Жасанды интеллект пен киберқауіпсіздік: Тоқаев Қазақстанның Цифрлық кодексіне қол қойды

1551
Фотосурет: Gov

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Цифрлық кодексіне, сондай-ақ оған ілеспе екі заңға қол қойды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Цифрлық кодекстің мақсаты – Қазақстанда цифрлық саланы құқықтық реттеудің бірыңғай, ашық және тиімді жүйесін қалыптастыру.

Құжат цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні, киберқауіпсіздікті дамытуға арналған құқықтық негіздерді белгілейді және алғаш рет кешенді деңгейде адамның цифрлық құқықтарын бекітеді.

Атап айтқанда, Кодексте мыналар көзделген:

– цифрлық заңнаманың мақсаттарын, міндеттері мен қағидаттарын айқындау.
– цифрлық ортадағы мемлекеттік реттеу, оның ішінде уәкілетті орган мен өзге де мемлекеттік органдардың құзыреттерін бекіту.
– цифрлық ортаның объектілері мен субъектілерінің қызметін реттеу, оның ішінде цифрлық деректер мен олардың өнімдерін, сондай-ақ цифрлық орта субъектілерінің құқықтары мен міндеттерін айқындау.
– электрондық цифрлық қолтаңбаны және цифрлық сәйкестендіруді пайдалану тәртібін реттеу.
– мемлекеттік органдар қызметін цифрландыру.

Алғаш рет цифрлық деректер өнімдерінің алмасуы мен айналымы платформасы енгізіледі, ол цифрлық деректерге қол жеткізу, пайдалану және алмасу үшін ашық шарттарды қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы «Цифрландыру, көлік және кәсіпкерлік мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.

Цифрландыру, көлік және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі ілеспе заң аясында 11 кодекс пен 121 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

Атап айтқанда, киберқауіпсіздік мәселелерін реттеу халықаралық стандарттарға сәйкестендірілген жеке киберқауіпсіздік туралы заң шеңберінде жүзеге асырылатын болады.

Сонымен қатар байланыс саласындағы құқықтық реттеуді жетілдіру көзделген. Байланыс операторларына ішкі антифрод-жүйелерді енгізу және рұқсат етілмеген трафикті бұғаттау міндеттері жүктеледі.

Бірқатар түзетулер авиациялық оқиғаларды тергеп-тексеру жөніндегі уәкілетті ұйымды құруға бағытталған. Бұл жаңашылдық авиациялық оқиғалар мен инциденттерді тергеп-тексерудің халықаралық стандарттарға сәйкестігін қамтамасыз етеді.

Сонымен бірге түзетулер «Baqylauda» ақпараттық сервисін енгізу арқылы мемлекеттік қолдау шараларын цифрлық мониторингтеуді көздейді.

Келесі түзетулер блогы бағалау және аудиторлық қызметті цифрландыруды қамтамасыз етіп, ұсынылатын ақпараттың ашықтығы мен объективтілігін арттыруға бағытталған.

Сондай-ақ Президент «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.

Жалпы ӘҚБтК-ке енгізілген өзгерістер мен толықтырулар Цифрлық кодекстің жаңа терминологиясына сәйкестендіруге бағытталған.

Бұдан бөлек, мынадай бөліктер бойынша түзетулер көзделген:

– еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне мәліметтерді енгізбеу, уақтылы енгізбеу немесе дұрыс емес мәліметтер енгізу үшін, оның ішінде жұмыс берушілердің жаңа әкімшілік жауапкершілігін енгізу.
– құқық бұзушылықтарды автоматты түрде тіркеуді қолдануды жетілдіру.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -