Ұлттық ұлан – ел тыныштығының сенімді тірегі

2618
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Бүгін Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының құрылғанына 34 жыл толуына орай 3514 әскери бөлімінде салтанатты іс-шара өтті.

Бұл айтулы күн – ел қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жолында аянбай қызмет етіп келе жатқан әскери қызметшілерге көрсетілген зор құрметтің белгісі.

Ұлттық ұлан – мемлекеттің тыныштығы мен тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды әскери құрылым. Қоғамдық тәртіпті сақтау, стратегиялық маңызы бар нысандарды күзету, төтенше жағдайлар кезінде азаматтардың қауіпсіздігін қорғау – ұландықтардың басты міндеттері. Осы жауапты міндеттерді орындауда 3514 әскери бөлімінің жеке құрамы жоғары кәсібилік пен темірдей тәртіптің үлгісін көрсетіп келеді.

Салтанатты іс-шара Мемлекеттік Тудың әкелінуімен және Қазақстан Республикасының Әнұранымен ашылды. Жиын барысында Ұлттық ұланның қалыптасу жолы мен бүгінгі жетістіктері айтылып, әскери қызметшілердің ел алдындағы жауапты миссиясы атап өтілді.

Мерекелік жиынның ең маңызды сәттерінің бірі – қызмет барысында ерекше көзге түскен әскери қызметшілерді марапаттау рәсімі болды. Маңызды мемлекеттік нысандардың күзетін қамтамасыз ету ісінде, жауынгерлік және қызметтік даярлықта жоғары нәтиже көрсеткен сарбаздар мен офицерлерге, сондай-ақ бөлімнің  әскери қызметшілерін тәрбиелеуге белсене қатысып,  өзара қарым-қатынас жасасып жүрген бөлімнің  зейнеткерлеріне грамоталар мен алғыс хаттар табысталды. Бұл марапаттар – адал қызмет пен табанды еңбектің лайықты бағасы.

3514 әскери бөлімінде қызмет ететін әрбір әскери қызметші ел алдындағы антқа берік, Отанға адал қызмет етуді басты парыз санайды. Бөлімнің жеке құрамы қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын сақтау жолында өз міндеттерін абыроймен атқарып келеді.

Іс-шара барысында патриоттық бағыттағы концерттік бағдарлама ұсынылып, өнерпаз сарбаздардың орындауындағы әндер мерекелік көңіл күй сыйлады. Бұл – әскери ұжымның бірлігі мен рухын нығайтқан тағылымды сәт болды.

Қорытындылай келе, Ұлттық ұлан – ел тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздіктің сенімді тірегі. 3514 әскери бөлімінің жеке құрамы алдағы уақытта да Қазақстан Республикасының қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету жолында өз міндеттерін абыроймен атқара беретініне сенім мол.

Ұлттық ұлан – ел сенімі. Ел сенімі – біздің басты жауапкершілігіміз.

3514 әскери бөлімінің командирі

полковник Сағынғали Батаев

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -