Қазақстанда шай – күнделікті тұтынатын өнім ғана емес, ұлттық мәдениеттің бір бөлігі. Таңғы ас, қонақ күту, дастарқан басындағы әңгіме – бәрі шаймен тығыз байланысты. Алайда дәл осы дәстүр бүгінде тұтынушыларды алдаудың құралына айналып отыр. Ұлттық палата сарапшылары ел нарығында тыйым салынған синтетикалық бояғыштары бар шайлардың еркін сатылғанын айтып, қазақстандықтарды сақ болуға шақырды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қою түс – алдаудың басты құралы
Қазақстандықтардың арасында «шай демделген сәттен қою қызыл немесе қоңыр түске боялса, ол міндетті түрде нағыз әрі дәмі қанық шай» деген түсінік бар. Әсіресе сүт қосып ішетіндер үшін шайдың түсі ерекше маңызды. Осы психологияны жосықсыз өндірушілер шебер пайдаланып келген.
Ерік Жалманбетов, Атамекен ҰКП Техникалық реттеу департаментінің басқарушы директоры, бұл – қауіпті қате түсінік екенін айтады.
«Көп тұтынушы судың лезде қою қызыл түске боялуын элиталық шайдың белгісі деп ойлайды. Алайда ЕАЭО техникалық регламенттері бойынша шай өндірісінде кез келген бояғышты қолдануға қатаң тыйым салынған. Мұндай “әсер” көбіне төмен сұрыпты шикізат пен шай шаңын жасыру үшін қосылған химияның нәтижесі», – дейді ол.
Мәселе қалай әшкереленді
Бұл жағдай кездейсоқ анықталған жоқ. Соңғы жылдары отандық өндірушілер Атамекен ҰКП-ға бірнеше мәрте шағымданған. Себебі адал жұмыс істейтін жергілікті бизнес арзан, бірақ бояғыш қосылған импорттық шайлармен бәсекеге түсе алмай қалған.
2022–2023 жылдары Ұлттық палата Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті-мен бірлесіп тексеру жүргізді. Нәтижесінде бірқатар көпшілікке таныс брендтерден тыйым салынған қоспалар табылды. Сол кезде санкцияға ілінген маркалардың қатарында:
- «Эмир» Premium Gold (Пәкістан түйіршіктелген шайы);
- «Апамның шайы» Premium Gold;
- Al-Hayat Gold (өндіруші – Empire KENIY E.P.Z. Limited, Алматы облысы).
Жеткізушілерге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 415-бабы бойынша әкімшілік істер қозғалды. Бірақ айыппұлдар мәселені түбегейлі шеше алмады.
«Ұзақ» декларациялар қалай жұмыс істейді
Негізгі сұрақ – қауіпті шайлар нарыққа қалай өтіп жатыр? ҰКП бұл мәселенің түп-төркінін сәйкестікті растау жүйесінен көреді.
«Зертханаға бір “таза” үлгі әкелінеді де, нарықта мүлде басқа өнім сатылады. Немесе сынақтың өзі үстірт жүргізіледі. Санитарлық дәрігер анықтаған бояғышты сарапшылар неге байқамайды?» – дейді ҰКП өкілдері.
Жағдайды күрделендіретін тағы бір фактор – бюрократия. Көп жағдайда тауар партиясына уақытша тыйым салынады, бірақ брендке берілген сәйкестік декларациясы күшінде қала береді. Ал мұндай құжаттар бес жылға дейін жарамды.
«Егер шайда химия бар екені дәлелденсе, декларация біржола жойылуы тиіс. Әйтпесе тыйым мерзімі өткен соң, сол фальсификат қайтадан нарыққа оралады», – деп атап өтті Ерік Жалманбетов.
Қандай шайларға тыйым салынды
Қазіргі таңда Алматы облысы мен Астана қаласында өндірілген немесе буып-түйілген бірқатар танымал гранулалы қара шайлар саудадан алынып жатыр. Олардың ішінде:
- «Апамның шәйі Premium gold», «Аль-Кайрат шәйі Premium gold» (Orda Trade Astana ЖШС, Қаскелең);
- Al-Hayat Gold (Empire KENIYE.P.Z. Limited);
- «БАЛҚИЯ Premium gold»;
- Pakistan tea, Sultan Suleyman;
- Al-Jannat Premium;
- Аје Onim;
- «Орда Кения»;
- Alfarah (өндірушісі көрсетілмеген).
2026 жылғы 5 қаңтардағы құжатқа сәйкес, бұл тыйым туралы ақпарат Еуразиялық экономикалық комиссия мен ЕАЭО елдерінің уәкілетті органдарына жіберілген. СЭБК қаулысымен аталған өнімдер дүкен сөрелерінен дереу алынуға тиіс.
«Химиясыз» шайды қалай тануға болады
Сарапшылар тұтынушыларға қарапайым, бірақ тиімді тәсілді ұсынады:
- сапалы қара шай 3–5 минут ішінде біртіндеп түс береді;
- егер құрғақ түйіршіктер суық суды да лезде бояса – бұл шайда қоспа бар деген сөз.
Ұлттық палата қазақстандықтарды қаптамадағы ақпаратты мұқият оқуға, өндірушіні тексеруге және тыйым салынған өнімдер тізімімен салыстыруға шақырады.
Маманның айтуынша, әдемі түс пен «қанық дәм» кейде денсаулыққа қауіпті таңдаудың белгісі болуы мүмкін.