Токаев кәсіпкерлер үшін арнайы награда — «Мейірім» орденін тағайындады

825
Фотосурет: Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қайырымдылық пен әлеуметтік жауапкершілік саласында ерекшеленген кәсіпкерлерге берілетін жаңа мемлекеттік награда — «Мейірім» орденінің құрылатынын жариялады, деп хабарлайды DKNews.kz.

Мемлекет басшысы бұл туралы «Алтын сапа», «Парыз» ұлттық сыйлықтарының лауреаттары мен «Қазақстанның үздік тауарлары» республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде айтты.

«Бүгін — еліміздің бүкіл бизнес қауымдастығы үшін айтулы күн. Қалыптасқан дәстүр бойынша біз тағы да “Алтын сапа”, “Парыз” және “Қазақстанның үздік тауарлары” байқауларының жеңімпаздарын құрметтейміз. Бұл залда отырған әр кәсіпкердің жетістігі — біздің ортақ табыстарымыздың жарқын көрінісі», — деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық кәсіпкерлердің сапалы өнім шығарып, экономиканы дамытуға ғана емес, әлеуметтік және қайырымдылық бастамаларға да белсенді қатысатынын атап өтті.

«Сіздер әлеуметтік жауапкершілікті терең сезінесіздер және қайырымдылық жобаларына белсенді атсалысасыздар. Бұл — өз миссиясына адал кәсіпкерлер мен шынайы отаншылдарға тән асыл қасиет деп санаймын. Мемлекет сіздерге әрқашан қолдау көрсетуге дайын», — деді Мемлекет басшысы.

Президент биылдан бастап 29 қазан ресми түрде Қазақстан кәсіпкерлері күні болып жарияланғанын еске салып, жаңа награда бизнес пен қоғам дамуына қосқан үлестің символы болатынын атап өтті.

«Мен арнайы награда — “Мейірім” орденін тағайындадым. Ол қайырымдылық пен әлеуметтік жауапкершілік көрсеткен кәсіпкерлерге беріледі. Осы залда отырған кейбір кәсіпкерлер келесі жылы-ақ бұл жоғары мәртебелі орденді алады деп санаймын. Бұл — еліміздегі барлық бизнес өкілдеріне деген ерекше құрметтің белгісі», — деп атап өтті Тоқаев.

Жаңа награда әлеуметтік жауапты бизнесті дамытудың және мейірім, адамгершілік пен қоғамдық ынтымақ тәрізді құндылықтарды нығайтудың мемлекеттік саясатын жалғастырады — «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасының негізгі бағдарлары.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -