11 желтоқсанда Астанада Мемлекеттік органдардың, салалық қайта өңдеушілердің, экспорттаушылардың, бизнес-қауымдастықтардың және халықаралық әріптестердің қатысуымен 2026-2028 жылдарға арналған қазақстандық май өнімдері экспортын дамыту жөніндегі Жол картасының ресми тұсаукесеріне арналған дөңгелек үстел өтті. Бұл бастама Қазақстанды жылдық экспорттық айналымы 1 млрд АҚШ долларынан асатын, қосылған құны жоғары өнім экспорттауда нарықтық мүмкіндіктері кеңейтілген елге айналдыруға бағытталған. Бұл елдің экономикалық және әлеуметтік өсіміне елеулі үлес қосады, деп хабарлайды DKNews.kz.

Жол картасы Еуропалық одақ қаржыландыратын «Ready4Trade Орталық Азия: Транскаспий көлік дәлізі арқылы өркендеуге жол» жобасы аясында Халықаралық сауда орталығының (ХСО) үдерістері, әдіснамасы және техникалық қолдауын пайдалана отырып, Майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдастығы мен «QazTrade» Сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ бірлесе әзірленген. Бұл жоба Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңдеу үлесін 70%-ға дейін ұлғайту, импортқа тәуелділікті төмендету, дайын өнім экспортын дамыту және ішкі бағаларды тұрақтандыру жөніндегі тапсырмаларын орындауға бағытталған.

Еуропалық Одақтың Қазақстандағы Делегациясының Ынтымақтастық жөніндегі бөлімінің басшысы доктор Йоханнес Бауэр атап өткендей:
«Бүгінгі іс-шара маңызды кезеңді білдіреді. Соңғы бір жыл ішінде Қазақстанның мемлекеттік институттары, жеке сектор өкілдері және ITC сарапшылары салалық диагностиканы, компаниялар арасында сауалнаманы және бірнеше кеңес беру кезеңдерін өткізді. Соның нәтижесінде бүгін біз валидациядан өткізіп отырған, бірлескен әрі негізделген Жол картасы әзірленді. Бұл Жол картасы, ең алдымен, ұлттық құжат болып табылады — ол Қазақстан тарапынан әзірленіп, қалыптастырылған және соған тиесілі. Ал Еуропалық Одақ ITC-мен бірге бұл процесті қолдағанын мақтан етеді».
Экспорт жол картасы алдағы үш жылға арналған саланы дамыту бойынша шаралар кешенін айқындайды: шикізат тапшылығын жою, агротехнологияларды енгізу, логистикалық мәселелерді шешу, инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ қаржы құралдары арқылы фермерлер мен өңдеушілер үшін қолайлы жағдайлар жасау. Мақсатқа жетудің негізгі факторларының бірі ретінде егіс алқаптарын жеделдетіп әртараптандыру және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін майлы дақылдарды қабылдау және сақтау жөніндегі инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Бүгінгі таңда отандық май өнеркәсібі үлкен әлеуетке ие едауір өзгерістердің алдында тұр. Қазақстан әлемдік ауыл шаруашылығы тауарларының нынарығында өз позициясын белсенді түрде нығайтып келеді — еліміз күнбағыс майының әлемдік ТОП-10 экспорттаушысының қатарына, сондай-ақ күнбағыс күнжарасының Еуропалық одаққа жеткізуші ТОП-3 елінің қатарына кіреді. Сонымен бірге, қазақстандық май өнімдері әлемнің 20-дан астам еліне экспортталады.
Жол картасын әзірлеуге мемлекеттік органдардың өкілдері (Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі, «QazTrade» Сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі, Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі, «ҚТЖ» ҰК» АҚ, «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ және басқалар), бизнес қауымдастықтары (Майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдастығы, Қазақстан тұқым өндірушілер қауымдастығы), сондай-ақ халықаралық серіктестер — Еуропалық одақ пен Халықаралық сауда орталығының өкілдері атсалысты.
Дөңгелек үстелдің қорытындысы бойынша Жол картасында көзделген іс-шараларды іске асыру үшін мемлекеттік-жекеменшік платформа құру жоспарланған.