Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшілігінің Кеңесші-уәкілі Асқар Шалқарбаев Бейжің киноакадемиясының ректоры Ху Цянмен кездесу өткізді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Кездесудің барысында тараптар кинематография саласындағы академиялық алмасулар саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту келешектерін талқылады. Қазақ жастарына білім гранттарын беру, киноиндустрия саласындағы мамандар арасында тағылымдамалар ұйымдастыру және тәжірибе алмасу, сондай-ақ киноның заманауи технологиялары (операторлық шеберлік, монтаждау, дыбыс режиссурасы және басқа да бағыттар) саласындағы өзара іс-қимыл мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Тараптар Академия базасында қазақ кинематографының өкілдері үшін қысқа мерзімді тағылымдамалар мен курстарды ұйымдастыру мәселесі бойынша пікір алмасты.
Кездесудің қорытындысы бойынша тараптар практикалық өзара іс-қимылды нығайтуға мүдделілігін растады және білім беру мен шығармашылық салалардағы ынтымақтастықтың нақты форматтарын пысықтауға дайын екендіктерін білдірді.