2026 – Жаңа жыл қарсаңында Ұлттық ұланның елордалық бригадасының әскери қызметшілері қоғамдық тәртіпті сақтау міндеттерін атқарып, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қолбасшылықтың назарын және қолдауын білдіру мақсатында Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының ТжӘҚЖ орынбасары генерал-майор Қайрат Үмбетов мереке күні жауынгерлік бекетте тұрған сарбаздарды жеке өзі құттықтады.

Сапар барысында құқықтық тәртіп әскерлерінің бас тәрбиешісі қоғамдық тәртіпті қорғау бойынша қызмет атқарып жүрген орындарға барып, қызмет өткеру жағдайымен танысты және жауынгерлік кезекшілікте тұрған жеке құрамға қолдау білдірді.

Мереке күндері өз міндеттерін атқарып жүрген кезекші бөлімге, жаңа шақырылымның оқу роталарына және роталардың ішкі қарауылдарына ерекше назар аударылды.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-майор Аңсаған Балтабековтің атынан ұландықтарға сөз сөйлеген генерал-майор Қайрат Үмбетов олардың қызметінің маңыздылығын атап өтіп, әскери борышқа адалдығы үшін алғыс білдірді.

Жаңа жыл елімізде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі өзгермейтін міндеттерді алға қояды. Біз болашаққа сеніммен қарап, жақсыға үміт артамыз. Мереке қарсаңында бүкіл жеке құрамға жанқиярлық қызметі мен әскери борышқа адалдығы үшін алғыс айтамын. Сіздерге және жақындарыңызға мықты денсаулық, тыныштық пен ашық аспан тілеймін, — деді Бас қолбасшының ТжӘҚЖ орынбасары.

Сапар жылы әрі іскерлік жағдайда өтіп, мереке күндері қызмет атқарып жүрген әскери қызметшілер үшін басшылықтың назарын, қолдауын және жоғары бағасын білдіретін маңызды белгіге айналды.