Ақтауда өткен IT-форум өңірдің цифрлық трансформациядағы жоғары әлеуетін растады

1078
Фотосурет: Gov

13 желтоқсан күні Ақтау қаласында «Digital Mangystau IT Forum 2025» форумы өтті. Іс-шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай қатысып, форумның салтанатты ашылу рәсімінде құттықтау сөз сөйледі, деп хабарлайды DKNews.kz.

Іс-шара аясында облыс әкімі өңірлік IT-жобалар мен стартаптар көрмесін, сондай-ақ «Robo League» робототехника жобасын аралап, қатысушылардың бастамаларымен танысты.

Өз сөзінде Нұрдәулет Қилыбай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың цифрландыру мен жасанды интеллектті дамыту жөніндегі стратегиялық тапсырмаларына тоқталып, Маңғыстау өңірінде IT саласының қарқынды дамып келе жатқанын айтты.

Бүгін Маңғыстауда алғаш рет осындай ауқымды IT форум өтіп отыр. Бұл – өңірде қажетті инфрақұрылым қалыптасып, цифрлық саланың дамып келе жатқанының нақты дәлелі. IT – экономика мен қоғамның барлық саласын қамтитын, болашағы зор бағыт. «Digital Mangystau» алдағы уақытта да сала мамандарын біріктіретін жақсы дәстүрге айналады деп сенемін, – деді облыс әкімі.

Форумда цифрлық трансформация мен киберқауіпсіздік тақырыптарында панельдік сессиялар өтіп, оған мемлекеттік органдар, IT-компаниялар және білім беру ұйымдарының өкілдері қатысты. Сондай-ақ өңірлік стартаптарды қолдауға арналған «Startup Battle» байқауы ұйымдастырылып, 11 команда жобаларын ұсынды. Бұдан бөлек жас инженерлер арасында «Robo League» робототехника турнирі өтті. Байқаулардың жалпы жүлде қоры 3,5 млн теңгені құрады.

Форум қорытындысында байқау жеңімпаздары анықталып, салтанатты түрде марапатталды. «Startup Battle» және «Robo League» сайыстарының үздіктеріне ақшалай жүлделер табысталып, қатысушылардың инновациялық жобалары мен инженерлік бастамалары жоғары бағаланды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -