Жамбыл облысында ірі химиялық кешеннің құрылысы бойынша жоба іске асырылуда, деп хабарлайды DKNews.kz.
Жамбыл облысының Сарысу ауданында ұлттық маңызы бар стратегиялық жобаның құрылысына дайындық кезеңі жүргізілуде. Бұл минералдық тыңайтқыштарды өндіретін Қазақстандағы ірі химиялық кешен болады. Жаңа кәсіпорынның жоспарланған қуаты жылына 1 миллион тонна өнім өндіруді құрайды.
Жоба «Zhanatas Chemical Complex» ЖШС тарапынан жүзеге асырылады. Бұл Қазақстандағы химия өнеркәсібінің жетекшісі саналатын «Казфосфат» компаниясына еншілес құрылым. Әлемдік стандарттарға сай тыңайтқыш өндіру үшін ТМД елдерінде баламасы жоқ кенді терең байыту технологиясы енгізіледі. Бұл технология Қаратау бассейніндегі фосфориттік қоспалар мөлшерінің жоғары болуы секілді мәселені шешуге мүмкіндік береді.
Жобаны іске асыру — өңір үшін әлеуметтік-экономикалық дамуға серпін береді. Жаңа 1200 жоғары білікті жұмыс орындарын құру көзделіп отыр. Кадрларды даярлау үшін компанияның халықаралық әріптестері әзірлеген оқыту жүйесі, тағылымдамалар мен біліктілікті арттыру бағдарламалары ұйымдастырылатын болады.
«Жаңа кешен Қазақстандағы ірі химиялық өндірістің жаңа буынынан айналады. Жаһандық нарықта елді минералды тыңайтқыштарды сенімді өндіруші және экспорттаушы ретінде рөлін нығайтады» «Zhanatas Chemical Complex» бас директоры Ержан Муканов
Қазіргі таңда кешен жобасы әзірленуде. Шикізаттың негізгі көзі ретінде «Қыстас» кен орнын жіті барлау ісі аяқталды. Газ тартып, электрмен жабдықтауға техникалық шарттар толық алынды. Зауытты сумен жабдықтау үшін «Ақжар» жерасты сулары кен орнын барлау және дала жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұрғылау ісі мен сынамалы су сору жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар халықаралық EPC-мердігерлерімен келіссөздер жүргізілуде. Құрылыс-монтаждау ісін бастау 2026 жылдың соңында жоспарланған.
Жобаға салынатын жалпы инвестиция көлемі 300 миллиард теңгеден асады. Қаржыландыру тетігі ретінде «Қазақстан Даму Банкі» мен өзге де көздерден қаражат тарту мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
Жаңатас қаласындағы кешен — шикізатты қайта өңдеудің толық циклін қамтамасыз ететін әрі интеграцияланған өндірістік тізбек қағидаты бойынша салынады. Оның қызметі заманауи ауа тазарту жүйесі мен ең озық технологияларды пайдалану нәтижесінде халықаралық экологиялық стандарттарға толық сәйкестендіріледі.