Банкеттердің орнына эстафеталар: Шығыс Қазақстанда дәстүрлер қалай өзгеріп жатыр

1331
Фотосурет: Gov

Бүгін облыс орталығында «ALTAI SPORT FEST-2025» ойындары өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Оған қала, аудан әкімдіктерінің, департаменттер мен басқармалардың қызметкерлері қатысты.

Былтыр алғаш қолға алынған бұл сайыста өңірдің мемлекеттік қызметшілері өз отбасыларымен бірге түрлі ойындарда бақ сынасты. Осылайша, олар жаңажылдық корпоративті дастархан басында емес, спорт алаңында өткізді.

Додаға ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов келіп, өз тілегін білдірді.

«Санаулы күндерден соң 2025 жыл аяқталып, жаңа жылды қарсы аламыз. Биылғы жыл маңызды істер мен жетістіктерге толы болды. Осындай спорттық шаралар адамдардың басын қосып, бірлікке үйретеді әрі командалық рухты сезінуге мүмкіндік береді. Бүгінгі ойындар достық рәуіште және мерекелік атмосферада өтіп, жанкүйерлерге қуанышты сәттер сыйлады. Келе жатқан жаңа жыл әрқайсыңызға шығармашылық шабыт пен толағай табыс әкелсін!»,- деді аймақ басшысы.

Мемлекеттік қызметшілер «Қаппен жүгіру», «Жастықпен төбелес», «Жұбайын арқалап жүгіру», Командалық арқан тартыс» және «Қорытынды эстафета» деген бес сын бойынша жарысқа түсті.

«Бұл фестивальге өз басым екінші жыл қатарынан қатысып отырмын. Биыл 11 жастағы ұлыммен келдім. Өзім көпбалалы анамын. Сайыс өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Жаңа жылды осылай салауатты өмір салтын ұстанып, әріптестеріміздің ортасында көтеріңкі көңіл күймен қарсы алып жатқанымыздың тәрбиелік мәні де өте зор», - деді Зайсан ауданы Дайыр ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Әдемі Ешмұханбетова.

Тартысты өткен ойындар қорытындысы бойынша Өскемен қаласының әкімдігі жеңімпаз атанды. Ал Глубокое ауданы әкімдігі екінші орын алса, Зайсан ауданы әкімдігі үздік үштікті түйіндеді. Үздік деп танылғандарға бағалы сыйлықтар берілді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -