Қарағандының оқытушылары Қазақстандағы үздіктердің қатарына енді

968
Фотосурет: Gov

Қарағанды облысынан жиырма оқытушы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы – 2025» республикалық байқауының жеңімпазы атанды. Байқауға еліміздің 89 жоғары оқу орнынан барлығы 502 үміткер қатысты, деп хабарлайды DKNews.kz.

Аталмыш конкурс 2005 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келеді және осы уақыт аралығында оқытушылар еңбегінің сапасын бағалаудың маңызды тетігіне айналды. Іріктеу барысында үміткерлердің кәсіби жетістіктері бағаланды: электронды білім беру ресурстары мен оқу-әдістемелік материалдарды әзірлеу және жариялау, отандық және халықаралық ғылыми журналдардағы мақалалар, патенттердің болуы, сондай-ақ ғылыми-педагогикалық қызметтің өзге де нәтижелері. Байқау комиссиясы оқыту сапасына және қатысушылардың жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беретін мамандарды даярлауға қосқан үлесіне ерекше назар аударды.

Байқау қорытындысы бойынша Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің 13 оқытушысы жеңімпаздар қатарына енді. Олардың тоғызында педагогикалық еңбек өтілі 15 жылдан асады.

– Бұл – менің жеке және ғылыми жетістіктеріме, сондай-ақ жоғары оқу орнындағы оқытушы ретіндегі жалпы еңбегіме берілген нақты баға. Қазіргі заманғы педагог үнемі ізденісте болып, іргелі және қолданбалы білімді ұштастыра білуі, жаңа технологиялар мен өзгерістерге ашық болуы тиіс. Теорияны жеткізумен қатар, ақпаратты талдауға, шешім қабылдауға және командамен жұмыс істеуге үйрету маңызды. Мұндай атақ кәсіби дамуды жалғастыруға ынталандырады, – деді «Пайдалы қазбалар кен орындарының геологиясы және барлау» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD, техника ғылымдарының кандидаты Әлия Маусымбаева.

Жеңімпаздар қатарында Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің үш оқытушысы да бар.

Олардың ішінде физикалық және аналитикалық химия кафедрасының профессоры, PhD докторы Ақмарал Сәрсенбекова бар. Ол жоғары білім беру жүйесінде 17 жылдан астам уақыт еңбек етіп, ғылыми және педагогикалық қызметті табысты ұштастырып келеді.

– Бұл атақ білім мен ғылым саласындағы кәсіби еңбегімнің мойындалуы, сондай-ақ білікті химик-мамандарды даярлаудың маңыздылығын дәлелдейді. Жеңіс – тек жеке нәтиже емес, кафедра мен университеттің ғылыми және білім беру әлеуетін дамытуға қосқан үлесіне берілген баға, – деп атап өтті Ақмарал Сәрсенбекова.

Сондай-ақ Қарағанды индустриялық университетінің тағы екі оқытушысы – металлургия және металтану кафедрасының меңгерушісі Алмас Ержанов пен химиялық технологиялар және экология кафедрасының оқытушысы Ғазиза Жұманазарова 2025 жылдың үздік оқытушылары атанды. Бұдан бөлек, Ғазиза Жұманазарова дарынды жас ғалымдарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендияны тағайындау конкурсының да жеңімпазы болды.

– Мемлекеттің дамуына өз үлесімді қосқым келеді. Себебі ғылым – барлық саладағы прогрестің негізгі факторларының бірі, – деді ол.

Ғылыми сыйлық пен «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы – 2025» атағына үміткерлер арасындағы жеңімпаздардың қатарында Қарағандыдан тағы бір өкіл – Қарағанды медицина университетінің Қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің қауымдастырылған профессоры Жанерке Болатова да бар.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -