Алтын мен күмістің қарқынды өсуі жаңа криптонарық толқынын бастауға себеп болуы мүмкін. Бұл туралы CoinEx компаниясының ТМД өңірі бойынша менеджері Мал Зейн пікір білдірді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Оның айтуынша, қазір бағалы металдар халық пен инвесторлар үшін сенімді қорғаныс құралына айналды. Соңғы бір жылда алтынның бағасы шамамен 69 пайызға, ал күміс 161 пайызға дейін көтерілген.
Бұл үрдіске геосаяси шиеленіс, қорлардың азаюы және өндірістік сұраныстың артуы әсер етіп отыр. Осы жағдай криптовалюта нарығындағы өсімді уақытша тежеген.
«Алтын мен күмістің рекордтық өсуі кезінде биткоиннің қозғалысын дауыл алдындағы тыныштықпен салыстыруға болады. Әдетте мұндай кезеңнен кейін криптонарықта күшті серпіліс болады», – деді Мал Зейн.
Биткоинды ұзақ уақыт сақтағандар сатуды тоқтатты, ал ETH жиналып жатыр
Сарапшының айтуынша, биткоинді ұзақ мерзімге ұстап жүрген инвесторлар шілдеден бері алғаш рет сатуды доғарған.
Ethereum желісінде де маңызды өзгерістер байқалады:
- стейкингтен шығу кезегі толық тазартылды;
- ірі қаржы ұйымдары эфириум жинауды жалғастырып жатыр;
- бір тәулікте 2,2 млн-ға жуық операция өңделіп, жаңа рекорд орнады;
- аударымға кететін шығын тарихи ең төмен деңгейге түсті.
Бұл құбылыстар нарықтың жаңа өсу кезеңіне дайындалып жатқанын көрсетеді.
«От тұтататын шырпы секілді әсер беруі мүмкін»
Мал Зейннің айтуынша, бағаның ең үлкен қозғалысы бағалы металдарға байланысты болуы ықтимал.
«Алтын мен күмістегі өсу тоқтаған сәт – от қойылған шырпы сияқты, бүкіл нарықты қозғауы мүмкін», – дейді ол.
Болжам бойынша:
- 2026 жылдың алғашқы тоқсанында биткоин 125–130 мың доллар шамасына,
- ал эфириум 4 300–4 800 доллар аралығына дейін өсуі мүмкін.
Алайда бағалы металдардың бағыты өзгермейінше, мұндай сценарийдің жүзеге асуы қиын.
Егер алтын мен күмістің бағасы 2025 жылдың басындағы деңгейге күрт төмендесе, өсім одан да күштірек болуы ықтимал:
BTC 200 мың доллардан, ал ETH 6 мың доллардан асып түсуі мүмкін.
Дегенмен қауіп-қатер сақталып тұр
Сарапшы криптонарық әлі де құбылмалы екенін, кез келген болжам әлемдік экономикадағы ахуалға және ірі инвесторлардың қадамдарына тікелей байланысты екенін атап өтті.