Қарағандылық AI-стартап ірі венчурлік қорлардан $400 мың инвестиция тартты, деп хабарлайды DKNews.kz.
Astana Hub қатысушысы – 4sell.ai стартапы $4 млн бағалау кезінде $400 мың көлемінде инвестиция алды. Инвестициялық раундқа MA7 Ventures, MOST Accelerator Fund (жобаның акселерация бағдарламасының қатысушысы) және Axiom Capital қорлары қатысты.
4sell.ai – қызмет сапасы мен клиенттік тәжірибені нақты өлшеуге мүмкіндік беретін, әлемде баламасы жоқ AI-платформа. Жобаның негізін мектепте бірге оқыған қарағандылық достар Роман Белопольский (бас директор) және Константин Бальзин (жобаның техникалық директоры) қалаған.

Жүйе компания қызметкерлерінің құрылғыларында тікелей жұмыс істейді: кассаларда, колл-орталықтарда және даяшылар планшеттерінде. Сервис бизнеске қосымша сатылымды арттыруға, real-time кеңестер арқылы қателерді азайтуға, қызметкерлерді тиімді оқытуға және жасырын сатып алушыларсыз-ақ филиалдар мен әр қызметкер бойынша күнделікті ашық аналитика алуға мүмкіндік береді.
«Орташа чекті небәрі 8% өсіру 50 дәмхана желісіне жылына қосымша $1 млн табыс әкелуі мүмкін» 4sell.ai бас директоры Роман Белопольский
Қызметкерлер стандарттарды орындағаны үшін бірден бонус алса, геймификация бақылау жүйесін мотивацияға айналдырады. Ынталандыру мен геймификация енгізілгеннен кейін клиенттік желілерде қосымша сатылымдардың үлесі орта есеппен +8%-ға, ал жекелеген қызметкерлерде 16–19%-ға дейін өскен. Hani желісіндегі алғашқы интеграциялар орташа чек пен персонал белсенділігінің артқанын көрсетті. Клиенттердің қатарында HoReCa нарығының жетекшілері – SF, Zebra Coffee, Coffee Hub, сондай-ақ Biopharma дәріханалар желісінің алғашқы жобасы бар. Қазіргі клиенттердің жалпы 200-ден астам нүктесі жүйеге қосылған.
Тартылған қаражат платформаны жылдам енгізуге және дамытуға бағытталады: даяшыларға арналған жаңа қосымша, self-service функционалы, жетілдірілген геймификация, сөйлеуді талдау дәлдігін арттыру және құрылғының өзінде edge-талдау технологиясына көшу бойынша R&D жұмыстары жүргізіледі.
2026 жылы 4sell.ai 1000 нысанға дейін масштабталуды, өзін-өзі ақтау деңгейіне жетуді және АҚШ нарығына шығуға дайындықты жоспарлап отыр.
«MOST Accelerator Fund бағдарламасы бізге өсім мен фандрейзингке деген көзқарасты қайта қарауға көмектесті. Біз инвесторлармен дұрыс жұмыс жасауды үйрендік және командаға бағыт-бағдар беретін адвайзер таптық. Қарағандыда өткен Мұрат Абдрахмановтың венчурлік ойлау туралы дәрісі масштабталуға серпін берген болатын. Сол кездесуден кейін біз өнімге жаңа қырынан қарап, алғаш рет халықаралық нарықты ойлай бастадық. Бұл іс-шараны ұйымдастырғаны үшін Terricon Venture жетекшісі Мария Жирковаға алғыс білдіреміз» Роман Белопольский

MOST Accelerator Fund – көлемі $10 млн болатын венчурлік қор-акселератор. Орталық Азиядағы AI B2B стартаптарды қолдайды. Қор портфелінде – халықаралық нарыққа шығу әлеуеті бар 10 команда.
MA7 Ventures – Орталық Азиядағы ең ірі инвестор Мұрат Абдрахманов негізін қалаған венчурлік экожүйе. 60-тан астам жобаға $25 млн-нан астам инвестиция салынған. Аймақтағы алғашқы табысты венчурлік экожүйе.
Axiom Capital – корпоративтік B2B бағдарламалық қамтамасыз ету сегментіндегі компанияларға маманданған венчурлік қор.