Astana Hub алаңында Pizza Pitch 2025 финалы өтті. Іс-шара аясында іріктеуден өткен 11 команда өздерінің IT-жобаларын инвесторларға, сарапшылар алқасына және кәсіби қауымдастық өкілдеріне таныстырды, деп хабарлайды DKNews.kz.
«Біз Pizza Pitch байқауын бірнеше жылдан бері өткізіп келеміз. Көптеген командалар үшін дәл осы алаң инвесторлармен және нарық сарапшыларымен алғашқы диалог бастауға мүмкіндік береді. Биыл стартаптар тарапынан қызығушылық өте жоғары болды – 132 өтінім келіп түсті, ал финалда мықты технологиялық жобалар ұсынылды. Astana Hub кәсіпкерлік экожүйені жүйелі түрде дамытып, стартаптарға білім беру, инкубация және акселерация бағдарламаларына, сондай-ақ халықаралық деңгейде масштабталуға жол ашады. Біздің міндетіміз – болашағы зор технологиялық шешімдердің өсіп, жаһандық нарыққа шығуына қолайлы жағдай жасау», – деді Astana Hub басқарушы директоры Валерия Тё.
Pizza Pitch 2025 жеңімпазы атанған CortexAI стартапы – биостатистика мен биоматематикаға негізделген, донорлық бүйректерді іріктеуге және трансплантаттың қабылданбай қалу қаупін болжауға арналған жасанды интеллект шешімі. Жоба клиникалық шешімдердің дәлдігін арттырып, трансплантология саласындағы медициналық көмектің сапасын жақсартуға бағытталған. Команда өкілдерінің айтуынша, Pizza Pitch-ке қатысу және жеңіске жету стартаптың дамуы жолындағы маңызды кезең болып, технологияға деген жоғары сұранысты растады және әрі қарай масштабталуға жаңа мүмкіндіктер ашты. CortexAI 700 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлыққа ие болды.
Финал қорытындысы бойынша екінші орынды AI-ассистенттер мен LLM-технологияларын қолдана отырып, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласына арналған бағдарламалық қамтамасыз ету мен «ақылды» каскалар шығаратын қазақстандық BEST Vision Technologies стартапы иеленді. Жоба 500 000 теңге жүлдеге лайық деп танылды. Үшінші орын Repetino платформасына бұйырды – бұл репетиторларды іздеуге және жеке онлайн сабақтарды таңдауға арналған сервис. Платформа TikTok форматындағы бейнежазбалар арқылы оқытушыны таңдау процесін жылдам әрі ыңғайлы етеді. Жоба 300 000 теңге көлемінде сыйақы алды.
Pizza Pitch 2025 финалына сондай-ақ AI-target 7s, OcuWave, qMedAI, YerAI Mentor, Project I Barsum, Flyhunt.ai, Zhancare және Argos стартаптары қатысты. Олар жасанды интеллект, медицина, білім беру, рекрутинг, энергетика және сервистерді цифрландыру салаларындағы шешімдерін ұсынып, өзекті салалық және әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған жобаларын қорғады. Барлық қатысушылар сарапшылардан кәсіби әрі мазмұнды кері байланыс алды.
Сарапшылар алқасының құрамына инвестициялық және кәсіпкерлік қауымдастық өкілдері кірді: Axiom Capital компаниясының бас директоры Болат Башеев, Astana Hub Ventures аға инвестициялық аналитигі Дінмұхаммед Қасен, Growth Vision Pro және Khan Tengri Innovation Hub негізін қалаушысы әрі бас директоры Ляззат Боранкулова, Astana Venture Club негізін қалаушысы Нурасыл Жарбасов, сондай-ақ Activat VC қорының associate-маманы Рысты Исагулова. Сарапшылар жобаларды бағалап қана қоймай, стартаптармен белсенді түрде пікір алмасып, тәжірибелік сұрақтар қойып, олардың әрі қарай дамуына бағыт-бағдар беретін жан-жақты кеңестер ұсынды.
Айта кету керек, іс-шараның барлық жеңімпаздары мен қатысушылары серіктестер тарапынан сыйлықтар мен қолдауға ие болды. Pizza Pitch 2025 байқауын өткізуге «Мобайл Девелоп» ЖШС, «Movavi KZ» ЖШС, «Codelabs» ЖШС, «Fintech Solutions KZ» ЖШС (Финтех Солюшнс КЗ), «Qazaqstan Identity & Security» ЖШС, «Sokol Soft» ЖШС, «Комита Цифрлық Технологиялар» ЖШС, «Iberica Group» ЖШС, «Arctera» ЖШС, «CyberOne» ЖШС, «PBSOFT» ЖШС және «Sector Tree» ЖШС демеушілік көрсетті.
Еске салсақ, Pizza Pitch – бұл стартаптар бағын сынап, көрермендер алдында сөз сөйлеп жаттығатын бейресми алаң. Әрбір қатысушыға таныстырылым үшін небәрі 3 минут беріледі. Сосын тоқтату дабылынан кейін сарапшылар әр стартапқа өз бағасын береді.