Қазақстанда жаңа Құрылыс кодексі қабылданды: бизнес неге алаңдады және қандай ымыраға келді

1617
Арман Қоржымбаев Бас редактор
Фотосурет: Brian Jesus⁠/Pexels

Қазақстан Президенті құрылыс саласын дамыту ережелерін жаңартуға бағытталған жаңа Құрылыс кодексіне қол қойды. Бұл құжат мемлекеттік органдардың, депутаттардың және бизнес-қоғамдастықтың қатысуымен жүргізілген ұзақ әрі күрделі талқылаулардың нәтижесі болды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Алайда Кодекс бірден қабылдана салған жоқ. Алғашқы нұсқасы құрылыс саласының өкілдері мен депутаттар тарапынан елеулі сынға ұшырап, кәсіпкерлер арасында алаңдаушылық туғызды.

Бизнес неге қарсы болды

Жобаның бастапқы кезеңінде құрылыс компаниялары мен салалық қауымдастықтар артық мемлекеттік бақылау, қадағалау функцияларының қайталануы, рәсімдердің күрделенуі және әкімшілік жүктеменің өсу қаупін атап өтті. Бұл, олардың пікірінше, құрылыс сапасын арттырудан гөрі, саланың дамуын тежейтін факторға айналуы мүмкін еді.

«Құрылыс кодексінің жобасын талқылау барысында бизнесте бірқатар нормалар процестерді жеңілдетудің орнына, керісінше, әкімшілік кедергілерді арттырады деген негізделген алаңдаушылық болды. Сала үшін бақылау тетіктерінің саны емес, олардың тиімділігі мен болжамдылығы маңызды», — дейді «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Назира Үсенова.

Ымыра табылды, бірақ сұрақтар сақталды

Құжатты пысықтау барысында мемлекет пен бизнес арасында бірқатар маңызды ымыралы шешімдерге қол жеткізілді. Бұл кәсіпкерлер үшін ең сезімтал мәселелер бойынша тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік берді.

Сонымен қатар сала сарапшылары жаңа Кодекстің кейбір нормалары құқық қолдану кезеңінде қосымша талдауды қажет ететінін атап өтеді. Яғни басты сынақ заң мәтінінде емес, оның практикада қалай іске асатынында болмақ.

«Атамекеннің» рөлі

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Құрылыс кодексінің жобасын әзірлеудің барлық кезеңінде — тұжырымдамадан бастап Парламент Мәжілісі мен Сенатындағы талқылауға дейін — белсенді түрде сүйемелдеді.

Ұлттық палата, салалық қауымдастықтар мен одақтар:

  • жұмыс топтарына қатысты
  • түзетулер ұсынды
  • сараптамалық қорытындылар дайындады
  • бизнестің ұстанымын қорғады

Нәтижесінде жүздеген норма мен ұсыныс қаралып, олардың бір бөлігі кәсіпкерлердің ескертулері негізінде қайта өңделді.

«Жаңа нормалар кәсіпкерлерге қосымша қысым жасау құралына айналмауы керек. Қолдану практикасы ашық болуы және бүкіл ел бойынша біркелкі жүзеге асырылуы маңызды», — дейді Қазақстан құрылыс салушылар қауымдастығының президенті Виктор Микрюков.

Кепілдік мерзімдері сақталды

Маңызды ымыралардың бірі — кепілдік мерзімдерінің сақталуы:

  • нысанға жалпы 5 жыл
  • тірек қаңқа, қасбет, шатыр секілді негізгі конструктивті элементтерге 10 жыл

Ал құрылыс материалдары мен жабдықтарға кепілдік мерзімі өндіруші зауыттар белгілейтін талаптармен айқындалады. Бұл бизнес үшін қосымша шығындардың алдын алады.

Жеке сараптама институты сақталды

Кодекс жобасы талқыланған кезде жеке (мемлекеттік емес) сараптама институтының тағдыры да қызу пікірталас тудырды. Кәсіби ортада мемлекеттік сараптаманың рөлі күшейіп кетуі мүмкін деген алаңдаушылық болған.

Алайда қабылданған нормалар жеке сараптама қызметіне елеулі қауіп төндірмейді. Қолданыстағы модель — бәсекелестік пен кәсіби жауапкершілікке негізделген жүйе — сақталып отыр.

«Біз тәуелсіз сараптаманың негізгі қағидаттарын қорғай алдық. Енді ең бастысы — бұл тәсілдердің заңға тәуелді актілерде және практикада нақты сақталуы», — дейді Сараптамалық ұйымдар палатасының басқарма төрағасы Бірлік Ережепов.

Кодекс тағы нені көздейді

Жаңа Құрылыс кодексі:

  • өзін-өзі реттеу институтын дамыту
  • инженерлік-техникалық қызметкерлерді сертификаттау жүйесін жетілдіру
  • саланы цифрландыру
  • сейсмикалық аймақтарды қоса алғанда, құрылысқа мемлекеттік бақылауды күшейту
  • жергілікті мәслихаттардың рөлін арттыру
  • қала құрылысы шешімдерінде қоғамның қатысуын кеңейту

сияқты бағыттарды қамтиды.

Алда — іске асыру кезеңі

«Атамекен» ҰКП бұл жұмыстың мұнымен аяқталмайтынын атап өтеді. Кодекстің қабылдануы — жаңа кезеңнің бастауы ғана. Алдағы уақытта Палата:

  • заңға тәуелді актілерді талқылауға қатысады
  • құқық қолдану практикасын бақылайды
  • қажет болған жағдайда бизнес мүддесін қорғау үшін өзгерістер ұсынады

Жаңа Құрылыс кодексі 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Оның нақты тиімділігі мемлекет пен бизнестің одан әрі диалогына тікелей байланысты болмақ.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -