Шымкентте әуе шабуылына қарсы қорғаныс бригадасының жас сарбаздары ант қабылдады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Шымкент гарнизонына қарасты 10216 әскери бөлімінің саптық алаңында салтанатты жағдайда күзгі шақырылымның 39 новобранцы Әскери ант қабылдады. Алдағы уақытта олар еліміздің әуе шептерін қорғау міндетін атқарады. Іс-шараға командирлер, қызметтес жолдастар, сондай-ақ әскери қызметшілердің туған-туыстары қатысты.

Жауапты әрі толқынысқа толы рәсім әскери дәстүрлерге сай — сапта, қару ұстап, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен әскери бөлімнің Жауынгерлік Туы алдында өтті. Жас сарбаздар Отанға адал қызмет етуге және әскери борышын абыроймен өтеуге салтанатты түрде ант берді.
Әскери анттың Отан қорғаушысы өміріндегі маңызы туралы 10216 әскери бөлімінің командирі, подполковник Дәулетбек Қоғабаев жас сарбаздарға арнаған құттықтау сөзінде атап өтті.
"Әскери ант қабылдау — Қарулы Күштер қатарына қосылған әрбір әскери қызметші үшін маңызды әрі жауапты сәт. Отан сіздерге еліміздің оңтүстік әуе шептерін қорғау міндетін сеніп тапсырып отыр. Берген анттарыңызға адал болып, қызметтік міндеттеріңізді абыроймен атқарып, Отан қорғаушысы атағына лайық болуларыңызға тілектеспін" Подполковник Дәулетбек Қоғабаев
Осыдан кейін жас толықтыруды ант қабылдауға кірістіру туралы бұйрық жарияланды. Сарбаздар армиялық өмірдің алғашқы негіздерін меңгеріп үлгергендіктен, рәсім нақты, ұйымшыл және әскери тәртіпке сай өтті.

Салтанатты шараға қатысқан сарбаздардың бірінің анасы Ұлбике Жанарова өз әсерімен бөлісті.
"Бүгін ұлым Әскери ант қабылдады. Мен оның ер жетіп, азаматтық борышын өтеуге қадам басқанына қатты қуаныштымын. Бізге сарбаздар тұратын казарма, асхана және оқу сыныптары көрсетілді. Балаларымызға жасалған жағдай көңілден шықты. Ұлым қызметін абыроймен атқарып, аман-есен оралады деп үміттенемін" Ұлбике Жанарова

Ал жас сарбаз Иманғали Нұрғалиұлы ант қабылдауға дайындық барысында әскери қызметтің алғашқы дағдыларын меңгеріп, жаңа достар тапқанын атап өтті.
"Әскери антқа шамамен бір ай дайындалдық. Командирлер бізбен көп жұмыс істеді, үйретіп, түсіндірді. Бүгін, әрине, толқу болды, бірақ біз оны еңсере алдық. Бұл — жолдың басы ғана. Алда әскери мамандықты меңгеріп, Отанға қызмет ету тұр" Иманғали Нұрғалиұлы
Салтанатты рәсім соңында офицерлер, сержанттар мен сарбаздар Ту ұстаған топтың бастауымен салтанатты шерумен өтті.
