Францияның Pekin Express телешоуы Алматының көркем келбетін әлемге паш етті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Франция халқына кеңінен мәлім «Pekin Express» телешоуының «Мұзды жол» деп аталған жаңа қысқы маусымы Қазақстанда түсіріліп, Алматының табиғи сұлулығы мен тарихи-мәдени ерекшелігін айқын бейнелеп көрсетті. Бұл маусым тележоба тарихындағы айтулы оқиғаға айналды: бағдарлама тұңғыш рет бір ғана ел аумағында әрі қыс мезгілінде түсіріліп, Франция мен өзге де елдердің көрермендеріне шаһардың қайталанбас келбетін паш етті.

Түсіру тобы Алматының бірқатар маңызды нысанын аралады. Атап айтқанда, Вознесенский соборы, Орталық мемлекеттік музей, Республика Сарайы, М. Горький атындағы Орталық мәдениет және демалыс саябағы, Астана алаңы, Амангелді Иманов атындағы сквер, «Sputnik Mall» сауда және ойын-сауық орталығы мен Байкен мешіті көрініс тапты. Түсірілім жұмыстары былтыр көктемде жүргізіліп, қаланың тарихи, мәдени және табиғи кеңістіктерінің сан қырлы болмысын экран тілімен сөйлетті.

Команда құрамында шамамен 70 адам бар. Алматы қаласының Туризм басқармасы жан-жақты қолдау көрсетіп, түсірілімнің үйлесімді әрі мазмұнды өтуіне септігін тигізді.

«Pekin Express» – Франциядағы туристік талғам мен бағытты айқындайтын ең ықпалды медиажобалардың бірі. Бағдарламаның әрбір шығарылымын миллиондаған көрермен көрсе, жекелеген бөлімдер M6+ цифрлық платформасы арқылы кең аудиторияға жол тартады. Белгілі бір елде түсірілген маусым эфирге шыққан соң Франциядан ағылатын туристер саны дәстүрлі түрде кемінде 15 пайызға артады. Бұл Алматы мен Қазақстанды әлемдік туристік кеңістікте танытуға тың серпін береді.

Аталған маусым Алматының өзіндік ерекшелігін айшықтап, қаланың туристік бағыт ретіндегі тартымдылығын арттыра түсті.