Шымкентте ұландықтарда қысқы оқу кезеңі басталды

2541
Фотосурет: ҚР ІІМ Ұлттық ұланы «Оңтүстік» ӨңҚ баспасөз қызметі

Шымкент қаласында орналасқан Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 6506 әскери бөлімінде қысқы оқу кезеңінің басталуына арналған митинг өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Іс-шара әскери бөлімнің саптық алаңында өтіп, 2022 жылғы қаңтар оқиғасы кезінде ерлікпен қаза тапқан сарбаздар – Мадияр Қайсаров пен Айбат Амановты еске алуға арналған бір минуттық үнсіздікпен басталды.

Еске сала кетейік, қатардағы жауынгер Мадияр Қайсаров Қызылорда қаласындағы 5547 әскери бөлімінде, ал Айбат Аманов Талдықорған қаласындағы 5514 әскери бөлімінде қызмет еткен. Көрсеткен ерліктері үшін олар ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен және «Ұлттық ұлан қызметінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

Жеке құрам алдында бригада командирі полковник Марат Рахпанов жаңа оқу кезеңінің маңыздылығын атап өтіп, әскери қызметшілер алға қойылған міндеттерді абыроймен орындайтынына сенім білдірді.

«Жаңа қысқы оқу кезеңінің басталуымен біз жауынгерлік және қызметтік дайындықты жетілдіруге бағытталған маңызды әрі жауапты жұмысты жалғастырамыз. Бұл кезең әрқайсымыздан тәртіптілікті, бастамашылдықты және білімге ұмтылуды талап етеді. Осы кезеңді қаншалықты сапалы өткізуіміз – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қойылған міндеттерді орындауға дайындығымызға тікелей әсер етеді.

Сондай-ақ бүгін біз 2022 жылғы қаңтар оқиғасы кезінде әскери борышын өтеу барысында қаза тапқан қарулас бауырларымыз – қатардағы жауынгерлер Мадияр Қайсаров пен Айбат Амановты еске аламыз. Олардың есімдері мәңгілікке Отанға деген адалдық пен ерліктің символы ретінде жадымызда сақталады», – деп атап өтті бригада командирі полковник Марат Рахпанов.

Митинг аяқталғаннан кейін жеке құрам салтанатты шерумен өтті. Одан соң әскери қызметшілермен мемлекеттік-құқықтық дайындық пен өмір қауіпсіздігі негіздері бойынша сабақтар өткізілді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -