Қысқы кезеңде жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында еліміздің өңірлерінде республикалық үгіт-насихат және профилактикалық жұмыстар жалғасуда, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қазақстан ТЖМ құтқарушылары азаматтарға мұз үстінде қауіпсіз жүру қағидаларын, мұз астынан балық аулау талаптарын, сондай-ақ қысқы белсенді демалыс кезіндегі сақтық шараларын түсіндіруде.
Елордада ТЖД қызметкерлері халықтың жаппай демалатын орындарында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Тұрғындарға қысқы кезеңдегі қауіпсіз мінез-құлықтың негізгі қағидалары, сондай-ақ сырғанақта, конькимен және тюбингпен сырғанау кезінде сақтық шараларын еске салды. Қатпаған мұз үстімен жүруге және көлікпен шығуға тыйым салынатынына, сондай-ақ балаларды ата-аналардың тұрақты бақылауда ұстауының маңыздылығына ерекше назар аударылды.

Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаменті Копа көлінде профилактикалық рейд өткізді. Іс-шара барысында құтқарушылар жағалау бойында орналасқан қысқы аттракциондардың орналастырылған орындарын тексеріп, демалыс аймақтарының иелерімен квадроциклдер мен қарда жүретін техникалар арқылы мұзға шығуға жол берілмейтіні туралы түсіндіру әңгімелерін жүргізді. Су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін кәсіпкерлердің біріне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 412-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
Шығыс Қазақстан облысында құтқарушылар мұз астынан балық аулау орындарындағы бақылауды күшейтті. Балықшылармен қатпаған мұзға шығудың қауіптілігі және құтқару жилеттері мен өзін-өзі құтқару құралдарын пайдаланудың қажеттілігі туралы профилактикалық әңгімелер жүргізілді. Қысқы кезең басталғалы бері өңірде ҚР ӘҚБтК-нің 412-бабы бойынша 31 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Құтқарушылар кез келген көлік құралымен, соның ішінде квадроциклдер мен қарда жүретін техникалармен мұзға шығуға қатаң тыйым салынатынын еске салады; сырғанақтарда және тюбингпен сырғанау кезінде қауіпсіздікке ерекше назар аударылады, азаматтарға тек арнайы жабдықталған орындарды таңдауға, қауіпті еңістерден сырғанамауға, тюбингте дұрыс отыру ережесін сақтауға және балаларды қараусыз қалдырмауға кеңес беріледі.
Қазақстан ТЖМ қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға және өмірді қорғауға шақырады, ал төтенше жағдай туындаған жағдайда дереу 112 нөміріне хабарласу қажет.