Тоқаев QazTech платформасынан тыс жаңа мемлекеттік ақпараттық жүйелерді құруға мораторий енгізді

803
Фотосурет: Akorda

Қазақстан Республикасының Президенті «Цифрландырудың жекелеген мәселелері туралы» Жарлыққа қол қойып, бірыңғай «электрондық үкімет» QazTech платформасынан тыс жаңа мемлекеттік ақпараттық жүйелерді (МАЖ) әзірлеуге мораторий енгізді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Құжат цифрлық дамудың платформалық моделін күшейтуге, бюджет шығындарын оңтайландыруға және мемлекеттік функциялардың қайталануын болдырмауға бағытталған

Платформалық цифрландыру моделіне көшу

Жарлыққа сәйкес, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілері QazTech платформасынан тыс жаңа ақпараттандыру объектілерін әзірлей алмайды. Мұндай тәсіл цифрлық шешімдерді орталықтандырылған басқаруды нығайтып, жаңа сервистер мен ІТ-инфрақұрылымның бірыңғай экожүйе аясында қалыптасуын қамтамасыз етеді

Платформалық модель жүйелерді стандарттауды, олардың өзара үйлесімділігін, ашықтығын және қорғалуын арттыруды, сондай-ақ түрлі ведомстволарда ұқсас сервистерді әзірлеуге жұмсалатын артық шығындарды айтарлықтай қысқартуды көздейді

Ерекшеліктер – тек Президент жанындағы Комиссияның шешімімен

QazTech негізінде жаңа ақпараттық жүйені әзірлеу объективті себептермен мүмкін болмаған жағдайда, мәселе цифрландыруды енгізу мәселелері жөніндегі Президент жанындағы Комиссияның қарауына шығарылуы тиіс. Бұл кез келген ерекшеліктің ең жоғары деңгейде қабылданатынын білдіреді және әрбір ІТ-жобаға қатысты мемлекеттік органдардың дербес жауапкершілігін күшейтеді

Мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың жаңа міндеттері

Жарлық Үкіметке, Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін орталық мемлекеттік органдарға, жергілікті атқарушы органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілеріне жаңа талаптарды іске асыру үшін қажетті шаралар қабылдауды міндеттейді. Бұл цифрлық бастамаларды жоспарлау тәсілдерін қайта қарауды, ішкі процестерді бейімдеуді және болашақ сервистердің QazTech платформасына толық интеграциялануын қамтамасыз етуді қамтиды

Президент Әкімшілігі деңгейіндегі бақылау

Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелді. Осылайша цифрлық жобаларды мониторингілеу стратегиялық сипатқа ие болып, мемлекеттік цифрлық трансформация саясатының құрамдас бөлігіне айналады

Жарлық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -