ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 6636 әскери бөлімінде Отан алдындағы қасиетті борышын абыроймен атқарып, запасқа шығуға әзір тұрған 120-дан астам сарбаздарды ұлықтауға арналған салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Салтанатты жиында әскери бөлім командирі полковник Ерлан Буранбаев сарбаздарға ақ жол тілеп, жүрекжарды лебізін білдірді. Сонымен қатар Ерлан Кәрімжанұлы өз сөзінде сарбаздардың әскери қызмет барысында қалыптасқан тәртібі, жауапкершілігі мен төзімділігі олардың алдағы азаматтық өмірінде де үлкен пайдасын тигізетінін атап өтті.

Сіздер бір жыл ішінде нағыз ер-азамат болып қалыптастыңыздар. Әскери қызмет - тек тәртіп пен шыдамдылықтың мектебі емес, бұл Отанға деген сүйіспеншілікті терең түсінудің жолы. Әрқайсыңыз елдің тыныштығын күзеткендеріңіз үшін мақтанышқа лайықсыздар. Алдағы өмір жолдарыңыз ашық, қадамдарыңыз нық болсын, -деді ол.

Қызмет барысында ерекше көзге түскен үздік әскери қызметшілер марапатталып, барша сарбаздарға адал қызметі мен жоғары тәртібі үшін бөлім командирінің атынан Алғыс хат табысталды.
