Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшелері Дархан Қыдырәлі, Ғалиасқар Сарыбаев және Алишер Сатвалдиев Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің жаңа ғимаратына арнайы келді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Сапар барысында олар мекеменің қызметі мен даму бағыттарымен танысты.

Қонақтарды Президент Архивінің директоры Әлия Мұстафина қарсы алып, архивтің қор сақтау жүйесі мен ғылыми-зерттеу жұмыстары жөнінде кеңінен мәлімет берді. Сондай-ақ депутаттарға Президент Архивінде жүргізіліп жатқан цифрландыру жұмыстары, оқу залындағы зерттеушілердің жұмысы және ескірген құжаттарды қалпына келтіру процесін бақылады.
Депутаттар Президент Архивінің ұжымымен кездесіп, салаға қатысты еркін форматта пікір алмасты. Жас архившілер өзекті мәселелер мен ұсыныстарын ортаға салды. Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі еліміздегі архив саласында жүргізіліп жатқан жүйелі өзгерістерге тоқталды.

«Жалпы, өңірлік, аудандық және республикалық архивтердің техникалық қамтамасыз етілуі, архившілердің жалақысы, апаттық жағдайлар кезінде құжаттарды сақтап қалу секілді түйінді мәселелер бар екенін жақсы білеміз. Бұл мәселелер Парламент деңгейінде көтерілді. Қазіргі таңда олар Мемлекет басшысының назарында, нақты тапсырмалар берілді. Сонымен қатар жаңа архив ғимараттарын салу үшін қаржы бөлініп жатыр », – деді ол.

Сонымен қатар депутаттар халқымыздың тарихи мұрасын сақтауда архившілердің еңбегін жоғары бағалап, алғысын жеткізді. Өз кезегінде Дархан Қыдырәлі республикада Президент Архивінің орны ерекше, мәртебесі бөлек екенін атап өтті.
Сенаторлар Архивтің Тәуелсіздікке арналған көрме залын аралап, мемлекеттің қалыптасу кезеңдерін бейнелейтін, саяси және тарихи маңызы бар құжаттарды көрді. Жәдігерлер Қазақстанның егемен ел ретінде дамуындағы негізгі белестерді таныстырады.

Кездесу соңында Сенат мүшелері архив саласын цифрландыруды заңнамалық деңгейде қолдауға дайын екендіктерін білдірді.