Бақылау-өлшеу құралдары жоқ мұнай базаларына отын жеткізу шектеледі

1298
Фотосурет: Gov

ҚР Энергетика министрлігі нарық қатысушыларына мұнай өнімдерінің айналымы саласындағы заңнама талаптарын қатаң сақтау қажеттігін еске салады, деп хабарлайды DKNews.kz.

Нарықтың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында ведомство 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап бақылау-өлшеу құралдарымен жабдықталмаған мұнай базаларына жанармайды жөнелтуге шектеулер енгізу мәселесін қарастырып отыр.

Бұл талап жаңа норма емес. «Мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіру және олардың айналымын мемлекеттік реттеу туралы» Заңға сәйкес өндірістік объектілерді, мұнай базаларын және жанармай құю станцияларын есепке алу құралдарымен міндетті түрде жабдықтау талабы 2024 жылдан бастап көзделген. Қоймалық базаларды цифрландыру – энергетикалық қауіпсіздіктің негізгі тетігі болып табылады, ол ел бойынша жанармайдың нақты қорларын бақылауға, жасанды тапшылық тәуекелдерін және жанар-жағармайды «сұр» жолмен шетелге шығарылуын болдырмауға мүмкіндік береді.

Мемлекеттік OilTrack есепке алу жүйесінің (Qoldau.kz порталы) деректеріне сәйкес, бүгінгі таңда елімізде 279 мұнай базасы тіркелген. Олардың 125 нысаны толықтай цифрлық жұмыс форматына көшіп, деректерді нақты уақыт режимінде беріп отыр. Қалған нысандардың иелеріне заң талаптарына сәйкестік пен үздіксіз жеткізуді қамтамасыз ету үшін жаңғырту жұмыстарын жеделдету қажет.

Сонымен қатар, көтерме нарықты «көлеңкеден» шығару жөніндегі шаралар соңғы тұтынушыларға әсер етпейді. Қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген адал мұнай базаларының қолданыстағы қуаттары ішкі нарықты толық қамтамасыз етуге жеткілікті. Елде жанармай қоры қажетті көлемде қалыптастырылған, жанармай құю станцияларына жеткізу жағдайы тұрақты бақылауда, тапшылық қаупі жоқ.

ҚР Энергетика министрлігі бизнес субъектілерін жаңа жылда құқықтық алаңда тұрақты әрі ашық жұмыс істеуді қамтамасыз ету үшін өз нысандарын техникалық жарақтандыруды уақтылы аяқтауға шақырады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -