Ұлттық өнердің ұланы: домбыра мен сахна

1078
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Бауыржан Мақаев - шығармашыл, өмірін өнерге арнаған жан. Домбыра оның тек аспабы ғана емес,  өмірлік серігі, бала кезден бойына сіңген рухани қазынасы.

Ол өз қабілетімен ұлттық өнерге жаңашылдық енгізіп келеді. Ол Ұлттық ұлан Ән-би ансамблінің сахнасында әрбір нотасы мен әуені арқылы қазақтың рухын жеткізетін  күйші. Жуырда күйшімен жүздесіп, сұхбат алудың сәті түскен еді. Музыкант өнеріндегі жаңалықтар туралы әңгімелеп, домбыра тақырыбында сыр шертті.

 - Бауыржан мырза, домбыраны алғаш қолыңызға қашан алдыңыз? Сол кезеңді өнермен танысу сәтіңіз деуге бола ма?

- Домбыра мен үшін жай ғана аспап емес, ол менің табиғи тынысым. Жаныма жақын бір үн. Домбыраға қызығушылығым мектеп кезден басталды деуге болады. Өзім Ақмола облысының Шортанды ауданында дүниеге келдім. Солтүстік өңір. Қанша дегенмен бұл сал-серілердің, күйші-бишілердің отаны ғой. Сол даралық, сол ерекше рух, бәлкім бала кезімнен бойыма сіңіп кеткен болар. Қарапайым мектепте білім алдым, сол жылдары өнерге деген алғашқы қызығушылығым оянып, әуесқой ретінде домбыра үйірмесіне қатысып жүрдім.

12 жасымда шығармашылығыма серпін беретін маңызды кезең басталып, еңбегімнің алғашқы нәтижелерін көре бастағандаймын. 1998 жылы ерекше есте қалатын оқиға болды. Қазақ ұлттық  өнер университетінің ашылу салтанаты Тұңғыш Президенттің қатысуымен өтті. Сол сәтте мен «Адай» күйін орындап, өз өнерімді алғаш рет кең аудитория алдында паш еттім. Сол тәжірибе мені сахнаға деген шабытпен толықтырып, домбыраға деген құштарлығымды одан әрі арттырды. Бұл мен үшін тек маңызды шара ғана емес, өнер жолындағы алғашқы үлкен сынақ еді. Сол әсерлі тәжірибе мені сахнаға деген сеніммен жігерлендіріп, домбыраға деген құштарлығымды бұрынғыдан да тереңдетті. Сол уақыттарда Астана да жаңа бір тынысын алып, жайнап, құлпырып келе жатқан еді. Елге мәртебелі қонақтар ағылып келіп жатты. Мен сол қонақтар алдында да өнер көрсету мүмкіндігіне ие болдым. Әр орындау — өзімді танытудың, ұлттық өнердің қадірін жеткізудің жаңа бір баспалдағы болды. Осылайша Қазақ ұлттық музыка академиясындағы шығармашылық жолым да ерекше бір сәттен басталды. Сол кезеңде академия проекторы Раиса Қожабекқызы менің өнерімді байқап, жоғары бағалап, оқуға түсуге арнайы шақырту жасады. Бұл мен үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашқан үлкен сенім болды.

Емтихан тапсыруға барған сәтім әлі күнге дейін жадымда. Комиссия мүшелері мені бұрыннан түрлі шараларда өнер көрсетіп жүргенімнен танып, жылы қабылдады. Олардың құшақ жая қарсы алғандары, берген қолдауы мені одан әрі қанаттандырып, өз жолымды дұрыс таңдағаныма толық көз жеткіздім. Концерттер, достарым, ұстаздарым — бәріде сол кезеңде менің ұлттық өнерге деген махаббатымды ұлғайтып, өнер жолына деген сенімімді күшейтті. Әр күн сайын домбыраның қоңыр үніне деген құштарлығым артып, шығармашылық әлеміне біржола еніп кеткенімді сезіндім. Сол ортаға сіңісе бастаған сайын, өнер тек әуестік емес, өмірімнің ең басты арқауына айналды.

Академия табалдырығын аттаған сәттен бастап менің өнер жолым жаңа серпін алды. Шығармашылық ортаға еніп, кәсіби музыканттардың әлемін жақыннан тани бастадым. Ұстаздардың бағыт-бағдары, әр сабақтағы жаңа тәжірибе мен үшін үлкен мектеп болды. Осы жолда маған бағыт-бағдар берген, рухани тұрғыдан демеп, өнерге деген жауапкершілікті үйреткен ұстазым — Марат Нүкеев. Оның әрбір сабағы мен үшін өз алдына бағалы тәжірибе болды.  Домбыраның қыр-сырын, шығармашылық ізденістің мәнін, сахнадағы мәдениет пен өнерпаздың адамдық болмысы қатар жүруі тиіс екенін ұғындырды. Ұстазымның шынайы қолдауы мен талапшылдығы мені шыңдады.

Біртіндеп академияның түрлі ансамбльдері мен концерттік бағдарламарына қатысып, сахнада жиі көріне бастадым. Алғашқы гастрольдік сапарларға да жол ашылды. Студенттік шағымда түрлі өңірлерге барып, халық алдында өнер көрсету менің шығармашылық өсуімнің маңызды бөлігіне айналды. Әр концерт, әр сапар менің тәжірибемді молайтып, сахналық мәдениетімді шыңдай түсті. Осылайша, өнердің кәсіби әлеміне аяқ басқан кезден бастап менің өмірім ұлттық музыкамен біте қайнаған жаңа арнаға түсті. Домбыра үні мені жаңа белестерге жетелеп, шығармашылыққа деген құштарлығым күннен-күнге арта түсті.

Академиядағы сол жылдар —менің өнер жолымның ең берік іргетасы. Бүгінде жеткен әр жетістігімнің артында ұстаздарымның еңбегі жатқанын жақсы түсінемін.

Қай шығармамды алып қарасам да онда сол бала күнгі дала тынысы, туған жердің исі, нағыз қазақы үн бар. Домбыра мен үшін жай өнер емес, ол менің мінезімді қалыптастырған, өмірімнің бағытын айқындаған шынайы ұстазым.

– Қазақ ұлттық өнер университетінде білім алып жүргеннен кейін Ұлттық ұлан Ән-би ансамбліне қалай және қашан қабылдандыңыз?

-2004 жылы Шабыт университетін тәмәмдағаннан кейін кәсіби жолымды әскерилер ортасындағы өнермен байланыстыруға бел будым. Бірақ шын мәнінде Ұлттық ұландағы шығармашылық жолым одан да ерте басталған болатын. 4-курс оқып жүрген кезімде Ішкі әскерге қызметке қабылдау жөнінде хабарландыруды көзім шалып қалып, қызығушылығым оянды. Өйткені мен үшін әскери тәртіп пен өнер жолының тоғысуы-ерекше тәжірибе болатын. Сол оймен тыңдау сынағына келдім.  Қабылдау комиссиясы менің домбыра тарту шеберлігімді көріп, өнеріме ықылас танытты. Осылайша студент кезімде ансамбль құрамына қабылдандым. Ал университеттті аяқтаған соң ресми түрде әскери қызметке орналасып, Ұлттық ұлан Ән-би ансамблінің толыққанды мүшесі атандым.

Ол кезең мен үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Әр жыл сайын Ұлтттық ұланның ақпараттық-насихаттық топтарының құрамында елдің әр өңіріне шығып, патриоттық шараларға, мәдени концерттерге қатыса бастадық. 2008 жылдан бастап үлкен сахналық жобалар мен жоспарлы кон­церттерге шығу жиілеп, шығармашылығым әскери ортада жаңа тыныс тапты. Осылайша Ұлттық ұлан менің өнерімді шыңдаған, өмірлік тәжірибемді байытқан үлкен мектепке айналды деуге толық негіз бар. Мұнда өнерге де, жауапкершілікке де, ел алдындағы абыройға да ерекше мән беріледі. Ұлттық ұланның шығармашылық ұжымы әрбір өнерпазға тәртіпті бойына сіңіріп сахна мәдениетін тереңдетіп, ұлттық рухты одан сайын күшейтетін орта. Сондықтан дәл осы ұжымға қабылдану менің өнер  жолымдағы ең маңызды қадамдардың бірі болды.

Бұл өнер ұжымы нағыз бір отбасындай. Мұнда әр музыкант пен әр өнерпаз бір-бірінен үйреніп, бірге өсе түседі. Әскери орта болғанымен, жүрегі өнерге жақын жандардың шынайы жылулығы ерекше сезіледі. Тәртіп пен шығармашылықтың қатар жүруі бұл ортаны өзгеше етеді. Ансамбльдегі әріптестерім өз саласының майталмандары. Бірі үрмелі аспаптардың қыр-сырын меңгерген тәжірибелі музыкант, бірі кәсіби вокалист, енді бірі скрипкада нәзік мелодия өрнектейтін өнерпаз. Осындай талантты адамдардың арасында жұмыс істеу мені әр күн сайын шыңдап, шабыттандырып отырады. Кейбір кездері бір-бірімізге жанға жақын кеңес беретін ұстаз, кейде қиын сәтте жігер беретін нағыз жолдас та боламыз.

Ансамбльмен бірге ел аралау шығармашылық өмірімнің ең жарқын беттері. Әр сапарда жаңа адамдармен танысып, елдің түкпір-түкпіріндегі ағайынның алғысын сезіну—біздің ең үлкен мотивациямыз.

Әскери қызмет пен сахнаның қатар жүруі де өмірге ерекше тәртіп орнатады: таңертең саптық дайындық, кешке концертке әзірлік. Кейде жарығы дұрыс қойылмаған сахнада немесе ауа райы құбылған ашық алаңда өнер көрсетуге тура келеді. Бірақ дәл сондай сәттер ең жылы, ұмытылмас естеліктерге айналады.

-Ансамбльдегі қызметіңіз жайлы әңгімеден кейін, сіздің жеке шығармашылығыңызға тоқталсақ. Бірнеше күйдің авторы ретінде өз туындыларыңыз жайлы және домбыра өнеріне енгізіп жүрген жаңашылдықтарыңыз жайлы әңгіме өрбітсек.

-Домбыра менің ойым мен сезімімді жеткізетін құрал. Әр сыңғыры, әр үні өз алдына әлем, оны терең сезінген адам ғана оның мәнін түсінеді. Домбыра арқылы мен ұлттық музыкамыздың қыр-сырын, халқымыздың рухын жеткіземін. Сол себепті жеке шығармашылыққа келгенде, әр туындының артында ерекше ой, жеке оқиға тұрады.

Мысалы, «Самғау» атты күйімді 2014 жылы жаздым. Ол кезде мен жаңа әуендер іздеп, өз ішкі әлемімді домбыра арқылы жеткізгім келді. Шабыт іздеудегі рухани сергектігім бұл күйде жасырылған. Ал «Толғау» күйі өзім үшін ерекше. Жазу процесі 2018 жылы басталды, бірақ финалдық нұсқасы 2024 жылы дайындалып, ресми түрде релизге шықты. Бұл күйдің тарихы  ерекше. Мен оны ауырып жүргенде, ішкі күйімді, толғанысымды шығару мақсатында шығардым. Сол себепті әр нотада терең эмоция бар деп есептеймін.

Тағы бір туындым «Ғасырлар үні», оны 2016 жылы бишілердің тапсырысы бойынша жаздым. Мұнда әуеннің әр қозғалысқа, әр қимылға сай келуі маңызды болды. Музыканы бимен үйлестіру шығармашылықтың қызықты бірақ күрделі жағы. Ал қазір жаңа жоба бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Ол Air Astana үшін  арнайы жазылып, тыңдаушыны әуеге, жаңа сапарға шақыруға арналған. Осындай жеке шығармаларым арқылы мен өзімнің музыкалық стилімді, ұлттық дәстүр мен заманауи элементтерді біріктіруді көрсеткім келеді. Күй мен үшін әрдайым өмірдің, сезімнің айнасы, әр күйде тыңдаушыға жаңа эмоция жеткізуге тырысамын.

Кейде аға буын: « Домбыра тек ән мен күйге арналған аспап» деп пікір білдіреді. Мен бұл дәстүрлі көзқараспен келіспеймін. Домбыра тек халық әні мен күйін орындауға арналған аспап қана емес, шығармашылықтың шексіз мүмкіндіктерін ашатын құрал деп есептеймін. Осы аспап арқылы жаңа әуендерді, күрделі композициялар мен эксперименталды туындыларды жасауға болады. Домбырашы ретінде мен тек дәстүрге сүйеніп қана қоймай, ұлттық музыканы дамытуды, оны заманауи тыңдаушыға қызықты етіп жеткізуді мақсат етемін. Осы жолда әр туынды домбыраның потенциалын көрсетуге арналған тәжірибе.

Мен жаңашылдыққа 3-4 жыл бұрын белсенді түрде кірістім. Сол кезде гитаралық процессорларды пайдаланып, домбыраның дыбысын компьютер арқылы өңдеуді бастадым. Осы әдіс арқылы мен аспаптың дәстүрлі үнін сақтай отырып, оған жаңа реңк, түрлі дыбыстық эффекттер қоса алдым. Эксперимент барысында кейде күтпеген әуендер шығып, шығармашылық ойымды жаңа бағытқа итермелейтінін байқадым. Бұл тәжірибе мен үшін тек техникалық емес, шығармашылық жағынан да үлкен сабақ болды. Домбыраның мүмкіндігі шексіз екенін, оны әртүрлі стильде қолдануға болатынын көрсетті. Жаңашылдыққа ұмтылу арқылы мен дәстүрлі күй мен жаңа заман дыбысын ұштастыруға тырысамын. Мақсатым тыңдаушыға тек туынды емес, эмоцианалды, көркемдік тұрғыдан жаңа әсер беретін шығармалар жасау. Домбыраның әрбір үні мен үшін зерттеу алаңы. Ал әр эскперимент ұлттық аспапты замануи сахнаға шығаратын үлкен қадам

-Жаңашылдық бағытында еңбек өтеп жүріп, «Құрмет» орденіне ие болдыңыз. Бұл марапат сіздің өнеріңізге,  шабытыңызға қалай әсер етті?

-Шыны керек, орден алу мен үшін күтпеген жайт болды. Дегенмен, оны алған сәттен бастап, өзімнің шығармашылық міндеттерім мен ансамбльдегі қызметімнің жауапкершілігі бірден арта түсті. Бұл тек жеке жетістік емес, менің ұлттық өнерге, халқымыздың мәдени мұрасына деген адалдығымның мойындалуы сияқты. Орден тек мақтау емес, ол сенім, әрі жауапкершілік. Сол үшін мен өз туындыларыма, сахнадағы әр концертіме, әр композицияға бұрынғыдан да терең көңіл бөлетін болдым. Бұл марапат мені шабыттандырды, шығармашылықта жаңа белестерге ұмтылуға итермеледі.Ұлттық музыка мен домбыра өнерін дамыту жолында жаңа жобалар жасауға талпындырды.

Менің жаңашылдыққа ұмтылуым домбыраның мүмкіндігін кеңейту, оны заманауи техникамен үйлестіру бәрі де қазақ өнерінің өрісін кеңейтемін деген ниеттен туған еді. Сол еңбектің еленгенін көру ойыңа, ізденісіңе деген сенімді күшейтеді. Бұл орден мені тоқтамай ізденуге, домбыраны жаңа қырынан тануға, өнер арқылы елге қызмет етуді жалғастыруға одан әрі жігерлендірді.

-Шығармашылық жол тоқтаусыз ізденіс қой. Алдағы уақытта көңіліңіздегі жүрген қандай дүниелерді жүзеге асырсам дейсіз? Ансамбльдегі орта бұл жоспарларға қалай әсер етіп жатыр?

-Алдағы жоспарларымның ең үлкені -  жеке концерт беру. Бұл бірнеше жылдан бері ойымда жүрген арман. Сол кеште өзімнің авторлық күйлерімді, кейінгі жылдары ізденіп жүрген жаңашыл бағыттағы домбыра мүмкіндіктерін тыңдарманға кеңінен көрсеткім келеді. Домбыра дәстүрлі аспап болғанымен оның үнінде әлі толық ашылмаған әлемдер көп. Мен сол әлемге тағы бір терезе ашқым келеді. Жаңа дыбыстар мен жаңа техникаларымды тыңдарманға ұсыну — болашақтағы басты мақсатым.

Әрине, осының бәріне жол ашып отырған - Ұлттық ұландағы қызметім. Мұндағы орта, әріптестерімнің қолдауы әсіресе басшылық тарапынан көрсетілетін сенім мен үшін үлкен күш. Өнерді қолдау-өнерпазды қолдау. Сол себепті, Ұлттық ұлан Ән-би ансамблі ұжымына алғысым шексіз. Жасап жатқан әр жобамның артында осы үлкен отбасымның демеуі бар. Алдағы уақытта да осы сенімге лайық болып, ұлттық өнерді жаңа қырынан көрсетуді жалғастыра беремін. Өнер жолындағы ізденіс тоқтамау керек, мен үшін бұл басталған сапар ғана.

-Әңгімеңізге рахмет!

 Жанерке МҰРАТҚЫЗЫ

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -