Алдын алу, еріктілер және интернет: Астананың антинаркотикалық жоспары

1485
Фотосурет: Gov

Астанада 2026-2028 жылдарға арналған нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрестің кешенді жоспары әзірленіп, іске асырылып келеді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Құжат есірткі құралдарының таралуына байланысты қазіргі заманғы сын-қатерлер мен нақты қауіптерді ескере отырып дайындалған. Осы бағыттағы жұмыстар туралы Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қалалық Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бөлім басшысы, полиция подполковнигі Әлия Қибатқызы баяндады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

2026-2028 жылдарға арналған кешенді жоспар есірткі қылмысын анықтау және жолын кесумен қатар, алдын алу шараларын күшейтуге, нашақорлықтың ерте кезеңде алдын алуға, сондай-ақ қоғамда есірткіге деген тұрақты теріс көзқарас қалыптастыруға бағытталған жүйелі әрі ведомствоаралық тәсілді көздейді.

«Қазіргі уақытта 2026-2028 жылдарға арналған нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі кешенді іс-шаралар жоспары негізінде «Астана – есірткісіз қала» атты іс-шаралар жоспары әзірленді. Жоспардың негізгі бағыттарының қатарында құқық қорғау органдарының мемлекеттік және қоғамдық институттармен өзара іс-қимылын арттыру, білім беру ортасында профилактикалық жұмыстарды кеңейту, еріктілер мен қоғамдық пікір көшбасшыларын белсенді тарту, сондай-ақ ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының тиімділігін жетілдіру бар», – деді спикер.

Оның айтуынша, заманауи есірткі бизнесінің түрлеріне, оның ішінде цифрлық технологиялар мен интернет-платформаларды пайдалану арқылы жасалатын қылмыстарға қарсы іс-қимылға ерекше назар аударылады. Бұл бағытта талдау жұмыстары, интернет кеңістігін мониторингілеу және жедел әрекет ету шаралары күшейтіледі.

«Кешенді жоспарды іске асыру қабылданып жатқан шаралардың нәтижелілігін арттыруға, әсіресе жастардың есірткінің заңсыз айналымына тартылу деңгейін төмендетуге, сондай-ақ жалпы қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға мүмкіндік береді. Нашақорлықпен тиімді күрес тек мемлекет пен қоғам күштерін біріктірген жағдайда ғана мүмкін екенін атап өткім келеді. Осыған байланысты біз азаматтар, қоғамдық ұйымдар және бұқаралық ақпарат құралдары тарапынан белсенді қолдауға үміт артамыз», – деп қорытындылады Әлия Қибатқызы.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -