Үзеңгілес үштіктің мерекедегі жауынгерлік қызметі

968
Фотосурет: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі

Жаңа жыл мерекесі  балалар үшін ғана емес,  ересектер үшін де  есте қаларлық ерекше сәттердің бірі. Дегенмен, ересектер қауымның көл-көсір қуанышты атап өтуі кей кезде күтпеген келеңсіз оқиғаларға алып келеді. Шат-шадыман  мерекеге жайылған дастарханның төрінен табылатын аққайнар құтысынан ұрттағандардың масаң күйге түсіп, қоршаған  ортаға қауіп төндіруі әбден мүмкін. Ал, бұл уақытта  ауа райының  қолайсыздығына  қарамай, көше торуылдап, қала тыныштығын күзеткен  үзеңгілес жауынгерлік  жасақ  үшін  күнтізбедегі  әрбір  күн  бірдей. Дегенмен, мереке уақытында ұландықтар қырағылықтың жоғары деңгейіне көшеді.  Өйткені,  бұл шақта әдеттегі  күнге  қарағанда  қоғам шырқын бұзып,  тәртіп  бұзатындар  екі есе көп болады.  Осы орайда,  біз «Шығыс» өңірлік  қолбасшылығына  қарасты  5518  әскери  бөлімінің  қатардағы жауынгері   Қуаныш Қалиасқаровтан  сұхбат алдық.

- Армысың Қуаныш! Алдымен келе жатқан жаңа жыл мерекесі жағымды  жаңалықтарға  болсын! Сұрақты  турасынан  қоялық.  Жаңа жылда жауынгерлік жасақ мойынына жүктелер ауыртпалық қаншалықты болады?

-  Әрине, мереке қуаныш сыйлағынымен,  қалтарысына  үңілсек,  қоғамға  тигізер кері тұстары да бар. Оған, мен  өз  басымнан өткен жағдаятты баяндағым келеді. Мен колледж  бітірген соң жылжымалы мүлік сататын үлкен  сауда дүкенінде жұмыс жасадым. Біз жұмыста да, жұмыстан тыс уақытта та ұйымшыл болдық. Бұған басымызды жиі  қосатын   басшылықтың тигізген септігі зор.   Демалыс  уақытында  футболдан  турнир  ұйымдастырып, жаз уақытында  тауға шығып, серуен құратынбыз. Осылайша, жанымызға спортты серік еттік     әмбе  достығымыз  нығая түсті. Жаңа жыл  мерекесін де   ерекше  атап өтетінбіз. Осылайша, бірлігіміз жарасқан  ұжым  жаңа жыл мерекесінде бір үстел басында атап өтеміз деп шештік. Дегенмен,  қызметтегілермен  бірге  өткізген  мерекелік  кештің  соңы  біз  үшін қуанышты болмады. Қаладағы мейрамханалардың  бірінде ду-дүрмектің  ортасына күмп етіп билеп жүргеніміз есімізде. Тойханадан шыққасын саябақта қыдырып қайтайық деп бел шештік. Ол жақта біздің қыздарға бес-алты жігіттен құралған белгісіз топ,  қырындап артымыздан қалмады. Тіпті біздің қыздардың қарсылығына қарамастан, телефон нөмірлерін  сұраудан  еш жалықпады. Бұл өзіміздің жігіттердің  зығырданына  тиіп,  алғашында  бізден  аулақ  жүруін  сұрадық.  Олар сөзімізге тоқтамағасын,  жұдырыққа көштік.  Ашуға  булыққан  мен  тіліне  ие болмаған біреуін жерге жығып алып, төмпештей беріппін.  Қатты  эмоцияға берілгенім сонша,  есімді қыздардың айғайынан кейін ғана  жиып үлгердім. Жанымдағы  жігіттер де спортқа жақын, бұлшық етті еді. Оларда қалғандарының мұрнын бет қылдырып, ту-талақайын шығарыпты. Төбелестегі жеңістен кейін кез келген жігіт арқаланып кетеді ғой.  Біз де қыздардың алдында бір  абырой жинап алдық. Алайда,  тым шектен шығып кеткен жоқпыз ба деген сұрақ әрқайсымыздың ішімізде туындағаны жасырын емес. Расымен де, алдымыздан  шыққан тәртіп  сақшылары шат көңілімізді  су сепкендей  бұзып жіберді. Манағы жігіттер бізді кінәлі санап, полицияны артымыздан жіберген шығар деген  ой туды алғашында. Алайда тәртіп сақшылары  сұлбасы  бізге жолыққан  жігіттерге келіңкірейтін   күдіктілерді шұғыл түрде іздеп жүр екен. Біз бір кісідей сұқ саусағымызбен  саябақ жақты нұсқадық.

- Сонда олардың бір іске қатысы бар болғаны ғой?

-  Иә, артынша,  біз де естідік.  Оларда  тура  біздей мерекені мейрамханада атап өтіпті.  Сауық  құру  нысаны белгілі бір уақытта жабылғанымен, олардың ду-думаннан әлі де айызы қанбаған көрінеді. Мерекелік көңіл күйдің жалғасуын  қалаған  олар  көңіл көтеретін  басқа  бір жерге діттеген көрінеді. Жолай жолыққандардың мазасын алып, біреуге қоқан лоқы көрсетіп,  ұялы телефонын  тартып алса,  онымен қоймай көше бойында тұрған көліктің  есігін  бұзып ашып, бейнетіркеу құрылғысын жұлып әкетіпті. Көшеде кезіккендердің  дегбірін қашырған  бұзақылар  осылайша  бізге кездестен екен.

-  Иә, алайда бұзақылар сендерден опық жеп қалды ғой?

-   Иә,  біз де  бойдан  әл-қуат  тайғанша,  ешкімге  дес  бермейтін  ауылдан шыққан шымыр жігіттерміз.  Осы  бір  бұла күшті  оятатын  жігіттік намыс әскерге де алып келді мені. Қазіргі таңда  Ұлттық  ұлан  қатарында  жауынгерлік рухым  одан сайын арта түсті.  Шапшаңдық  және  физикалық дайындығым   арта түсті. Жалпы, жаңа жылдағы келеңсіз оқиғалардың барлығы ішімдіктің әсерінен. Жалпы, айтайын дегенім, осындай бұзақылардың  көшеде оңды-солды  тайраңдауына жол бермеу қажет.  Әрине,  бірі  қасақана  қылмысқа барса,  бірі абайсызда жаза басып жатады.          Міне, мен  Ұлттық ұлан   қатарында  жүру арқылы  қала тұрғындарының қауіпсіздігі үшін басымызды қатерге тігуге даярмын. Өз басымнан өткен оқиғадан сабақ алған  мен   жауынгерлік жасақ қатарында, әсіресе, жаңа жыл түнінде барынша сақ,  барынша шапшаң  қимылдадым. Өйткені, сол оқиғадағы есерсоқтар  биыл тағы да бас көтеріп,  жазықсыз біреудің жапа шегуі әбден мүмкін еді.Жалпы, сарбаз   болғалы  шыңдалдық.  Бауыржан Момышұлы атамыз  «тәрбиелі - тәртіптің құлы»  дейді. Тәртіпке бағыну арқылы уақытпен де санасатын болдық. Физикалық  қабілетім  де  арта түсті.  Жауынгерлік жасақ қатарында  Отан алдындағы парызын абыроймен өтеп жүрген  мерзімді әскери  қызметшілер арасында иық тіресіп, үздіктер қатарынан көрінуге тырысасың.  Жалпы,  бала  кезімнен көшбасшылық қасиетке иемін. Оқушы шағымда да  қатарластарымнан озат шығуға  үнемі талпынатынмын.   Жалпы,   әскер қатарына Павлодар облысынан  шақырылдым. Бүгін міне, тағы да қала көшелерін торуылдау үшін алдымен  жауынгерлік міндеттері  мен әскери жарғыларын, сонымен қатар  ҚР  әкімшілік құқық бұзушылық туралы  кодексін тағы бір қайталап, қоғаммен жұмыс жасаудағы  ескеретін  маңызды  тұстарына  баса мән  беруге тырысамын.

-  Жаңа жылда,  өзің  келтірген  тәртіп  бұзушылықтан  басқа өзге де қандай қауіпсіздік  шараларын сақтау қажет болды.

-  Биылғы жылы жаңа жылдық мереке аясында отшашулар  атудың тәртібі қатаңдады. Өңірдегі төтенше жағдайлар  департаменті халықты  отшашуды қолдану аясын тарылтып, белгілі бір қашықтықта қолдану қажеттілігін ескерткен болатын. Сондықтан  отшашу  ату  барысын да  қатаң назарға алдық.  Алайда,  биылғы жаңа жыл мерекесінде ешқандай қылмыс яки тәртіп бұзушылық болған жоқ.  Яғни,  жауынгерлік жасақ  болатын қылмыс  пен бұзақылықтың  жолын кесті деп айтуға толықтай негіз бар. Өйткені, біз көрген  қылмыскер немесе тәртіп бұзушы қылмыс жасайтын ойынан айниды.  Яғни,  Ұлттық ұлан  жауынгерлік жасағының төбе танытуының өзі  қоғамдық тәртіптің сақталуына зор үлес қоспақ.  Әскери жасақ мереке түні қаланың қараңғы және қауіпті саналатын аймақтарынан бөлек, сауық құру орталықтарының айналасын торуылдады.

-  Жалпы, бұқара қауым  жауынгерлерді қоғамдық тәртіпті күзететін  елдің  ішкі қорғаны ғана емес,  қамқоршы  деп те таниды ғой?

- Биылғы ауа райы жергілікті жұрттың таңданысын туғызуда.  Шығыстың  жылдағы  шыңылтыр аязы биылдыққа «қылышын сүйреп» келмеді. Тіпті, желтоқсанда  жаңбыр  жауып, шаһарда болмаған  табиғи жағдайлар  белең алды.  Әрине,  күннің  жылы болғаны қолайлы болғанымен,  мұның  кері   әсері де бар. Күндіз жауған  жаңбыр,  кешкұрым  көкқатқаққа  айналады.  Көк мұздың үстімен өтемін деп тайып,  омақасып құлап жатқандар жетерлік.  Жастарды қайдам, әсіресе, мосқал тартқан  жандардың бір құлағаны  бір азапқа тең. Олар үшін әсіресе, көлік зуылдаған жолдан өту тіпті қиямет қайым. Сондықтан жаяу жүргіншілерге арналған жолақта тәлтіреңдеп, баяу қимылдайтын  жасамыстарды  жолдың  арғы жағына өткізіп жібереміз. Ұландықтардың  қолғабыс  танытқанына  қамкөңіл  қарттар да  ырза болып,  ақ батасын беріп,  алғыстарын аямайды.

- Болашақта қандай салада  жұмыс істегің келеді?

- Мерзімді әскери қызметімді  өткерген соң,   мамандығыма  сәйкес  қызмет еткім келеді. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі  болғандықтан оқушыларды спортқа баулу - менің  алдағы мақсатым болып табылары хақ. Бұл салада қажырлы ізденістер қажет.  Дегенмен  азаматтық  борышымды  атқарғаннан кейін  елім үшін  жасаған жауынгерлік қызметімді  әрқашан  мақтан  тұтып жүремін.

- Әңгімеңе көп рахмет!

Бұл Қуаныштың ең соңғы жауынгерлік тапсырмасы емес. Сарбаз басынан кешкен жағдаяттардың өзгенің өмірінде қайталанбауын тілейді. Яғни, өзгенің өміріне селқостық танытпай, тұтас елдің  есендігіне  шын жүректен тілекші. Сайып келгенде, қоғамдағы бейберекет тәртіпсіздікті болдырмауда  барын салып, қалтқысыз қызмет етуге  дайын. Біз  қатардағы жауынгерді әлі де алда  маңызды міндет пен абыройлы істер  күтіп тұрғанына бек сенімдіміз.

Рүстем Мұхамет-Рақым, Өскемен қаласы

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -