Үкімет отырысы барысында Премьер-министр Олжас Бектенов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» атты Turkistan газетіне берген бағдарламалық сұхбатының қорытындысы бойынша бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтарына, мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін арттыруға және ұлттық жобаларды жүзеге асыруға ерекше назар аударылды.
«Президент біздің алдымызға қазіргі экономикалық даму нәтижелерін сақтап қана қоймай, сонымен қатар ұзақмерзімді нәтижеге баса мән бере отырып, даму қарқынын арттыру міндетін қойды. Бұл – барлық саланы, оның ішінде энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, көлік инфрақұрылымы, инвестицияларды тарту, агроөнеркәсіп кешені мен туризмді дамытуға қатысты маңызды бағыттарды қамтиды», — деп атап өтті Олжас Бектенов
Фискалдық саясатты қайта құру бақылау жасауға емес, серіктестік орнатуға баса мән бере отырып, жүргізілуге тиіс екені атап өтілді. Сол арқылы орын алған теңсіздіктерді теңдестіру қажет. Энергетика және коммуналдық сектордағы жұмыс тәсілін уақтылы және сапалы жүзеге асыру қажеттігіне, әділетті тарифтерге, шын мұқтаж адамдарға ғана тікелей қолдау көрсетуге баса назар аударылды. Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірге Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны нақты жүзеге асыруға кірісу тапсырылды.
Жиында Мемлекет басшысының егін шаруашылығындағы оң нәтижелерді атап өткені айтылды, осыған орай мал шаруашылығы саласындағы жұмыстарды да жандандыру жүктелді. Олжас Бектенов Ауыл шаруашылығы министрлігінің алдына бір апта ішінде ет өндірісі мен экспортының көлемін арттыру жөніндегі нақты шаралармен бірге, мал шаруашылығын одан әрі дамыту бойынша ұсыныстар енгізу міндетін қойды. Сондай-ақ «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, осыған ұқсас ауыл шаруашылығын қолдау құралдарының аясын кеңейту тапсырылды.
Премьер-министр туризм саласындағы өңірлік бағдарламаларды ескере отырып, барлық тиісті мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің жұмысын үйлестіру қажеттігін атап өтті. Туризм және спорт министрлігі өңір әкімдіктерімен бірге бір ай мерзімде нақты іс-шаралар жоспарын ұсына отырып, 2029 жылға дейінгі туризмді дамыту тұжырымдамасын толықтырып, түзетуі қажет. Оған қосымша Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп, туризм саласындағы кадрлық мәселелерді шешу үшін қосымша шаралар қабылдау тапсырылды.
Өнеркәсіп министрлігіне квазимемлекеттік сектормен бірлесіп, белгіленген жоспарларды, оның ішінде шетелдік серіктестермен қол жеткізілген келісімдерді тез арада жүзеге асыру жұмыстарын бастау міндеті қойылды. Энергетика министрлігіне салалық Агенттікпен бірлесіп, атом энергетикасы саласындағы жобалар бойынша жұмыстарды бақылауда ұстау жүктелді.
Бүгінгі таңда Қазақстанда көлік-логистикалық тораптарды салу, теңіз порттарын, әуежайлар мен теміржол вокзалдарын жаңғырту бойынша міндеттер шешімін табуда. Көлік министрлігіне, әкімдіктерге және компанияларға бекітілген іс-шаралардың уақтылы жүзеге асырылуын қамтамасыз ету тапсырылды.
Әлеуметтік сала приоритетті бағыт болып қала береді. Премьер-министр Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, барлық әлеуметтік міндеттемелер толық көлемде орындалатынын атап өтті. Оқу-ағарту, Денсаулық сақтау және Қаржы министрліктеріне бір апта ішінде жекеменшік мектептер мен жекеменшік медициналық ұйымдарды субсидиялау саясатын қайта қарауға қатысты нақты ұсыныстар енгізу жүктелді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, жәрдемақылар мен төлемдерді тағайындау кезінде алаяқтық жағдайларды болдырмауға бағытталған кешенді шараларды қарастыруы қажет.
Одан бөлек, Ішкі істер министрлігі цифрлық технологияларды енгізе отырып, жолдар мен қоғамдық орындардағы құқық бұзушылықтарды анықтап, алдын алу жұмыстарын күшейтуі тиіс. Оқу-ағарту министрлігі жол қозғалысы ережелерін оқыту бағдарламаларына енгізуді жалғастыруы керек.
«Жалпы алғанда Президенттің бағдарламалық сұхбаты таяу болашақта біздің алдымызда тұрған мақсат-міндеттерді айқындап бергенін атап өткім келеді. Барлық орталық және жергілікті мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар оларды табысты жүзеге асыру үшін бар күш-жігерін салып жұмыс істеуі қажет. Сөзден іске кірісіңіздер. Кез келген мәселеге прагматикалық тұрғыдан қарап, бюджет қаражатын барынша үнемдеп, нақты нәтиже берулеріңіз қажет. Ал есеп беру, презентация жасау дегеннің бәрін доғарыңыздар. Нәтиже болмаса оның бәрі бос әңгіме. Жұмыс істей алмасаңыздар ашық айтыңыздар. Бұл мәселені шешеміз», — деп атап өтті Олжас Бектенов
Премьер-министр орынбасарларына Президент тапсырмаларының орындалу барысын өз бағыттары бойынша үйлестіруді тапсырды.