге толық сәйкес келеді.
Мәлімет үшін: 2025 жылдың үш тоқсанында жылу энергиясын беру көлемі 61,5 млн Гкал болды, бұл 2024 жылдың дәл осындай кезеңіндегі 61,8 млн Гкал көрсеткішінен сәл төмен. Құндық мәні бойынша жылу энергетикасы саласындағы (бу мен кондицияланған ауаны беру) өндіріс көлемі 370,2 млрд теңгені құрады.
Бүгінде Қазақстанда электр және жылу энергиясын бір уақытта өндіретін 37 жылу электр орталығы (ЖЭО) жұмыс істейді. Олардың ішінде 16 ЖЭО мемлекеттің меншігінде болса, қалған 21-і — жеке меншік.
Жалпы алғанда, ҚР жылу энергетикасы саласында 278 табиғи монополиялар субъектісінің (ТМС) қызметі қатаң реттеледі, олардың ішінде республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарында реттелетін қызмет көрсететін 33 базалық субъект бар.
Жылыту маусымы басталар алдында жылу көздерінің жағдайын бағалау нәтижесіне сәйкес 19 ЖЭО «қызыл» аймаққа, 11 ЖЭО «сары» аймаққа, ал 7 ЖЭО «жасыл» аймаққа орналасты.
Айта кетерлігі, 2025 жылы елеулі оң өзгерістер орын алды:
- 9 ЖЭО — Екібастұз, Өскемен, Жезқазған, Балқаш, Рудный, Риддер, Шахтинск, «Qarmet» АҚ-ның ЖЭО-2-сі және Кентау ЖЭО-сы «қызыл» аймақтан «сары» аймаққа ауыстырылды;
- 3 ЖЭО — Атырау, Текелі ЖЭО-сы және «Қарағанды Энергоцентр» ЖШС-ның ЖЭО-3-і «сары» аймақтан «жасыл» аймаққа ауыстырылды.
Биыл ЖЭО жабдықтарының орташа тозуы 61,39%-ды құрады, бұл өткен жылғы 64,55%-дан және 2023 жылғы 65,16%-дан төмен. Яғни, жағдай біртіндеп жақсарып келеді. Аймақтарда әртүрлі сатыда жүргізіліп жатқан ауқымды жөндеу жұмыстары өз нәтижесін беруде. Жылыту маусымы басталар алдында 4 энергетикалық блокта, 31 қазандықта және 20 турбинада жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде 5 энергетикалық блокта, 22 қазандықта және 12 турбинада жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Мысалы, Петропавл ЖЭО‑2 жылыту маусымында жаңа түтін құбырын іске қосты, қазандық пен турбиналық жабдыққа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Жалпы алғанда, Қазақстандағы жылу энергетикасы объектілерін жөндеу кампаниясын жүзеге асыруға 2025 жылы 376,7 млрд теңге жұмсау жоспарланды, бұл көрсеткіш өткен жылғы қаржыландыру көлемінен (333,4 млрд теңге) 13%-ға артық.
Негізгі көрсеткіштердің бірі — апаттылық деңгейінің төмендеуі. Өткен жылыту маусымы тұрақты оң өзгерістерді көрсетті. Технологиялық бұзушылықтардың азаюы бойынша тұрақты оң динамика бірқатар көрсеткіштер бойынша байқалды — апаттар саны бірден рекордтық 82,4%-ға қысқарды, бірінші дәрежелі ақаулар (28,7%-ға), ал екінші дәрежелі ақаулар (9,4%-ға) азайды.
Жөндеу кампанияларын қаржыландыру тарифтік қаражатты, бюджет қаражатын, қарызға берілген қаражаттарды және өзге де бюджеттен тыс қаржы көздерін қоса алғанда, әртүрлі қаржы көздері есебінен жүзеге асырылады.
Осылайша, ТҮКШ-ны ауқымды жаңғырту жұмыстары өз нәтижесін беруде. Апаттылықтың айтарлықтай төмендеуі, жылу инфрақұрылымының тозу деңгейінің азаюы, қауіпсіздік көрсеткіштерінің артуы және жылыту маусымына уақытылы дайын болу атқарылған жұмыстардың нәтижесі болып табылады. Жүйелі түрде қаржы бөлу инфрақұрылымды нығайтуға, тозған желілерді ауыстыруға және ықтимал тәуекелдердің алдын алуға мүмкіндік береді, мұндай жұмыстар тұтынушының көзіне көрінбеуі мүмкін (әдетте мәселе тек бір нәрсе істен шыққанда ғана байқалады), алайда мұндай шаралар тұрақтылық және азаматтардың қауіпсіздігі үшін маңызды.
Десе де, Екібастұз бен Риддер қалаларында орын алған оқиғаларды естен шығаруға болмайды. Бұл қалаларда болған трагедиялар желілерді жөндеуге қаржының жеткілікті дәрежеде бөлінбеуі қаншалықты қауіпті болатынын айқын көрсетті. Сол себепті «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» Ұлттық жобасында қарастырылған және президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзекті Жолдауында аталған инфрақұрылымды күшейту шаралары тек жайлылық үшін емес, Қазақстанның болашағы үшін қажет стратегиялық маңызды қадам болып табылады, ол елдің экономикасына, қауіпсіздігіне және тұрғындардың өмір сапасына тікелей әсер етеді.
Тағы бір айта кетерлігі, елімізде тұрғын үй-коммуналдық секторды, соның ішінде жылу энергетикасын жаңғыртуға, дамытуға бағытталған цифрлық шешімдер белсенді енгізілуде.
Мәселен, ҚР Энергетика министрлігі Ұлттық жобада көзделген «Жанармай-энергетика кешенін басқарудың бірыңғай мемлекеттік жүйесі» атты салалық платформаны (EnergyTech) іске асыруда. Платформа ЖЭК-тің барлық саласын (энергетика, жер қойнауын пайдалану, қайта өңдеу, сондай-ақ көмір өнеркәсібі) QazTech стандарттары бойынша әзірленген бірыңғай цифрлық шешімнің аясында біріктіреді. Ведомствоның цифрлық шешімдерді енгізудегі басты нәтижелерінің бірі — жылыту маусымындағы апаттылық қаупі 25%-ға төмендеді.
Сондай-ақ ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің (ҰЭМ ТМРК) хабарлауынша, биылғы жылдың қараша айынан бастап елімізде meks.zakup.sk.kz электрондық сатып алу платформасы іске қосылды. Платформада Ұлттық жобаға қатысатын барлық коммуналдық кәсіпорындар тіркелген. Қазіргі таңда 26 кәсіпорын 174 жоба бойынша шамамен 0,5 трлн теңге сомасына өтінім берді.
Барлық аталған шаралар тұрғын үй-коммуналдық секторының, соның ішінде жылу энергетикасы сегментінің жұмысын жақсартуға және сол атқарылатын жұмыстардың ашықтығын арттыруға бағытталған.