Әскери қызмет- тек сапқа тұрып, қару ұстау ғана емес.
Бұл адамның мінезін қалыптастырып, бойындағы қабілетті ашатын үлкен өмір мектебі. Бүгінде Ұлттық ұлан қатарында өз ісіне жауапкершілікпен қарап, әскери редакция жұмысына шығармашылық үлес қосып жүрген сарбаздардың бірі -Тоқтамысов Наиль Бейбітұлы.
-Алдымен өзіңіз туралы кеңірек айтып өтсеңіз. Қай өңірдің тумасысыз, отбасыңыз бен алған тәрбиенің өміріңізге әсері қандай болды?
- Мен Тоқтамысов Наиль Бейбітұлы, 2002 жылдың 11 ақпанында Қарағанды қаласында дүниеге келдім. Қарағанды еңбек адамдарының қаласы, тәртіп пен төзімділікті талап ететін өңір деп есептеймін. Осындай ортада өсу мінез-құлқымның қалыптасуына тікелей әсер етті. Бұл қалада адам ерте есейіп, өмірге байыппен қарауды үйренеді. Мен де сол ортадан тәртіпке, жауапкершілікке бейім болып қалыптастым. Отбасымызда 3 бала: әпкем, мен және қарындасым. Үйдің жалғыз ұлы болғандықтан, маған артылған сенім мен жауапкершілік те ерекше болды. Бала күнімнен-ақ отбасы алдындағы міндетті сезініп, өз ісіме салмақты қарауға дағдыландым. Ата-анам бізді адал әрекетімен тәрбиеледі. Олар еңбекқорлыққа, уақытты бағалауды, қандай да іс бастасаң да оны соңына дейін жеткізуді басты қағида ретінде ұстанды. Сол тәрбие мен үшін өмірлік бағдарға айналды. Бұл қағидалар кейін өмірдің түрлі кезеңінде, соның ішінде әскери қызметте де маған үлкен тірек болды.
Білім жолында мен Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетін тәмәмдадым. Негізгі мамандығым-геофизик. Университет қабырғасында оқи жүріп, аналитикалық ойлау, дәлдік, жауапкершілік, секілді қасиеттерді қалыптастырдым. Бұл мамандық тікелей әскери қызметпен байланысты болмаса да, ондағы тәртіп, жүйелілік пен техникалық ойлау қабілеті бүгінгі қызметімде әсіресе ақпаратпен және технологиямен жұмыс барысында көп көмегін тигізіп жүр.
Әскерге келгенде мұндағы қатаң тәртіп, нақты талаптар мен күн тәртібі маған тосын болған жоқ. Керісінше, отбасымда бойыма сінген құндылықтар әскери ортада тез бейімделіп, өз ортамды табуыма көмектесті Сол бойымызға сіңген тәрбие мен үшін өмірлік бағдар болды. Бүгінде алған білімім мен өмірлік ұстанымдарым әскери қызметпен үйлесіп, маған сеніп тапсырылған міндеттерді адал әрі сапалы орындауыма негіз болып отыр.
—Алғашқы әскери күндеріңіз есіңізде ме, сол кезең сізге не үйретті?
- Әскерге келу әр азаматтың өміріндегі жауапты әрі маңызды кезеңдердің бірі деп ойлаймын. Мен бұл шешімді алдын ала ойланып, саналы түрде қабылдадым. Әскери қызметті тек міндет ретінде емес, Отан алдындағы азаматтық борышым деп қабылдадым. 2025 жылдың 4 маусымында 5512 әскери бөліміне шақырылып, оқу пунктіне келдім. Алғашқы күндер, әрине оңай болған жоқ. Жаңа орта, бейтаныс адамдар, қатаң тәртіп пен нақты талаптар мұның бәрі адамды бірден жинақталып, өз-өзіне жауапкершілікпен қарауға септігін тигізеді екен.
Уақыт өте келе әскери өмірдің өзіндік тәртібі мен заңдылығы бар екенін терең түсіне бастадым. Әсіресе оқу пунктіндегі дайындық кезеңі мен үшін үлкен мектеп болды. Таңғы ерте тұру, күн тәртібінің минутына дейін жоспарлануы, саптық дайындық, командирлердің талапшылдығы мұның барлығы сарбазды тәртіпке, төзімділікке және өзін-өзі бақылауға үйретеді. Әскерде әр күн бекер өтпейді, әр тапсырманың өз мақсаты бар екенін сол кезде ұқтым.
Оқу пунктінде лейтенант Қайрат Әнуар, 2-оқу взводының командирі бізге әскери қызметтің тек сыртқы тәртібін ғана емес, оның ішкі мәнін де түсіндірді. Тәртіп пен жауапкершілік әскери қызметтің негізі екенін нақты іс арқылы көрсетті. Бұл кезеңде мен тек әскери дағдыларды меңгеріп қана қоймай ұжыммен жұмыс істеуді, жолдастарыңа сенуді, қиын сәтте бір-бірімізге тірек болудың маңызын түсіндім.
Оқу пунктінде алған білім мен тәжірибе мені әскери өмірге толық бейімдеп, бүгінгі қызметімнің берік іргетасына айналды. Осы кезең менің мінезімді шыңдап, әскери қызметке деген көзқарасымды қалыптастырды.
—Әскери бөлімде қызмет ете жүріп, «Қалқан» редакциясына қалай келдіңіз? Бұл бағытқа ауысу қалай жүзеге асты?
– Әскери қызмет барысында әр сарбаздың бойындағы қабілет ескеріліп, соған сай міндет жүктеледі деп ойлаймын. Менің де бұрыннан фото мен видеоға, шығармашылық жұмысқа қызығушылығым болған. Әскерге келгеннен кейін осы қабілетім назарға алынып, біртіндеп ақпараттық бағыттағы жұмыстарға араласа бастадым. Уақыт өте келе менің видео-ролик түсіру, монтаж жасау, әлеуметтік желілермен жұмыс істеу тәжірибем қажетке жарап, «Қалқан» редакциясына қызметке шақырылдым. Бұл мен үшін үлкен сенім әрі жауапкершілік болды. Себебі, редакция әскери құрылымның ақпараттық бет-бейнесін қалыптастыратын маңызды алаң.
Редакция қабырғасында қызмет ету арқылы әскери өмірді басқа қырынан таныдым. Мұнда әр материал, әр фото немесе видео тек жұмыс емес, үлкен жауапкершілікпен орындалады. Біз әскери қызметтің шынайы келбетін, сарбаздардың күнделікті өмірін қоғамға қызықты етіп көрсетеміз.
«Қалқан» редакциясындағы қызмет маған өз қабілетімді дамытуға, жаңа технологияларды меңгеруге және әскери ортаға шығармашылық көзқараспен қарауға мүмкіндік беріп отыр. Бүгінде бұл жұмыс мен үшін жай ғана міндет емес, әскери қызметтің маңызды бір бөлігіне айналды.
—Әскери қызмет пен шығармашылықты қатар алып жүру қиын емес пе?
– Алғашында бұл екі бағытты қатар алып жүру оңай болмайтынындай көрінді. Себебі әскери қызмет қатаң тәртіпке, нақты талаптарға негізделсе шығармашылық еркін ойлауды, ізденісті қажет етеді. Алайда уақыт өте келе осы екі бағыттың бір-біріне қайшы емес, керісінше бірін-бірі толықтыратынын түсіндім. Әскери қызмет маған жауапкершілік пен тәртіпті үйретті, ал шығармашылық сол тәртіптің аясында ойды жүйелеп, нақты нәтиже жеткізуге мүмкіндік береді. Әскери ортада жасалатын әрбір фото, видео немесе материал жай ғана жұмыс емес үлкен жауапкершілікті талап етеді. Мұнда әр деталь маңызды, әр кадрдың өз мәні бар. Сондықтан шығармашылық жұмыс та әскери тәртіпке сай, нақты жоспармен, белгіленген талаптарға сәйкес орындалады. Бұл мені ұқыптылыққа өз ісіме сыни көзқараспен қарауға үйретті. Бүгінде шығармашылық мен үшін әскерден бөлек дүние емес. Керісінше, ол әскери қызметтің ажырамас бір бөлігіне айналды. Осы арқылы мен әскери өмірді, сарбаздардың күнделікті еңбегін, тәртіп пен бірліктің мәнін көпшілікке жеткізуге үлес қосып жүрмін. Бұл мен үшін қызмет пен қабілеттің тоғысқан тұсы.
– Қатарластарыңызға әскери қызметтің маңызын қалай түсіндіресіз?
– Әскерде адамды ең алдымен тәртіп шыңдайды деп ойлаймын. Өз уақытыңды ғана емес, өзіңе сеніп тапсырылған міндетті де жауапкершілікпен орындау – үлкен сынақ. Сонымен қатар ұжыммен жұмыс істеу де маңызды тәжірибе болды. Әр сарбаздың мінезі әртүрлі, бірақ ортақ мақсат бәрімізді біріктіреді. Қиын сәттерде бір-бірімізге сүйеніп, қолдау көрсету әскери өмірдің ажырамас бөлігі. Бұл маған төзімділік пен сабыр сыйлады.
Әскерден қорықпау керек деп айтар едім. Бұл адамды шыңдайтын, өз мүмкіндігіңді тануға көмектесетін үлкен мектеп. Әр сарбаз өз бойындағы қабілетті көрсете алады, тек соны дұрыс пайдалану керек. Тәртіпке қарсы тұрмай, керісінше оны өзіңе серік етсең, әскери қызмет көп нәрсе үйретеді. Ең бастысы – әскерді уақытша кезең емес, өмірлік тәжірибе ретінде қабылдау.
Наильдің әскери жолы – бүгінгі сарбаздың тек сапта ғана емес, ақпараттық кеңістікте де елге қызмет ете алатынын көрсетеді. «Қалқан» редакциясындағы еңбегі арқылы ол әскери өмірдің шынайы келбетін, тәртіп пен бірліктің мәнін көпшілікке заманауи форматта жеткізіп келеді. Осындай жауапкершілігі жоғары, өз ісіне адал сарбаздар Ұлттық ұланның беделін арттырып, әскери қызметтің мазмұнын жаңа қырынан танытуда. Ел қауіпсіздігі мен ақпараттық мәдениетті қатар алып жүрген жас сарбаздың жолы кейінгі буынға үлгі.
Жанерке МҰРАТҚЫЗЫ